Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Әсет Болғанбаев Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Қуаныш ауылында өмірге келген. Әкеден айырылып, еңбекке ерте араласқан ол Қуанышта бастауыш білім алып, кейіннен аудан орталығындағы мектепте оқиды. Сұрапыл соғыс оның өмірінде өз таңбасын қалдырды. Сөйтіп, бұғанасы қатпаған шақта ауыр жұмысқа да тартылды. Кейіннен Қарқаралы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищені, одан соң қазіргі Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Университетте жүріп-ақ еңбекқорлығымен, зерделілігімен, білімге құштарлығымен ғалымдардың назарына ілігеді. Сол себепті 1952 жылдан Ғылым академиясына қарасты А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында әуелі аспирант ретінде қалдырылып, соңынан кіші, аға, жетекші, бас ғылыми қызметкер, кейіннен бөлім меңгерушісіне дейін жоғарылап, 47 жыл тапжылмай жемісті еңбек етті.
Алдыңғы толқын ағаларының ақыл-кеңесін тыңдап, олардың жанкешті еңбегін үлгі тұта жүріп, түркологияда түрен салынбаған күрделі тақырыпта ізденісін бастайды. Оның ғылыми ізденістері қазақ тілінің синонимдеріне арналады, яғни зерттеу жұмысының алғашқысы «Қазіргі қазақ тіліндегі зат есім синонимдер» деген тақырыпта профессор Ғ.Мұсабаевтың жетекшілігімен қорғалды. 1972 жылы «Қазақ тіліндегі синонимдер» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. «Қазіргі қазақ тіліндегі синонимдердің жиналғанынан жиналмағаны әлі көп», дейтін ғалым ана тіліміздегі мол материалды барынша қамтып, қазақ синонимдеріне тән ерекшеліктер мен заңдылықтарды ашып, олардың сөз варианттарымен байланысын зерттеп, оны теориялық-практикалық тұрғыдан салалық ғылым дәрежесіне көтерді. Бұл еңбегі қазақ, түркі тіл білімінде жоғары бағаланып, ғалымды түркологиядағы жетекші лексиколог-синонимист ретінде қалың жұртшылыққа танытты. Білікті ғалым қазақ тіл білімінің жан-жақты зерделеніп, кемелдену тұсында қолға алынып, қарастырылған күрделі ұжымдық еңбектер мен іргелі зерттеулерге қатысып, елеулі үлес қосты.
Оның «Қазақ тіліндегі синонимдер» монографиясы – қазақ лексикологиясына қосылған сүбелі еңбектің бірі. Ғалым «Қазақ тілі лексикологиясы» оқу құралын қайта өңдеп, толықтырып, жаңадан «Фразеология» атты бөлім қосып, 1988 жылы баспадан қайта шығарды. Содан бері бұл кітап жоғары оқу орындарының филология факультеттеріндегі оқу үдерісінде тұрақты оқулық ретінде пайдаланылып жүргенін ғалым еңбегіне берілген жоғары баға деп білу керек.
Ә.Болғанбаев – қазақ лексикографиясына еңбек сіңірген ғалым. Оның бар уақытын сарп етіп, қызыға зерттеп жүрген еңбегі толығып, жинақталып 1962, 1975, 1998, 2001 жылдары «Қазақ тілінің синонимдер сөздігі» деген атпен жарық көрді. Алғашқы нұсқасында 4000 сөз, соңғы нұсқада 9000 сөз қамтылып, синонимдік қатарға ортақ сипаттама берілді. Ана тіліміздің сөз байлығының көрсеткіші ретінде бұл еңбектер ұрпақтан-ұрпаққа жетер құнды да мол мұра деп бағалануы керек. Себебі жаһандану үдерісіне байланысты тіліміздің қолданыс аясының тарылуы, түрлі техникалық-технологиялық жағдайлармен байланысты лексикада кірме сөздердің молаюы, ұлтымызға тән шаруашылық түрлерінің біртіндеп ығысуы, урбанизация үрдісінің күшеюі сияқты объективті және ата-бабаларымыздың сөзге тоқтаған мәрттігі мен сөз құдіретін түйсінуінің жойылуға жақындығы, сөз мәдениетінің, тілдік тұлғаның тілдік-мәдени құзыретінің төмендеуі секілді субъективті себептерге байланысты қазіргі оқырмандарға түсініксіз болып қалмауға тиіс сөздер сол сөздіктерге енгізілген синонимдердің басым бөлігі екеніне сенім мол.
