Қоғам • 16 Желтоқсан, 2023

Алтын шамшырақ

141 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әбіш Кекілбаевтың «бодандық бізді қалай сынаса, бостандық та солай сынайды» деген сөзі бар. Ұстарған ақыл мен ұшталған ой, шыңдалған рухтың сөзі бұл. Елдік пен бостандық, азаттық пен ұлт үшін күресте көресіні көріп, әбден шыңдалып шыққан тәуелсіз сана тудырған сөз қазақтың маңдайына сыйып тұр. Алласы алқап бере салған айналайын азаттықтың Алаш баласына қаншалықты қымбатқа түскенін де осы бірауыз сөзден бағамдаймыз.

Алтын шамшырақ

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Ұлтымыздың маңдайына жазылған азаттық деген жалғыз ауыз сөзде барлық тағдырымыз бен ар-намысымыз тұрған жоқ па? Ар-намысты төбеңе тұтқаннан асқан бақыт жоқ өмірде. Болса, айтып беріңіз. Алғаш Қазақ хандығын елге қамал еткен қаһармандар еске түседі. Ұлт азаттығы үшін жолдан таймай, ар-намысын ту еткен Алаш арыстары жадымызда жаңғырады. Кеңес өкіметінің неше түрлі құқайына қарамай елдікті, дәстүрді сақтаған тұлғалардың да орны бөлек. Бұлардың заңды жалғасы – кешегі Желтоқсан азаматтары.

Бізге азаттық төбеден түсе салмағаны ақиқат. Әрідегі тарихты айтпағанда, берідегі ұлт зиялыларының қаны мен жанының аманаты – азаттық. Тәуелсіз ел болу және соған сызат түсірмей ұстап тұру. Жоғарыдағы жалғыз ауыз сөзді Әбіш абыз осының бәрін ет жүрегінен өткізіп барып айтқанға ұқсайды. 

Иә, азаттық деп аузыңды ашсаң, ұлттың толғамалы тарихы ту көтереді. Қашанда елдік ұраны көтерілгенде тәмам қазақ атқа мінген. Бойыңды белгісіз бір рух кернейтіні содан шығар, бәлкім. Қалай десек те, ұлттық код, ұлттық танымның бір шеті лепес берері сөзсіз.Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған арыстар мемлекетшілдікті ұран етіп алуы тегін емес қой. Абай мен Алашорда заманына «бағаналы орда – басты орда! Байсал орда қонған жұрт» болып сонау Бұқар жырау, Абылай заманынан жеткен сана мен рух қазір жаңаша түлеуге тиіс. Түлеп те келеді. Қазір олардың алды өзінің ана тілімен қатар әлемнің кемінде екі-үш тілін біледі. Түркінің даңқты дәуірін таңбалаған бітіктастарды, хандарға серік болған жыраулар толғауларын, Абайдан Алашқа дейінгі даналарды оқып өскен жастар қоғамға, Отанына немқұрайды қарай алмайды. Ұлтқа қызмет етудің төте жолын түйсініп өскен ұрпақ келіп қалды кейінгі отыз жылда. Алдында ұлт зиялылары айқындаған ұстын, бастарында бостандық атты бақыт барда оларға керегі – өріс қана. Өйткені Фарабидің «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет» деген атақты сөзі бар. Біздің ұлттың көксегені де – сол болашақ. «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деген. Азаттықтың алтын шамшырағы жарқырай берсін!