«City» емханасының жаңа филиалы Астананың қарқынды дамып келе жатқан ауданында орналасқан. Бұл нысанда 30 мыңға дейін пациент тіркеле алады. Сондай-ақ мұнда халыққа алғашқы дәрігерлік көмектен бастап кешенді диагностика мен консультацияға дейінгі қызметтер көрсетіледі.
Жобаның инвесторы, «Olymp Medical Group» ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменовтің айтуынша, бұл City емханалар желісінің үшінші филиалы. Елорданың Нұра және Алматы аудандарында екі филиал жұмыс істеп жатыр. Тағы да үш нысан келесі жылы пайдалануға берілмек.
Емхананың тағы бір ерекшелігі онда маммологиялық орталық ашылады. Науқастар мұнда кешенді диагностикадан өтіп, сүт безі ауруларынан емделе алады. Медициналық орталықта томосинтезі бар цифрлық маммография, дәстүрлі және вакуумдық аспирациялық биопсия әдістері, хирургке қатерлі ісіктерді алып тастау жолын көрсететін локализациялық инелер орнату сияқты диагностикалық технологиялар қолданылады.
Сонымен қатар емханада барлық қажетті құралдармен жабдықталған амбулаториялық хирургия орталығы ашылмақ.
Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемованың айтуынша, қазіргі уақытта елорданың сол жағалауында амбулаториялық көмек беру ісі кенжелеп қалған. Қосымша тағы 5 емхана ашу керек. Халық санының ұдайы өсіп келе жатқанын ескерсек, медициналық мекемелерге деген қажеттілік әлі де арта береді. Бұл мәселені шешуде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік белсенді қолданылады. Бес жыл ішінде Астана қаласының әкімдігі 3 мемлекеттік емхана салынады және 12 жеке емхана ашылады деп жоспарлап отыр.