Жетекші лексиколог әрі лексикограф маман Ә.Болғанбаев 1968 жылы «Абай тілі сөздігін» жасауға автор әрі редакция алқасының мүшесі ретінде қатысты. Абай шығармалары тілінде қолданылған сөздердің жинақталуын ғылыми тұрғыда негіздеді. Сондай-ақ ол қазақ тілінің тұңғыш түсіндірме сөздіктерін алдымен 2 том етіп 1956-1961 жылдары, одан кейін 10 том етіп 1974-1986 жылдары, соңынан 1 томдық ретінде 1986-1998 жылдары шығаруға қатысқан белді де беделді авторлардың бірі болды. Бұл саладағы тынымсыз еңбегі айрықша бағаланып, 1988 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ә.Болғанбаев 12 томдық «Қазақ совет энциклопедиясы», қысқаша 5 томдық «Қазақ ССР энциклопедиясы», 1 томдық «Қазақ тілі энциклопедиясы», тағы басқа басылымдардағы сөздік ұяларының авторы ретінде қыруар еңбек жасады. Жалпы, ұзын саны 200-ге жуық еңбегі жарық көрген. Оның ішінде 20 сөздік, 2 монография, 3 оқулық, 5 кітап бар.
Қазақстанда және Орта Азия республикаларында синонимге қатысты диссертация қорғайтындар Ә.Болғанбаевтың пікірін алуды мәртебе санайтын. Ол бірнеше ғылыми кеңестің мүшесі болды. Ұзақ жыл Ғылым академиясында, ҚазМУ-да, Абай атындағы ҚазПИ-де ғылыми кеңесте талай ізденуші-диссертанттың еңбегіне жол ашып, баға беріп, ғылым саласына бағыттады. Оның жетекшілігімен көптеген кандидаттық диссертация қорғалды. Шәкірттерінің бірі «Ол қазақ тілінің бүгінгі таңдағы мәселесіне келгенде терең ойлылық, қайтпас қайсарлық пен түбегейлі тиянақтылық танытатын», деп атап көрсеткеніндей, республикада қоғамдық-саяси, әлеуметтік және тарихи мәселелерді талқылауға, насихаттауға, ғылыми айналымға түсіруге белсене араласып, мазмұнды да өткір мақалаларымен жұрт көңіліндегі ойды дөп басып, жариялап жүрді. Мысалы, «Отаршылдықтың тілімізге тигізген зардаптары», «Алаш-қазақ – бір ұғым», «Досың кім, қазақ, қасың кім?», «Абайды қайсымыз қалай білеміз?», «Заманынан озған ойлар» сияқты мақалаларында ұлттық бітім-болмыс, тіл, діл, сөзқолданыс мәселелеріне өзіндік көзқарасын көрсетіп, жас ұрпақтың бойында ұлттық сана мен халқы үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруға ықпалын тигізді. Сол себепті де республикалық газет-журналдарда тұрақты түрде өз көзқарасын, пікірін білдіріп жүрген ғалымды 1996 жылы «Егемен Қазақстан» газеті «Жылдың таңдаулы авторы» деп атады. «Отаршылдықтың тілімізге тигізген зардаптары» атты мақаласында: «Елуінші жылдарда кеңес халықтарының түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетті қалыптастыру мақсатымен, ұлттардың атын қалдырып, затын біртіндеп жою үшін олардың өткен мұраларына күдікпен қарады. Тарихи құбылыстар таптық тұрғыдан бағаланып, ұлы орыстық мүддеге үйлестіріліп сипаттау бел алды. Қазақтың бай ауыз әдебиетінен «Қамбар батыр» жыры халықтық, ал қалғандары «байлар табының туындысы» ретінде залалды деп табылды. Залалды деп танылған шығармалар тілінде кездесетін халықтық балама, теңеу сөздерге, бейнелі тіркестерге, туыстық немесе діни ұғымдарға, тіптен мақал-мәтелдер мен шұрайлы фразеологизмдерге де тыйым салынды. Мысалы: «Ел қамын жеген Едіге», «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Абылай аспас асу» (асқар бел), алты алаш, алаштың азаматы, еліміз алаш, керегеміз ағаш, киіз туырлықты, ағаш уықты ел, алты арыстың баласы, кебеже қарын, кең құрсақ, кемел би, шынжыр балақ, шұбар төс, шынжырлы шен, шұбар тон, түкті Қошқардың тұқымы, жақсы менен жайсаңдар, ел ағасы, ел жақсылары, дін мұсылман заманда секілді бейнелі сөздер күнделікті қолданыста айтылмайтын көнерген, жағымсыз сөзге айналды, шеттетіліп, ығысып қалды. Бұларды сөздіктерге енгізуге де қаймықтық», деп солақай саясаттың лексика саласына келтірген зиянын көрсетеді.
