Тарих • 16 Желтоқсан, 2023

Ұлт зиялыларының қазынасы

293 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

ХХ ғасыр басындағы әде­биет өкілдерінің ішінде ғұмыр­баяны толық анық­тал­маған, шығар­ма­шы­лы­ғы жөнін­де іргелі зерттеулер жүргізілмеген тұл­ға­ларды анықтау, шы­ғар­­машылық мұрасын жи­нақ­тау, алғы сөзі мен ғылы­ми түсініктерін жазып кітап­тарын шығару, олар­дың сая­си қуғын-сүргінге ұшы­рау себептерін талдау – ма­ңыз­ды мәселелердің бірі.

Ұлт зиялыларының қазынасы

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Алаштану ғылымы ұлттық ғылым саласының ең бір өзекті тақырыбы десек қателеспейміз. Бұл салада жыл сайын тың деректер табылып, ғылыми айналымға жаңа мәліметтер, архивтік материалдар қосылып, оның көкжиегі кеңейіп келеді. Кейінгі он жылдың мұғдарын­да жарық көрген кітап­тарды, нақ­тырақ айтқанда, академик М.Қой­гел­диевтің екітомдық «Алаш қозғалысы» монография­сы, профессор Т.Жұртбайдың «Ұраным – Алаш» үштомдығы, академик Д.Қамзабекұлының «Алаш арқауы» зерттеуі, PhD С.Жүсіптің «Қазақ жерінің жоқшысы» атты екітомдығы, профессор С.Жұмағұлдың «Алаш қайраткерлерінің нақыл сөздері» сериясы, әдебиетші Е.Тілешевтің «Қайнар» кітабы, тілші ғалым О.Жұбайдың лингвистикалық зерттеулері ғылыми орта мен қоғам талқысында танылған таңдаулы еңбектер екені даусыз ақиқат.

Кейінгі үш жылда жазылып шыққан еңбектердің айқын дәлелі – жас алаштанушылардың бастамасымен құрылған Qyr balasy білім, ғылым қоғамдық қорының «Алаш кітапханасы» сериясымен жарық көрген кітаптар топтамасы. Бұл ауқымды жобаның ізашары – Алаш қайраткері Ғазымбек Бірімжанның (1896-1938) шығармалар жинағы. «Алаш» партиясының бағдарламалық жобасына қатысушы, 1921-1922 жылғы аштық кезінде сөзімен де, ісімен де халыққа жанталаса көмектескен, «Ақ жол» газетінің редакторы, мал дәрігері, агроном-ғалым, Берлинде оқыған тұңғыш қазақ, бүгінгі тілмен айтқанда «болашақ­кер» Ғазымбек Бірімжанның шығармалар жина­ғы күні бүгін­ге дейін жарық көрмеген еді. Қостанайдағы Ахмет Байтұр­сынұлы университетінің магистранты Данияр Ихсан ғалым Елдос Тоқтарбайдың жетек­шілігімен 2021 жылдың ақпанына дейін Алаш арысының мұрасын іздеу, жинау, жүйелеу жұмыстарын жүргізіп, нәтиже­сінде, 250 беттік кітап дайындады. Бұл – ғазымбектанудың алғашқы баспалдағы. Жас зерт­теушіміз бұл тақырыпты одан әрі тереңдете ізденіп, биыл Ғазымбек Бірімжанның «Алаш ұранды қазақ халқы» атты шығармалар жинағының екінші басылымын жарыққа шығарды. Отыз баспа табаққа жуық көлемді еңбекте қайраткер-қаламгердің ұлттық маңызы зор жобалары, әдеби-публицистика­лық мұрасы, қоғам­дық-саяси мақалалары, ашаршылық кезін­дегі үндеулері, қуғын­дауда жүргеніне қарамастан жазған ғылыми еңбектері, мұна­қып­тары енгізілді, оның өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі мен шығармашылығы туралы әр жылдары жазылған зерттеу­лер, естеліктер топтастырылды. Тың архив деректері мен фотосуреттері беріліп, библиографиялық көрсет­кіш­тері тізілді.

Қоғамдық қор жұмысының аясында біз алаштанудағы ақтаңдақ есімдерді қайта жаңғыртуды жалғастырдық. Тәуелсіздік алғалы отыз жылдың бедерінде Алаштың 26 қайрат­керінің ғана кітабы шығып, ел-жұртқа таныстырылған. Бұл – өте аз көрсеткіш.

Алаштың ренессанстық кезе­ңін­де бір ғана сойдың өзінде үш Малдыбайұлы бар. Олар: Біләл, Мұстақым және Берікбол. Екі жыл бұрын алаштанушы Елдос Тоқтарбай Қарағандыдағы Е.Бөке­тов­ университетінің профессоры Нұрсахан Ахмет­қы­зының ұйытқы болуымен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­теті «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының қолдауымен Алаш мұғалімі, ақын, журналист, қарқаралылық Мұстақым Мал­ды­­байұлының тұңғыш кіта­бын жарыққа шығарса, жас зерт­теуші Ерден Нұрахметтің құрас­тыруымен ақмолалық Алаш тұлғасы, журналист, дәрігер Біләл Малды­­байұлының мұрасы Ақмола облысы әкімдігінің жәр­демімен кітап болып басылды. Ал үшінші Мал­ды­байұлының – жазбаларына «Аягөз қазағы» деп қол қоятын Берік­­бол Малды­бай­ұлының шығар­­ма­лары қазір жинақталып жатыр.

Біләлмен аттас екінші тұлға – Біләл Сүлейұлы. Жетісудан шық­қан Алаш қайраткері – әйгілі Мамания мектебінің түле­гі. Әдебиет классигі Ілияс Жан­сү­гі­ров­тің жақын туыс ағасы. Қазақ жеріндегі алғашқы заманауи білім ордаларының, білім мекемелерінің құрушысы, ұйымдастырушысы, Ақтөбе, Семей қалаларындағы универ­ситеттердің негізін қалаған білім жүйесін ұйымдастырудың хас шебері, білікті менеджері болған Біләл Сүлейұлы да жазу-сызудан шет болмаған. Елдос Тоқтарбай Алаш тұлғасының өлеңдері мен мақалаларының басын қосып, «Үміт» атты тұңғыш шығармалар жинағын бастырды.

Алаш тұлғаларын маман­дық­тарына сай жіктеп айтар болсақ, әдетте, қалам ұстаған ағайынның айтып-жазары жиірек қозғалатыны сияқты, ақын-драматург, жазушы-журналистердің еңбектері алдымен жарияланып шығып жататыны белгілі. Алаш мұғалімдерін де осы қатарға қосуға болады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының адал шәкірті бола білген тілші ғалым, көсемсөзші Абдолла Байтасұлының да жекелеген еңбектері зерттеліп жүргенімен, бір емес, бүкіл мұрасы кітап болып шыққан жоқ. А.Байтасұлының шығармашылық мұрасын сан алуан, әртүрлі тақырыпта жазған құнды дүниелері қазіргі заманда да маңызын жоймайтын рухани қазына. Алаштанушы Ұшқын Сәйдірахманұлы құрас­ты­рған, бас-аяғы жып-жинақы үш томдықты құрайтын Абдолла Байтасұлы еңбектерінің алғашқы томы «Көркем әдебиет туралы» деген атпен оқырманға жол тартты. Мұндағы кесек туынды – «37 мемлекет» деп аталатын, өз заманында жоғары бағаланған, айрықша еңбек. Олай дейтініміз, бүгінгідей ғаламтор жоқ, карта­ның өзі қат кезеңде әлемнің таңдаулы елдерінің сипаттамасын жазу оңай шаруа болмаса керек. Жағырапиядан оқулық жазу – білімдарлықтан бөлек, нақтылықты, ыждағатты талап ететін машақатты жұмыс. Алаш зиялысы еңбектерінің кезекті томдарын алдағы уақытта басып шығарып, оқырман қауымды қуантамыз деп ойлаймыз.

