Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2023

Жамбыл облысында төтенше жағдай жарияланды: 5 мың адам құтқарылды

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдар жабылды, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысында төтенше жағдай жарияланды: 5 мың адам құтқарылды

Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

«Ауа райының күрт нашарлауына байланысты 12 желтоқсаннан бастап республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының «Тараз-Алматы» бағыты бойынша және облыстық маңызы бар бірқатар жолда көлік қозғалысы тоқтатылды», делінген әкімдік хабарламасында.

Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен 13 желтоқсаннан бастап өңірлік жедел штаб құрылған. Құтқару жұмыстарына 117 арнайы техника, 103 адам (ТЖД, әскери қызметшілер) жұмылдырылыпты.

14 желтоқсан күні сағат 23.00-дегі жағдай бойынша құтқару бөлімшелері 1279 адамды құтқарып, эвакуациялады. Олар Қордай ауданындағы 6 жылыту пунктіне орналастырылды (Қайнар-1, Алға-1,Қордай-3, Кенен-1). Әлі де қар құрсауында қалған көліктердің саны нақтыланып жатыр.

р

Қатты жел мен қардың салдарынан Шу ауданында электр желілері үзіліп, тіректер құлады. Төтенше жағдай салдарынан «Шу Отар» учаскесінде 11 жолаушылар пойызы тоқтап тұр, олардың әрқайсысында орташа есеппен 500-700 адамнан бар. 12 жүк пойызы өз уақытынан кешігіп жатыр.

о

Облыстың 4 ауданының 32 елді мекенінде 8 882 абонент электр қуатынан ажыратылған. Қазіргі кезде желдің жылдамдығы секундына 45 метрге дейін жетіп тұр. Алдағы күндері «Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес 30 м/с қатты жел ұйытқуы сақталады.

А

15 желтоқсан сағат 06:00 - дегі жағдай бойынша 2413 адам құтқарылды, олардың ішінде 90 бала бар. 600-ге жуық адам үйлеріне қайтарылды. 1813 адам алты ауылдағы жылыту пункттеріне жеткізілді.  3 азамат Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Олардың жағдайлары тұрақты, дәрігердің бақылауында. Екі күн ішінде жалпы 5000 адам құтқарылды.

Қазіргі уақытта Қордай және Шу аудандарында қосымша 825 орындық 9 жылыту пункті ұйымдастырылған. Құтқару шараларына 171 адам және 76 бірлік техника жұмылдырылған. Жолдағы блок-бекеттерге полиция нарядтары қойылған.

Жамбыл облысы әкімдігі тұрғындарды тек ресми ақпараттарға сүйенуге, сабыр сақтауға шақырды. Қалыптасқан жағдайға байланысты облыс бойынша қауырт желі нөмірлері іске қосылды: 8 7262 513575, 51 41 67.

щ