Руханият • 16 Желтоқсан, 2023

Хандықтың қасқа жолы

439 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Халық пен мемлекет ұғымдары екі түрлі ұғым болса да бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Алғашқысы екіншісін қалыптастырса, өз кезегінде екіншісі алғашқының дамуына жол ашып, жағдай жасап отырады. Сол себепті де гуманитарлық және қоғамдық ғылымдарда бұл қос ұғымды бір-бірімен өзара тығыз байланыс­та қарастырады. Тарихты жасайтын – халық та, оны жазатын – ғалым, зерттейтін – ғылым.

Хандықтың қасқа жолы

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Кезінде академик В.В.Бар­тольд өзінің «Түркістанның мә­дени өмірінің тарихы» атты ең­бегінде «...XVIII ғасыр бүкіл мұ­сылман әлемі үшін сындарлы, өте қиын болды» деген тұ­жырым айтып, оған Ирандағы, Хиуа­дағы, Бұхарадағы саяси, әлеу­мет­тік, экономикалық, мәдени өмірден бірнеше мысал келтіреді де, керісінше, «бұл ғасыр – еуро­палықтардың даму мен прогресс ғасыры, еуропалықтардың бүкіл жер бетіне үстемдігін орнатудың басы», деп жазды. Мұсылман әле­мінің құрамдас бір бөлшегі саналатын қазақ қоғамына да, оның мемлекеттілігінің дамуына да бұл тұжырымның тікелей қатысы бар. XIX ғасырда ғылым мен жаңа технология жетістіктерін меңгерген еуропалықтар, оның ішінде дамыған Еуропа елдері бүкіл дүниежүзін жаулап алуды аяқтады да, әрі қарай отарлау саясатын жүргізгені баршаға аян. Еуропалық гуманитарлық және қоғамдық ғылым өкілдері өз үкіметтерінің отар аумақтардағы жау­лап алу саясатын ақтап, бодан болған халықтарға прогресс жет­кізіледі деп дәлелдеуге тырысты.

Жаулап алынған елдердің та­ри­хына, мемлекеттілігіне үс­тір­тін көзқарас қалыптасты. Көш­пе­лі халықтардың тарихына мүл­­­де теріс көзқарас болғаны бел­­­гілі. Тарихшы Зардыхан Қи­наят­­ұлы еуропалықтардың көз­қа­расын былайша ашып берген еді: «Мемлекет және оның сипаты туралы теориялық ілімдер» капиталдың үстемдік құрған дәуі­рінде қалыптасты. Мемлекет туралы ілімнің негізін көрнекті неміс философтары Иммануил Кант пен Фридрих Гегель қалады. Кант көшпелілердегі мемлекеттіліктің бастауын көшпелілер мен оты­рық­шылар арасындағы қайшы­лық­тан іздесе, ал Гегель көшпелілер­ді тарихқа дейінгі дамудың сатысына жатқызып, көшпелілер мемлекеттілік құру деңгейіне пісіп жетілген жоқ деп есептеді. Сөйтіп, неміс философтары еуро­палықтардың мемлекет құру тәжі­рибесін «эталон» деп алып, «жабайы азиаттар мемлекеттілігін тек өркениетті еуропалықтардың күш­ті билігімен ғана қалыптастыра алады деген тұжырымға келді» деп түсіндіреді.

Дегенмен XIX ғасырдың екін­ші жартысы мен XX ғасыр басында шығыстану ғылымы дамып, көптеген көне қытай, араб, парсы, шағатай, түрік тілдеріндегі ежелгі дәуір мен ортағасырлық қол­жазбалар еуропалық тілдерге аударылды. Олардың мәтіндерін­де азиялық көшпелілердің тари­хы­на, оның ішінде мемлекетті­лік тари­хына қатысты «Шаньюй», «Гунь­мо», «Қаған», «Хан», «Те­гін», «Жабғу», «Шад», тағы бас­қа мемлекеттік биліктің жоға­ры деңгейдегі титулдарын көрсе­те­тін лауазымдармен бірге, әкім­­шілік-басқару, құқықтық, ел­шілік, әскери институттарды көр­сететін терминдер айтылады. Осын­дай фактілерден соң, еуро­па­лық ғалымдар арасында көш­пе­лілердегі мемлекеттілікке қатысты «жаулап алу» теориясы деген пайда болды. Ол бойынша «көшпелілер отырықшы халықтарды жаулап алғаннан кейін ғана мемлекетті­лік қалыптастырады» деген тұжы­рым еді. Одан кейін «көсемдік», «мықты көсемдік» деген теориялар шыға бастады. Олар бойынша «көшпелілердегі мемлекеттілікті мықты көсемдер, тұлғалар қалып­тастырады, олардың қайтыс болуы­мен мемлекеттері де ыдырай­ды» деген пікірлер дүниеге келді.

