Бұл көрменің бір ерекшелігі бар. Биыл суретші алты айға жуық еліміздің бірнеше қаласына саяхатқа шығады. Оның сапары Алматыдан басталып, содан Шығыс Қазақстан мен Маңғыстауды асып, одан кейін Түркістан мен Шымкентті басып, жолай Қарағандыға соғып, Астанада түйінделеді. Сапар барысында фотограф қазақ жерінің бай табиғатын көріп, терең тарихымен танысып, саф ауасымен тыныстап, ел тұрғындарымен кездесіп, көп нәрсеге қанығады. А.Желанскидің көрмеге қойылған 45 туындысының дені осы шығармашылық сапарының жемісі деуге болады. Суретшінің қырағы жанарына іліккен қазақ даласындағы табиғаттың ғажайып көріністері, өткен күннен сыр шерткен тарихи ескерткіштері, ауыл адамдарының тіршілігі, алып шаһарлардың бейнесі – сұлулығымен, шынайылығымен тартымды шыққан. Суреттердегі түстердің алуандығы өте керемет. Қарапайым адам байқай бермейтін құбылыстарды фотограф дәл бедерлеген.
Іс-шараның ашылуында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев аталған көрменің Қазақстан мен Францияның мәдени ынтымақтастығының жарқын үлгісі екенін айта келіп, осындай өнер жобалары халықтарды бір-бірімен жақындастыратын алып күш екенін атап өтті. Ал Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дидье Канесс мырза осы мәдени шараны өткізуге қолдау көрсеткен барша азаматқа ризашылығын жеткізді.
«Цифрлы күз» фестиваліне сандық өнердің жаңа формасы саналған виртуалды шындықтың көрнекі шығармалары ұсынылды. Оған «On the Morning You Wake (To the End of the World)» жобасы секілді соңғы жылдардағы танымал VR жобалары енді. Жоба авторы – Парижде орналасқан Atlas V студиясы.
Фестиваль аясында Atlas V студиясының жобасынан басқа, Венеция халықаралық кинофестивалінде «Ең үздік иммерсивті» жобасы аталымында 2020 және 2021 жылдары бас жүлде алған «Hangman at Home» және «Goliath: Playing with Reality» туындылары көрсетілді. 2020 жылғы жеңімпаз Карл Сандбургтің 1922 жылғы өлеңінен («What does the hangman think about when he goes home at night from work?») шабыттанған анимациялық VR эссе «Hangman at Home» болды. Ал 2021 жылы бас жүлде алған «Goliath: Playing with Reality» туындысы Голиаф есімді адам өмірін мысалға ала отырып, денсаулыққа кері әсері тиетін компьютерлік ойындарды талдау арқылы шындық шекарасын зерттейді.