Президент • 13 Желтоқсан, 2023

Президент Солтүстік Қазақстан облысы әкіміне бірқатар тапсырма берді

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовті қабылдады. Президентке облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді, өңірдің шаруалары қиындықтарға қарамастан 3,7 миллион тонна астық жинағаны жөнінде баяндалды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Солтүстік Қазақстан облысы әкіміне бірқатар тапсырма берді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысына облыста 13 сүт фермасының құрылысы жүріп жатқаны, оның алтауы жыл соңына дейін іске қосылатыны жайында мәлімет берілді. Аграрлық секторда сомасы 80 миллиард теңге болатын 27 жобаны іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 1000 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл өңір халқының құс етіне, сүт өнімдеріне, көкөністерге деген қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал өнеркәсіп саласында құны 469 миллиард теңге болатын 39 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл 6 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл 15 жоба іске қосылады.

Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, жаңа нысандар салу арқылы 25 ауыл сумен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ кешенді блок-модульдер орнату арқылы 149 ауылға және топтық құбыр жобалары есебінен 46 ауылға су беріледі.

Сонымен қатар Президентке «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Петропавл қаласында 4 мектеп салынатыны жөнінде айтылды. Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 46 медициналық мекеме іске қосылады. Оның сегізі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Сондай-ақ облыс орталығында екі емхана салынған. Уәлиханов ауданында емхана құрылысы жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, облыс әкімі өңірдегі жылыту маусымы қалыпты режимде өтіп  жатқанын жеткізді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облысты одан әрі дамыту және халықтың өзекті мәселелерін шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді.