Қоғам • 16 Желтоқсан, 2023

Бейнеттің зейнеті

158 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қай заманда да ата-әжелеріміздің зейнетақысында береке бар. Шамалы зейнетақысының өзін біраз дүниеге жеткізіп, немерелері түгілі, ұл-қыздарын да жарылқап жүретін қариялардың шарапаты ерекше. Әулеттің әлеуетіне, әлеуметтің көңіл күйіне оң әсерін тигізетін осынау зейнетақының жыл өткен сайын өсіп жатқаны қуантады.

Бейнеттің зейнеті

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Халқымыз қашаннан бері «Қарты бар үй – қазына» деп санайды. Бұл мақалды тура мағынасында қабылдасақ та, қателесе қоймаймыз. Өйткені қариясы бар үйде шығынының бір бөлігін жабатындай мүм­кін­дік те болады. Ал қос қария­сы бар шаңырақтың отба­сы­лық бюджеті ай сайын әжеп­тәуір қампайып қалады.

Осы орайда өткенге шамалы шегініс жасап, зейнетақы көлемінің көрсеткіштеріне көз жүгірте кеткеніміз жөн шығар. Ұлттық статистика бюросы 2000 жылдан бері қарай зей­­нет­ақыға қатысты ахуалдың қалай өзгергенін көрсететін деректерді келтіріпті. Мысалы, 2000 жылы зейнетақының орташа айлық мөлшері 4 298 теңге болса, 2007 жылы бұл көлем 10 654 теңгеге жеткен. Үш жыл­дан соң, яғни 2010 жылы орташа зейнетақы екі есе ұл­ғайып, 21 238 теңге болған. Тағы үш жыл өткенде, 2013 жылы осы көрсеткіш 31 918 теңгеге жеткен. Содан кейін 2017 жылы – 50 850 теңге, 2020 жылы – 63 937 теңге, 2022 жылы 73 902 теңге болған. Ал биылғы 1 желтоқсандағы жағ­дай бо­йынша жиынтық зейнет­ақының орташа мөлшері 120 838 тең­гені құрады. Бай­қасақ, өткен жылмен салыс­тыр­ғанда осы жылы зейнетақы көлемі едәуір ұлғайған. Бұған, әрине, жаңа­дан Әлеуметтік кодекстің қабыл­дан­уы да оң әсерін тигізді.

Бүгінде елімізде 2 млн 328 мың зейнеткер бар. Оларға жыл басынан бері республикалық бюджеттен 3 трлн 33,7 млрд теңге сомасында зейнетақы тө­лен­ді. Соның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 930,6 млрд теңге, ынтымақты зей­нет­ақы төлеуге 2 трлн 103,1 млрд теңге қарас­тырылды. Жоғарыда айт­қа­нымыздай, жиынтық зей­нетақының орташа мөлшері 120 838 теңгені құраса, соның ішінде ынты­мақты зейнетақы мөлшері – 82 950 теңге, базалық зейнетақы – 37 888 теңге.

Бұл ретте 2018 жылдың 1 шіл­десінен бастап мем­ле­кет­тік база­­лық зейнетақы төлемі зей­нетақы жүйесіндегі өтілін ес­ке­­­ре отырып, әр алушыға жеке тағайын­далатынын айта кет­­кен жөн. 1998 жылдың 1 қаң­тарындағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ мін­детті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады. Егер азамат­тың зейнетақы жүйесін­дегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-ына тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Ал егер өтіл 20 жыл болса, базалық зей­нетақы төменгі күнкөріс дең­гейінің 80%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 100% белгіленеді.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова тәуел­­сіздік жылдарында жи­нақ­­­таушы зейнетақы жүйе­сі бірнеше даму кезеңінен өткенін атап өтті.

«Қазақстан жеке жинақ қағи­­­дат­тарына негізделген жинақ­таушы зейнетақы жүйе­сіне кө­шуді ТМД елдерінің ішінде бірін­ші болып бастады. Бірінші кезеңде жүйенің қатысушылары тек табысының 10% аударатын жұмысшылар болды. Бүгінде олардың жи­нақтарының жалпы сомасы 16 трлн теңгеден асты. Екі­н­ші кезеңде 2005 жылдан бас­тап бюджеттен базалық зей­нетақы төлемдері енгізілді. Міне, солай мемлекет жүйенің екін­ші қатысушысы болды. Биыл Әлеуметтік кодекстің қабыл­дануымен жүйенің үшін­ші субъектісі – жұмыс беру­ші пайда болды. Келесі жыл­дың басынан бастап олар өз қызметкерлерінің пайдасына аударымдар жасай бастайды. Осылайша, біз көпдеңгейлі ұлттық зейнетақы жүйесін құр­дық», деді Т.Дүйсенова.

Вице-премьердің сөзін дәйек­тей түссек, 2024 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушіден міндет­ті зей­нетақы жарналар (ЖМЗЖ) алы­нады. Жарналар агенттің (жұмыс берушінің) өз қаражаты есебінен 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған қызметкерлер үшін ғана жүзе­ге асы­рылады. Жаңа жыл­дың қаң­­тарынан бастап ЖМЗЖ мөл­­шерлемесі қызметкердің жа­ла­қысының 1,5% құрайды және 2028 жылға дейін 1%-дан 5%-ға өседі. ЖМЗЖ кезең-кезеңмен енгізу жұмыс беру­шінің жүктемесін жеңіл­де­туге мүмкіндік береді. ЖМЗЖ есе­бінен зейнетақы төлемдері өмір бойына тағайындалады, ағым­дағы ай үшін төленеді және қайтыс болған немесе Қа­зақ­станнан тысқары жерге тұ­­рақты тұруға кеткен аймен қоса ал­ғанда есептеледі.

Жалпы, Әлеуметтік кодекс бойынша 2023-2027 жылдары ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен 54-тен 70 пайызға дейін, ең жоғары-ең төменгі күнкөріс деңгейін 100-ден 120 пайызға дейін жет­кізу көзделген. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөл­шері орта есеппен 51 па­йызға дейін артады. Осы­лай­ша, базалық зейнета­қы­­­­ның орташа мөлшерінің жыл са­­­­йынғы өсімі шамамен 13 па­йыз­­­ды құрамақ.

Сонымен қатар 2023 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап зей­нет­ке шығатын азаматтар үшін ын­ты­мақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жо­ға­ры табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсет­кішке дейін ұлғайтылды. Осы шара­лар­ды іске асыру 2025 жылға қа­рай үш жыл ішінде жиын­­тық зейнетақыны орта есеп­пен 27 пайызға – 109-дан 138 мың тең­ге­ге дейін арт­тыруға мүм­кін­дік береді.

Сарапшылардың болжамына сүйенсек, 2030 жылға қарай Қазақ­станда зейнеткерлер саны 30%-ға артып, 3 млн адам­ға жетеді екен.

Жалпы, зейнеткерлер қа­та­рының артуына демогра­фия­­­­лық өсім мен орташа өмір сүру жа­сы­ның ұлғайғаны әсер етіп отыр­ғаны белгілі. Қалай дегенмен ха­лықтың көбеюімен соған сай өмір сапасының да кө­терілгені маңызды. Сол қа­тар­дан қарттарымыз да табылып, ұрпағынан рақат көріп, жетістігіне сүйініп, елге ес болып, арамызда аман-есен ұзақ жүргені жақсы.