Әдебиет • 13 Желтоқсан, 2023

Әр адамның кеудесінде «Бозторғай» бар

307 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кісі көңілі кейде тыныш­тықты қалайды. Айнала сілті­дей тынғанда адам санасын алуан ой шарлайтыны бар. Кейде тіпті тұңғиыққа кетесің. Терезеге тел­міріп, көз ұшында қанат қақ­қан құстарға қарайлайсың. Жанбағыс үшін жанұшыра қанат қаққан тіршілік иелері­нің тізбегі әдемі көрініске то­лы. Көкжиек төсіне түрлі сурет салатын секілді ме, қалай өзі?

Әр адамның кеудесінде «Бозторғай» бар

Әй­теуір, ілкі сәтке де тыным таппайды. Қозғалудан шаршамайды. Олардың үнінде әуен тұнып тұрған сияқты. Түрлі дауыс құлаққа майдай жағады.

Ілгеріде күн нұры себезгілеп тұрған көктем мезгілінде көк жүзінде қарлығаштар безек қағып ұшатын. Ауылдағы үйі­мізге еркін кіріп, ұя салушы еді. Қазір олай емес қой. Құйрығы айыр құс адамдардан алшақ­тап бара жатқандай көрінеді. Адамдардан жерінді ме? «Неге?» деген жалқы сөз­ден тұратын сауал туындайды. Бірақ неге еке­нін кім білсін? Тіпті кей­де сол бір аяулы құсы­мыз қарлы­ғашты таппай қаламыз. Қос қанатты сұлу құс екі аяқты до­сынан қаймыға ма? Есесіне боз­торғайдың әнін естиміз. Даланы думанға бөле­ген оның шырылы құлаққа талып жетеді. Қайда екен деп алысқа көз тас­таймыз...

Тұтастай мұз құрсанған Ан­тарктидадан басқа құрлықтың барлығын мекен еткен сол боз­торғай тыныштықты сүйеді екен. Содан да болса керек, қа­сына жолай кетсең, қос қана­тын сермеп ұша жөнеледі. Ма­ңа­йына жақындатқысы кел­мей­тін секілді. Бойын әлдебір қор­қыныш сезімі билей ме? Әлде адамдардан алшақ жүргенді ұната ма? Бұл да біз үшін шешуі жоқ жұмбақ сияқты.

Қазақта бозторғайға арнал­ған ән аз емес. Қордайдың боз жусан исі аңқыған боз даласын­да туған Кенен Әзірбаевтың «Боз­торғайының» жөні бір бө­лек. Ғажап шығарманы тың­­да­ғанда қазақ болғаныңа қуа­­насың. Қазаққа ғана тән иірім­­дер жаныңды жадыратады. Оны нақышына келтіріп шыр­қаған Саят Медеуовті тың­дармандары «Қараторғай» атап кеткені де жадымызда. Ке­ме­ліне келген шақта Кенен ән­дерін орындаған Саяттың дауы­сынан қазақылықтың исі де аң­қып тұрады ғой, шіркін. Жа­лықпайсың. Қайталап тыңдай бергің келеді. Құлаққа жағым­ды үннен көңілің толқиды, ша­бытың да шалқиды.

Әуелде Алтынбек Қораз­баев сахнаға алып шыққан Мей­­рамбек Беспаев та «Бозтор­ғай» әнімен күллі қазақтың ықы­ласына бөленді. Адам ойын онға бөлетін әннің мәтіні де, әншінің орындаушылық шеберлігі де көпшіліктің кө­ңіліне қонды. Бір анығы, Мей­рамбек Беспаевты өнер­сүйер жұрт «Бозторғай» әнінен бө­ліп-жарып қарай алмайды. Ғаламат туынды бү­гінде жұрт сүйіспеншілігіне бө­ленген ән­ші­нің бойтұмары болып қала беретіні сөзсіз.

Қалай десек те, қазақ сахнасында шырқалып жүрген «Бозторғай» әндеріне ортақ бір ұқсастықтың бар екені ақиқат. Иірімдер тереңге тарта түседі. Барлық мәтіннің өн бойынан көзге көрінбегенімен, көңілді түрлі арнаға бұра түсетін ортақ мұң, сарқылмас сағыныш, тіпті кейде өкініш те көрініс беріп жатады. Сонысымен жаныңды баурайды, сағымға айналған жылдарға көз жүгіртесің...

Белгілі композитор Ескен­дір Хасанғалиевтің шығар­машылығы туралы әңгіме қоз­ғала қалса, әйгілі «Атаме­­кен» әнін аттап өте алмасымыз анық. Күллі қазақтың жүрегін ұстап тұрып айтатын сүйікті шығармасы қай кезде де жадымыздан өшпек емес. Әйтсе де, Ескендірдің «Бозторғайы» да жүрек пернесін дөп басады.

Сөзін Бәкір Тәжібаев жаз­ған «Бозторғай» әнін тың­да­ғанда жаныңды қоярға жер тап­пайсың. Бір тылсым сезім жүре­гіңді өртей түсетін сыңай­лы. Жабырқайсың.

«Тіршілікте айнымасқа тағдыр қосқан,

Құс едің ғой, кең далаға бауыр басқан.

Аяздардан тоңбайсың ба, бозторғайым,

Жылы ұяңа қонбайсың ба, бозторғайым»,

деп басталатын алғашқы шу­мақ­тың өзі сананы сан саққа жү­гіртетіні сөзсіз. Бұтаққа қон­ған бозторғайдың дірілі көз алды­ңа елестейді. Құс жолына көз тік­кен қаншама адамның көңілі суып, боз далада жаны жабырқап жүр екен деп лажсыз ой түбіне сүңгисің. Мәтін арқылы адам мен құс арасындағы байланыс­ты іздейсің. Сағыныштың исі бұрқырап тұрған иірімдерден өскен өлкеге деген құрметтің табын сезесің.

«Даланы мен де,

Сүйемін сендей,

Бауырмал құсым!

Назыңнан әсем,

Сазыңнан әсем,

Жаңылмас, құсым!

 

Тауқымет тартып,

Торықпа, жаным,

Қорықпа, жаным,

Құшағымды ашып,

Кеудеме басып,

Берейін жалын»,

деп келетін шумақтар да жү­рек­ке жылылық сыйлайтыны анық.

Боз даланың қыраты мен ойпаңы да, қарасаң көз талатын мұзарт шыңы да, гүрілдеп аққан өзені де, төбесінен төніп ұшқан құстар сызғылап сурет салған айдыны да біз үшін қай кезде де қымбат. Бозторғай үшін де солай. Ол да үйренген жерінен алыстағысы келмейді. Ол да байтақ атырапты сіз бен біз секілді сүйеді. Ол бізден алыс­тағанда біздің бойымызды шар­пыған сағыныш алауын қа­натына қондырып әкетіп бара жатқандай болады. Бәлкім, солай шығар, кім білсін...

Ескендірдің «Бозторға­йын» орындаған әнші аз емес. Бірақ бізге тағы да сол Саят Медеуовтің дауысы жағым­ды­рақ көрінеді. Саяттың орындауында тыңдаған сайын біздің де ішімізде бір бозторғай ән салып ұшып бара жатқандай болады...