Кешегі кеңестік тарихна­ма­да Қазақстан аумағындағы мем­лекеттер тарихы біршама зерт­телді. Л.Н.Гумилевтің түрік­тер, Б.А.Ахмедовтің «көшпелі өз­бектер», Б.Е.Көмековтің қи­мақ­тар, С.М.Ақынжановтың қып­шақтар туралы зерттеулерінде олар­дың дербес, жеке мемле­кет­тері болғандығы, олар өз мем­лекеттілігін қалыптастыр­ғандығы жөнінде айтылады. Көршілес республикалардағы тарихшылар болса оғыздар, қарахандықтар мемлекеті туралы еңбектер жариялады.

Жазба деректер арқылы Қазақ­стан аумағында белгілі болған ең алғашқы тайпаларға немесе тайпалар одағына – скифтер, сақтар, сарматтар жатады. Геродот заманында скиф тайпаларының Қы­рым түбегі мен Қара теңіздің солтүс­тік жағында өмір сүргені белгілі. Ал оған дейін олар Азия аумағын­да өмір сүрген. Сақ тайпалары­ның бірі – массагет тайпалары­нан жеңіліс тапқан скифтер батыс­қа қарай қоныс аударады да, ша­мамен біздің заманымызға дейін­гі 700-жылдар шамасында, яғ­ни б.з.д. VIII ғасырдың соңына таман Киммерия патшалығының же­ріне келіп, қоныстанады. Б.з.д. VI-IV ғасырларда массагеттердің өмір сүрген аумағы Каспий мен Арал теңіздерінің аралығы болса, онда тарихтың атасы жазып отырғандай, б.э.д. 700-жылдарға дейін бұл аумақтарда скифтер өмір сүрген.

Скифтердің айтуына қараған­да, олардың жерінде алғашқы ме­кендеген адам, ол – Тарғытай деген кісі және ол патша болған екен. Оның үш ұлы болыпты. Бір күні олардың жеріне Аспаннан ал­тын заттар түседі. Оны бірінші көр­ген үлкен ұл алуға барса, ол жа­нып жатыр екен. Жалыны оны жақын­датпайды. Екінші ұлға да солай болады. Тек үшінші ұл барғанда ғана от сөнеді. Кенже ұл сол алтын заттарды үйіне алып келеді. Сол се­бепті де үлкен ағалары інісінің патшалықты басқаруына келіседі.

Сол замандағы түсінік бойын­ша аспаннан түскен алтын зат­тар­­дың Тарғытай патшаның кіші ұлына берілуі жайдан-жай емес, Аспанның, Көктің қала­уы­мен кенже ұлға беріліп тұр. Со­ған сай билік ету құқығы да кіші ұлға өтеді. Бұл дегеніміз – Аспанның, Көктің бұйрығымен мемлекетті басқару құқығы кіші ұлға және оның ұрпақтарына өтті дегенді білдіреді. Батыс түсі­нігіне сәйкес, мемлекеттілікті қа­лыптастыру үшін меншіктену түрі қатты дамып, әлеуметтік жік­теліс тереңдесе, Шығыс дүние­та­нымында материалдық факторлар екінші орынға шығып, алдыңғы қатарда рухани фактор тұрады. Қарапайым тілмен айтқанда, мем­лекеттің жоғары билеушісі Аспан мен Көктің қалауымен немесе бұй­рығымен таңдап алынады.

