Қазақстан • 13 Желтоқсан, 2023

Қазақстанда жас ғалымдарға арналған баспана бағдарламасы іске қосылды

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банкі» АҚ бірлесіп ғалымдарға қолжетімді шарттармен баспана алудың жаңа бағдарламасын іске қосты, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстанда жас ғалымдарға арналған баспана бағдарламасы іске қосылды

2023 жылдың 1 желтоқсанынан бастап «Отбасы Банкі» Қазақстан ғалымдарының тұрғын үй сатып алуға несиелік өтінімдерін қабылдай бастады.

Жоба 5 жылға есептелген. Осы кезеңде банк өз қаражатынан шамамен 16,6 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.

«Академиялық ғылымда әрқашан жас кадрлар тапшы. Сондықтан осыны зерттей келе, бағдарлама әзірлеуді жөн көрдік. Қазір академиялық ғылымда жұмыс істейтін жас ғалымдардың өтініштерін қабылдап жатырмыз. Бұл Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарайтын 53 ұйым. Бұл – Мемлекет тарихы институты, Математика және математикалық модельдеу институты, Экономика институты, Әдебиет және өнер институты, Археология институты және т.б.», деді «Отбасы банкі» АҚ төрайымы Ләззат Ибрагимова орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде.

Бағдарлама «Отбасы Банкінде» жылдық 5% мөлшерлемемен (GESV 5,2%-дан) ең төменгі 10% бастапқы жарнамен несие алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаға қатысушы 20 миллион теңге шамасында баспана ала алады. Несие мерзімі 19 жыл.

«Мысалы, жас ғалым 20 миллион теңгеге пәтер сатып алса, онда алғашқы 8 жылдағы алдын ала несие аясында оның ай сайынғы несие төлемі 155 мың теңгені құрайды. Осы кезеңнен кейін ол тұрғын үй несиесіне көшеді және несие төлемі 11 жылға қазірдің өзінде 84 мың теңгені құрайды», деді Ләззат Ибрагимова.

Бағдарламаға 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар қатыса алады. Олардың және олармен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде баспанасы болмауы керек.

Тұрғын үй бағдарламасына ғылыми және/немесе ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын, магистр дәрежесінен кем емес, ғылыми-зерттеу жұмысының кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар, оның ішінде ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға қатысатын ғалымдар қатыса алады.