Фото: primeminister.kz
Кездесу барысында Премьер-министр Испания Қазақстанның Еуропалық одақтағы негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі екенін, екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы 42%-ға өскенін айтты.
Инвестициялық ынтымақтастықты арттыру мақсатында 2005 жылдан бері Испанияның компаниялары Қазақстанға шамамен 300 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйды. Елімізде жетекші испаниялық брендтер, олардың ішінде Maxam, Inditex, Pronovias және басқаларының өнімдері сатылады.
«Біз Tecnicas Reunidas компаниясының Ақтаудағы жаңа аммиак-карбамид кешенінің жобалық құжаттамасын әзірлеу, сондай-ақ Атырау облысында полиэтилен өндіру аясында «ҚазАзот» және «ҚазМұнайГазбен» ынтымақтастығын қолдаймыз. Құны жоғары осындай жобаларды табысты іске асыру маңызды. Өз тарапынан Үкімет экономиканың басым салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы аммиак-карбамид кешенінің құрылысы Қазақстан үшін жаңа өнім – карбамид өндірісін жолға қоюға мүмкіндік беретінін, бұл – кез келген топыраққа жарайтын құрамында азот бар бірегей тыңайтқыш екенін жеткізді. Атырау облысында полиэтилен өндірісін жолға қою да экономиканы әртараптандыруға серпін беретінін айтты.
«Біз аталған екі маңызды жоба бойынша жұмысты бірнеше ай бұрын бастадық. Ең оңтайлы шешімдерді іздеп тауып, жергілікті компаниялармен серіктестікте тиімді құрылыс жұмыстарын жүргізетінімізге сендіре аламын. Жобаларды сәтті іске асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», деді Tecnicas Reunidas компаниясының атқарушы төрағасы Хуан Лиадо.
Tecnicas Reunidas – өнеркәсіптік жобаларды әзірлеп, жүзеге асыруға маманданған испаниялық компания. Қызмет еткен жылдары компания әлемнің 60-тан астам елінде 1 000-нан астам өнеркәсіптік кәсіпорынның құрылысын жобалап, басқарды.
2020 жылы Tecnicas Reunidas Астанада кеңсесін ашты. Бұл компания 2002-2004 жылдары елдегі мұнай-газ саласында жүргізілген инженерлік жұмыстарға тартылған болатын.