Ал одан кейін жаңа әулеттің негізін қалаушы тұлға тірі кезінде өзінің атақ-лауазымдарына немесе қайтыс болғаннан кейін оның тікелей мұрагерлері өздерінің атақ-лауазымдарына Аспанның Ұлы, Көктің Ұлы екендігін және тағы басқа осындай сипаттағы қасиеттерін қосып жазып отыр­ған. Мұндай дәстүр ғұн билеушілерін­де болса, олардың жолын жал­ғас­тырған түріктерде одан әрі дами түседі. Мұндай мемлекеттік рәміздік дәстүрлерді моңғолдар сақтап қана қоймай, жетілдіре­ді. Мысалы, ежелгі ғұндардың жо­ғары билеушілерінде – «Көктің қалауымен тағайындалған Ұлы шаньюй», «Аспан мен Жерден жа­ратылып, Күн мен Айдың қала­уымен тағайындалған ғұнның Ұлы Шаньюйі» деген атақ-лауа­зым ­болса, көне түріктердің қаған­да­рында – «Көктен жаралған ұлы Түріктің, ақылды әрі қасиетті Көктің ұлы» немесе «Көктен жа­ралған кемеңгер Көктің ұлы, түрік қағаны» деген атақ-лауазымдар бірге айтылатын болған. Ал Шың­ғыс­ханның атақ-лауазымына – «Мәңгі Көктің күшімен, Көк пен Жердің қолдауымен даңқымды асырып, көпрулы елді өз билігіме бағындырдым» деген сөз тіркестері қосылып айтылған.

Қазақстан аумағындағы тари­хи үдерістердің басты ерек­ше­лік­теріне олардың үздіксіздік, сабақтастық қағидаттарына сай дамуын айтар едік. Сонау қола дәуірінің орта кезеңінде, яғни б.з.д. II мыңжылдықтар ортасында еліміз аумағында пайда бол­ған көшпелі мал шаруашылығы шаруашылық түрін өзгертіп қана қойған жоқ, сонымен бірге бүкіл қоғамдық өмірді, этностық үде­рістерді, мәдени даму барысын, сондай-ақ мемлекеттіліктің дамуына да тікелей әсерін тигізеді. Өйткені шаруашылықтың бір тү­рінің негізгі, басты шаруашылық түріне айналуы – қоғам дамуы­ның қозғаушы күшіне айналады. Көшпелі мал шаруашылығы пайда болған кезінен бастап үздік­сіз дамуы арқасында ел тари­хының Жаңа заман дәуіріне дейін Ұлы дала мен оған іргелес аумақтарда бірнеше империяларды, ондаған мемлекеттердің құрылып, өмір сүруіне әкелді. Ал сабақтастық қағидаты негізін­де жаңадан құрылған мемлекеттер өзіне дейінгі саяси жүйенің мұрагері, оның жаңа ғасырлардағы жалғасы саналды. Осылайша, аталған екі қағидат Қазақстан аума­ғындағы саяси, этникалық, мәдени, экономикалық дамулармен бірге мемлекеттік дамуларды да алға сүйреп отырды.

Ұлы далада ежелгі дәуірде өмір сүрген ірі тайпалар мен тайпа­лық одақтар – скифтер, сақтар, сарматтар өздерінің қоғамдық қатынасына сай мемлекеттілік жүйе қалыптастырып, бірнеше ғасыр бойы Ұлы даланың саяси сәнін келтіріп, оның тарихын жа­сауға атсалысты. Олардың заң­ды мұрагерлері ретінде қаң­лылар, үйсіндер және ғұндар да өз­дерінің деңгейлеріне сай мем­лекеттілік құрылымын дамытты. Ғұндар өз заманында империя қалыптастырып, олардың тарихы көне қытай жазбалары арқылы ­тарихта қалды. Ғұн билеушісі Мүде Шаньюй оңтүстіктегі көр­ші­сі Қытайды «туыстық және бей­біт» шартқа көндіріп, жарты ға­сырдай алым-салық алып отырған.

