Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2023

Көркі көз тартар көне қала

184 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістанда Туризм және спорт министрлігінің мұрындық болуымен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ және облыс әкімдігі «Travel fest креативті туризм» атты бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырды.

Көркі көз тартар көне қала

Креативті туризм саласы бойынша қоршаған ортаны қорғау тақырыбына арналған «Эго-дан эко-ға дейінгі» экологиялық фотосуреттер көрмесі ашылды. Жобаға қатысушылардың жұмысы негізінен табиғатқа бейжай қарамауды насихаттайды. Сонымен қатар Халықаралық туризм және меймандостық университетінде құнды дәрістер мен семинарлар өтіп, форум аясында байқау жеңімпаздары марапатталды.

Сондай-ақ «Karavansaray» кешені аумағында әлемдегі ірі қалалар өмі­­рінің ажырамас бөлігіне айнал­ған, әсіресе елдің креатив индус­триясының негізі саналатын «Street Performance Fest» іс-шарасы өтті. Дәл сол күні Түркістан қаласының тұр­ғындары мен қонақтары breaking, hip hop, all styles стильдері бойынша би фестивалін тамашалады.

Іс-шара аясында Түркістан облысы бойынша экологиялық автотур ұйымдастырылып, оған Қазақ­стан, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз елі­нен келген кәсіби автосаяхатшы­лар қатысты. Олар оңтүстік өңір­дегі Ақмешіт үңгірлері, Леңгір (Бір­көлік), Ақсу-Жабағылы, Қазы­ғұрт, Сарыағаш, сондай-ақ Арыстан баб, Сауран, Қожа Ахмет Ясауи, Күлтөбе сияқты табиғи орындары мен та­рихи-мәдени көрікті жерлерімен танысты. Сонымен қатар Түркістан қаласының Конгресс-орталығында «Kazakhstan Creative Tourism Forum- 2023» креативті туризм бойынша ауқымды форум ұйымдастырылды.

«Форумның мақсаты – сая­хат­шылардың жаңа буынын қалып­тас­тыру, туристік ұйымдардың бә­­се­кеге қабілеттілігін арттыру, сон­­­дай-ақ елімізде креативті клас­тер­­лер мен креативті индустриялар ор­талықтарын құру және дамыту, елімізде туризмнің барлық түрін дамыту және ілгерілету мақсатында сарапшылар қауымдастығын бір алаңда жинау», дейді ұйымдастырушылар.

Түркістан – түбі бір, тарихы ортақ түркі халықтарының түп қазығы, рухани ордасы. Қала облыс орталығына айналғалы жыл санап көркейіп келеді. Түркістан түркі халықтарының ғана емес, дүние жүзіндегі көненің көзі са­налады. Мұнда жыл сайын әлемнің түк­пір-түкпірінен және еліміздің әр ай­мағынан миллиондаған турист келеді.

«Президенттің креативті индус­трияны әр облыс орталығында дамыту туралы тапсырмасына сәйкес Түркістанда креативті индустрияның үлкен фестивалі өтті. Бұл бағытты дамыту мемлекет тарапынан талантты жастарды қолдауда өте маңызды. Аталған іс-шаралардың негізгі мақ­саты – өңірдегі экономикалық бел­сенділікті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу», дейді Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.

Түркістан – ежелден сауда-сат­тық­тың ортасы, руханият ордасы. Онда ұлт өркениетінің салт-дәс­түрі мен қолөнері сақталған. Сон­дық­тан да оның туристік әлеуеті жо­ғары. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Түркістан қаласы – тарихи туризмнің алтын ұясы. Онда туристерге толықтай сапалы қызмет көрсете алатын орындар да жетерлік.

Тарихи туризм ошақтары – та­биғаты әсем, шежірелі өл­ке. Об­лыс­тағы ЮНЕСКО-ның мә­дени мұра­лар тізіміне енгізілген Қо­жа Ахмет Ясауи кесенесі, көне Оты­­рар, Сауран қалашықтары, Арыс­­тан баб, Бәйдібек ата, Домалақ ана ке­сенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас аудандарының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – талай саяхатшыларды тамсандырған мекендер әрі туристерді магнитше тарта бермек.