Профессор Ә.Болғанбаев Тіл білімі институтында қызмет істей жүріп, республиканың әр өңіріндегі жоғары оқу орындарында мемлекеттік комиссия төрағасы ретінде маман даярлау ісіне де белсене қатысты. Сондай мақсатпен Қарағанды университетіне келген сапары туралы: «1996 жылы Қарағандыға келіп, бір ай бойы мемлекеттік комиссия төрағасы болды. Мен хатшысы болдым. Өте мәдениетті, өз ісін шебер меңгерген. Көзі ойлы, орта бойлы. Зейіні бөлек, жады мықты. Синоним туралы әңгіме қозғалса, алдымен Әсет Болғанбаевтың есімі аталады. Қазақтың сөздік қорының мол екенін үнемі айтатын. Принципшілдігі де бар, бірақ әділдікті жаны сүйеді. Біз жүрген жерімізде ол кісінің еңбегін айтып жүреміз. «Тіл біліміндегі ірі тұлғалар» жинағына енгіздік. Болғанбаевтың еңбегі әлі зерттеліп болған жоқ, жан-жақты зерттелгенін қалаймыз», дейді сол кездегі жас маман, қазір қазақ тілі білімі кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бектұрсын Қалиев.
Ғалымның лингвистикадағы еңбектері мадақтауға лайық және мадақталып та келеді. Мәселен, 1996 жылы Ә.Болғанбаевқа Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының құрметті азаматы атағы берілді. Ақтоғай ауданы Үшарал ауылындағы негізгі мектеп Ә.Болғанбаев есімімен аталады. Әсет есімі 2006 жылы «Атамұра» корпорациясы шығарған «Қарағанды облысы энциклопедиясына» енгізілді. 2008 жылы ғалымның 80 жылдығы Ұлттық ғылым академиясында, өзінің туған жерінде салтанатты түрде атап өтілді. Ә.Болғанбаевтың 85 жылдығына орай Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Тілтанудағы ірі тұлға» атты ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, мақалалар жинағы басылып шықты. 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Ә.Болғанбаевтың еңбектері енгізіліп, өмірі мен еңбек жолына арналған «Сөз әлемі» кітабы жарық көрді. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қолдауымен Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткізілген «Сөз сиқырын зерделеген ғалым» атты дөңгелек үстел аясында таныстырылған бұл кітапқа ғалым туралы жазылған мақалалар мен өлеңдер де енгізілген.
Әсет ағамыздың өмірі де, еңбегі де қызыққа, қуанышқа толы болды десек қателеспейміз. Өйткені ол сүйген ісімен айналысты, содан рухани ләззат алды. Көрнекті түрколог Н.А.Баскаков хаттарының бірінде жазғанындай, араб тіліндегі Ас-Ад, яғни Әсет өз өмірімен осы сөздің арабша екі мағынасын да ақтап жүрді, яғни ол ғылымда арыстан болып, өз еңбегімен бақытқа бөленді.
Ана тіліміздің әр сөзін қызғыштай қорыған ғалымның кәсіби қызметін, ғылыми пайымдарын, синоним іздеудегі ерен еңбегін, адами болмысын әр жылдары жырға қосып, жүрекжарды лебізін арнағандардың арасында атақты ақындар да, қатар жүрсе тебісіп, жоқ болса шұрқырасып, іздесіп жататын дос-жарандары да, ақыл-кеңесін тыңдап, тұтас бір мектеп қалыптастыруға себеп болған шәкірттері де бар. Олардан басқа жыл сайын филология факультеттеріне түсетін, киелі сөз өнерімен айналысатын, тіпті болмаса ана тілінің мол байлығын өз бетінше меңгеруге, сөз мәдениетін сақтауға ұмтылатын жастар барда ол кісінің кітабы сөреде шаң басып тұрмақ емес.
Алмагүл ӘДІЛОВА,
филология ғылымдарының докторы
Айнагүл ҚАЗАНБАЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессорлары
ҚАРАҒАНДЫ