Ғұндардан кейін Ұлы далада құрылған екінші империя, ол – Түрік қағанаты. Жоғары би­леу­шінің титулы – «қаған» ата­уы «хандардың ханы» деген ма­ғы­на береді. Әр тайпаның, әр мем­ле­кеттің билеушісі «хан» бол­са, «қаған» солардың бәрінің билеу­шісі немесе олардың бәрі соған бағынады. Қаған өз билігін Көктің не Тәңірдің жарылқауымен немесе қолдауымен жүзеге асқанын былайша түсіндіреді: «Тәңір Аспан мен Жерді жаратты, Жерде адам­дарды жаратты. Адамдарды басқару үшін қаған әулетін жаратты». Билікте тек ашина әулеті­нің өкілдері болып, тарихшылар Түрік қағанатында «ашинизм» идеологиясы атты мемлекеттік идеологияның бол­ған­дығын айтып жүр. Б.з. 552 жылы құрылған Түрік қағанаты жарты ғасырдай ғана өмір сүрсе де, бүгінгі күндері жер бетіндегі түрік халықтарының бәрі өздерінің түп тарихын осы кезеңдегі түрік дәуірімен байланыстырады. Түрік қағанатынан Алтын Ордаға дейінгі мемлекеттер – Батыс Түрік қағанаты, Түр­геш мемлекеті, Қарлұқ мем­лекеті, Қимақ, Қыпшақ, Оғыз хан­дықтары, Қарахандар, Қидандар мем­лекеті, Найман, Керей хан­дық­тары б.з. VI ғ. ортасы мен XIII ғ. басы аралығындағы негі­зі­нен Қазақстан аумағы мен Орта­лық Азияның тағы да саяси сах­на­сының сәнін келтірген, тари­хының төрінде ат ойнатқан мем­ле­кеттер болды. Қорқыт Ата секілді дала данышпаны мен ақыл-ойдың кемеңгерлері Жүсіп Бала­сағұни, Махмұд Қашқарилер, өз за­манында Исламның жарық жұлдызы болып, бүгінгі күндерге дейін түрік халықтарына рухани өмірінде темірқазық рөлін атқарып отырған Қожа Ахмет Ясауи, тағы басқа атақтары әлемге танылған тұлғалар осы түрік дәуірінде өмір сүрді.

Тағы да Ұлы дала аумағында XIII ғасыр басында құрылған Жошы ұлысы, одан кейін сол ға­сырдың 40-жылдары құрылған жаңа мемлекет – Алтын Орда қатардағы көп мемлекеттің бірі емес, Ғұндар империясы мен Тү­рік қағанатынан кейінгі Еуразия­лық ауқымдағы алып үшінші им­перия. Алтын Орда тарихына қа­тысты тарих ғылымында қып­шақтану үдерісі деген ұғым бар. 1219-1223 жылдардағы Шыңғыс хан­ның Қазақ жері мен Орта Азия аумағын жаулап алу, одан ке­йін ұлыстарға бөлу, 1236-1242 жыл­дары өткен Батыйдың «Батыс елдеріне жеті жылдық жорығы» нәти­жесінде Ұлыс аумағы екі-үш еседей кеңейеді, жаңа аумақ­қа түркі тілдес, моңғол тілдес тай­палар қоныстанады да, жергі­лік­ті түркі тілдес қыпшақ тай­па­ла­рымен араласа бастайды. Ара­да бір ғасырға жуық уақыт өткенде, сырттан келгендердің бәрі қыпшақтанып кетеді. Ол туралы әл-Омари (1301-1349) деген араб тарихшысы: «...Ертеде бұл мемлекет қыпшақтардың елі болды, ал ол елді моңғолдар жау­лап алған кезде қыпшақтар олар­ға бағынышты болды. Уақыт өте олар бір-бірімен араласып, өзара туыстай болып кетті. Сөйтіп, қып­шақ топырағы олардың табиғи нәсілдік қасиетінен жоғары үстем­дік құрды, осылайша, бәрі бір рудың адамындай дәлме-дәл қып­шақтарға айналып кетті...», деп жазды.

Қыпшақтану үдерісі тек этнос­тық жақты ғана емес, қоғамдық өмірдің барлық жақтары мен қырларын қамтиды. XIII ғасыр басында Дешті Қыпшақ аумағын­да орныққан бұрынғы моңғол­дық мемлекеттік жүйе, моңғолдық әкімшілік-басқару құрылымы, моңғолдық билікті мұралану дәс­түрі, осылардың бәрі бір ғасыр ішінде қыпшақтанады. Сол се­бепті де Алтын Орда атауының көп­теген синонимдері ішінде Қып­шақ хандығы атауы жиі ұшы­расады. Билікті мұраға беру дәс­түрінде моңғолдық немесе шың­ғыстық жол бойынша билік әке­ден балаға, одан немереге бе­ріліп отырса, түріктік немесе қыпшақтық дәстүрге сай билік «үлкендік» қағидатына сай ханнан кейін оның бауырларына берілетін болған. Бұл қарама-қарсы екі дәстүрдің көріністері 20 жылға созылған 1360-1380 жылдардағы «дүрбелеңде» анық байқалды.

Сонымен бірге қыпшақтану үде­рісі жергілікті ру-тайпа басшылары – бектердің, әмірлердің, билердің рөлін арттырды. Олар­дың саяси өмірдегі, әсіресе хан­дық басқару мен билікті мұраға қалдырудағы ықпалы анық көрін­ді. Оларды дәлелдейтін тарихи де­ректер көп кездеседі.

XIV ғасырдың ортасы мен XV ғасырдың ортасы тарихнама­мыз­да қазақ халқы қалыптасуының аяқ­талуы кезеңі деп аталады. Бұл кезеңнің соңы XV ғасырдың ортасында Ұлы дала аумағындағы ұлттық сипаттағы мемлекет – Қазақ хандығының құрылуымен аяқ­талады. Қазақ хандығының құрылуы – ел аумағында ежелгі замандардан бері үздіксіздік және сабақтастық қағидаттары негізінде дамып отырған этностық, рухани, мәдени, экономикалық, сон­дай-ақ мемлекеттік дамудың заң­ды қорытындысы. Әсіресе Алтын Орда империясының ыды­рауы барысындағы саяси үде­рістер мен этностық даму өз заңды­лықтарымен дамығанымен, бір тарихи арнада жүрді, бір-біріне өзара әсер етіп, ғасыр ортасында Қазақ хандығын дүниеге әкелді.

Алтын Ордадағы бір ғасырға со­зылған қыпшақтану үдерісі XIV ғасырдың бірінші жартысында мәресіне жетіп, жаңа этно­қауымдастықтың пайда бол­ғандығын көрсетті. Оның атауы «өзбек» деп атала бастады. Алтын Ордадағы «дүрбелең» жылдар империяны сол қанат, оң қанат етіп бөліп жіберді. Сол қанатта Ақ Орда атты мемлекетті Керей мен Жәнібек хандардың арғы атасы Орыс хан (Арыс, Өріс, Ырыс, Ұрыс) құрып, жеке, дербес мемлекет етеді. Сол қанат пен оң қанаттың этностық құрамы бірдей болып, екі қанаттағы ру-тайпалар бір-бірімен мидай араласты. Ортақ тіл, ортақ мәдени, діни, саяси кеңістік оларды өте жақындастырып жіберді. Деген­менде сол қанаттағы табиғи-гео­графиялық және климаттық фак­торлар мен көшпелі мал ша­руа­шылығының ерекшеліктері тұр­ғындарды да ерекшелей бастайды. Империядағы ыдыраушылық үдерістердің күшейе түсуі оларды екі саяси кеңістік шеңберіне бөліп жібереді. Жазба деректер мен кейбір ғылыми-зерттеу материал­дарында сол қанат тұрғындары XV ғасырдың бірінші жартысында «өзбектер», «көшпелі өзбектер» атауымен атала бас­тайды.

Фазлаллах ибн Рузбихан Исфа­ханидың еңбегінде «көшпелі өз­бектердің» маңғыттар, шибандар және қазақтар болып үшке бө­лінетіндігін айтқаны белгілі. Руз­биханның бұл мәліметті қағазға түсірген уақыты – 1509 жыл, яғни бұл уақытта Қазақ хандығының құрылғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтіп кеткен. Ал олай болса, Әбілқайыр ханның билігі тұсында, яғни 1428-1469 жылдары «көшпелі өзбектердің» құра­мындағы бөліктер қалай аталған деген заңды сұрақтың туындауы әбден мүмкін.

Біздің ойымызша, оны білудің еш қиындығы жоқ. «Көшпелі өз­бектер» құрамындағы алғашқы бөліктің маңғыттар деп аталуы – олардың маңғыт ұлысында болуы­нан, шибандар делінуі – Шибан ұлысы аумағында өмір сүруі, ал қазақтар деп жарты ғасырдан кейін аталған ру-тайпалар бұрын қалай деп аталғанын білу үшін, олардың ұлысының атауын білсе болды. Біздің ойымызша, ол ұлыстың атауы – Орда Ежен ұлысы болып, онда өмір сүргендерді ордаежендік ру-тайпалар деп атаған. Біз оларды шартты түрде ордаежендік тайпалар деп атадық. Ордаежендік тайпалардың Әбілқайыр ханнан бөлінуі оларды қазақ атандырады.

Сол кездегі тарихи үдерістер­ге терең зерделеп қарасақ, Әбіл­­қайыр хандығының ең шарық­таған кезі – XV ғасырдың 40-жыл­дарының екінші жартысы. Бүкіл Ұлы дала шибанилық билеуші Әбілқайырдың қол астында болды. Әбілқайыр ханның жеке-дара билігі өскен сайын оған деген жергілікті ру-тайпа бас­шыларының наразылықтары арта түседі. Кезінде 17 жастағы Әбіл­қайырды 1428 жылы хан етіп Дешті Қыпшақтың 71 тайпасының басшылары сайласа, 1457 жылы әскер жию туралы жарлығына бар болғаны Дешті Қыпшақтың 17 тайпасынан ғана жасақ жиналады. Бұл мемлекетті моңғолдық дәстүрге сай билеуді қайта орнатпақ болған Әбілқайыр ханға қарсы халық наразылығының көрінісі еді.

Ру-тайпа жетекшілерінің нара­зылықтары Әбілқайыр ханға қар­сы болған жошылық сұлтандар – Керей мен Жәнібек сұлтандардың түпкі мақсаттарына сай келеді. Олардың мақсаты – Ұлы дала­да­ғы жошылық әулеттің билігін қалпына келтіру болды. Басқаша айтқанда, Ақ Орда хандарының билігін қайта орнату еді.

Әбілқайыр ханнан алдымен 1449-1450 жылдары маңғыттар бөлініп, Сарайшыққа қарай ке­теді. Кейін сол бөлінгендер Но­ғай Ордасы атты мемлекетті дү­ниеге әкеледі. Екінші болып 1457 жылдың күз айларының басында шибанилық Бүреке сұлтан әке­сі Жәдігерді хан көтеріп, шибан ұлысының жартысын бөліп әкетеді. Кейіннен осы әулеттен Хиуа ханы Әбілғазы танымал болады. Ал үшінші бөліністі 1457 жылдың күз айларының соңында Керей мен Жәнібек сұлтандар бас­тап, ордаежендік тайпаларды Әбілқайыр ханнан бөліп әкетеді. Олар Шу өзені мен Қозыбасы тауы аралығындағы жерге қоныс теуіп, өз хандығын құрады. Оларды алғашында «өзбек-қазақтар» деп атаса, мемлекетін Қазақ хандығы деп атайды. Алғашқы қазақ ханы болып Керей хан сайланады.

1469 жылы Әбілқайыр хан 57 жасында қайтыс болады. Бір-екі жылдан кейін мұрагері Шайх-Хайдар хан қаза табады да, ши­банилық әулеттің өкілдері Ұлы дала­дан қуылады. Жәнібек хан бас­таған қазақтар Дешті Қыпшақта өзде­рінің билігін толығымен және түпкілікті орнатады. Содан кейін бүкіл Дешті Қыпшақтың ру-тай­палары «қазақтар» деп аталады. Сол кездерден бастап Дешті Қып­шақтың жаңа атауы пайда болады. Ол – «Қазақстан» атауы, мағынасы «қазақтардың мекені» дегенді білдіреді. Сол кезден бері жарты мың жылдан астам уақыт өтсе де «Қазақстан» атауы өз мәнін өзгертпей келеді. Ол дегеніміз – біріншіден, Қазақ хандығының та­мыры өте тереңде жатқанын аң­ғартса, екіншіден, Қазақ ханды­ғы нағыз қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекеті екендігін көрсетеді.

 

Берекет Кәрібаев,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ҰҒА академигі