Ахмет Байтұрсынұлының ой-мұраты төңірегінде топтасып, әсіресе латын жазуына байланысты ғылыми талас-тартыстарда ұлт ұстазының ұста­нымын қорғағандардың бірі Сейітбаттал Мұстафаұлы болғанын біреу білер, біреу білмес. Ауылындағы атақты меценат Әлти болыстың ықпалымен он алты жасында Ыстанбұл шаһарында білім алып, Семейде еңбек жолын бастаған Сейітбаттал Мұстафаұлының кітабын шығару – біздің маңдайымызға жазылған бақ. Туған қызы Нұртай (Нәдия) апамызбен «Қазақ» газеті арқылы сырттай байланысып, 2016 жылы алғаш рет Алаш оқығаны туралы қалам тербеп, мақала жариялаған едік. Кейін жас жазушы, драматург Әлібек Байбол С.Мұстафаұлының өмірі мен шығармашылығы жөнін­де ғылыми жұмыс жазып, Қазақ­стан­ның демократиялық «Ақ жол» пар­тиясы ұйымдастырған «ХХІ ғасыр­дағы Алаштың Ақ жолы» байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Сөйтіп, өлкетануда есімі аталып қала­тын Алаш тұлғасының есімі, шығармашылығы, қоғамдық қызметі зерттеуге ұласып, жеке жинағын шығару ісіне жалғасты. Сейітбаттал Мұстафаұлының «Имам Ғазали» атты тұңғыш шығармалар жинағында оның әдеби, публицистикалық мұрасы қамтылып, Нәдия Баттал­қызы­ның қолындағы архивтік құжат­тар мен фотосуреттерді де бас­тырып, кітап етіп шығардық. Бір өкініштісі, әкесінің өмір бойы күткен еңбегін апамыз көре алмай кетті. Кітап шығудан екі ай бұрын әке портретін құшақтаған әзиз ана бақи дүниеге аттанып кете барған... Биыл Мәскеудегі ғылыми-танымдық экспе­диция барысында Мәскеу мем­л­­е­кеттік кітапханасының шығыс­тану бөліміндегі сирек кітаптар қорында Сейітбаттал Мұстафаұлының «Зуфнун» атты аударма кітабын тауып алып, елге сүйіншіледік.

Осы жылы «Алаш кітап­ханасы» сериясы бойынша су жаңа тоғыз кітап жарық көріп отыр. Бәрі де Алаш оқығандары, Ақаңша айтқанда, ұлт жұмысы жолынан қайтпаған «қалам қай­рат­керлері».

ХХ ғасыр басындағы аса көр­некті қайраткер, қазақ баспа­сөзі­нің негізін қалау­шы­лардың бірі Елеусіз Бұйраұлының (1874-1933) ұстаздық-ағартушылық, жур­­налистік қызметі ұшан-те­ңіз. Ол – қазақ музей ісінің қа­лып­­­тасуына да өз үлесін қос­қан тұлға. Алматыдағы бүгінгі Орта­лық музейде ғылыми қыз­­мет­кер болған, сол қара­ша­­ңы­рақ­тың экспозициясын жаса­ған алғашқы маманның бірі еді. Бодан­дық қамытын киген қасі­рет­­­­ті жылдары азапталған елін ояту мақсатында «Ызың» деп кітап шығарып, халықтың рухын көте­­руді мақсат етті. «Ызың» өлең­­дер жинағы – отар­лық билік­ке, әкімшіл-әміршіл жүйеге бағыт­тал­ған қарсылық дауысы. Бұл кітап­қа сол заманның айтулы ақын­дары Мағжан Жұмабай, Мұс­­­та­қым Малдыбайұлы, Ахмед­­­қали Мамытұлы сынды­ бауыр­­­­­ла­ры­ның өлеңдерін енгі­зіп, 1912 жылы Орал баспаханасы­нан бас­­ты­рып, таратқан еді. Небәрі 27 бет­тен тұратын туын­ды­ға ақын­ның бас­қа­ да публи­цис­ти­ка­лық­­ мұрасын ен­гі­зіп, ол туралы ес­те­­ліктерді жинап, кі­тап етіп құ­рас­­­тырған – Қарақат Сағы­ныш­­­қызы 10-сынып оқушысы ғана.

Ал ақын әрі журналист Кен­же­­­ға­ли Ғабдоллаұлының ғылыми, әдеби және публи­цис­тика­лық мұрасы, оның тұлғасына қатысты архив құжаттары, әр жылдары жазылған зерттеулер мен естеліктер қамтылған кітаптың атауы оның осы аттас мақа­ласымен «Қазақтың қамы» деп аталды. Мұны құрастырып дайындаған - Кенжеғалидай зиялының ұрпағы Гүлзат Бигелді есімді қарындасымыз. «Қазақ балаларына жәрдем» атты әліппе оқулығы, «Мехнаттың себебі», «Жиырмасынша ғасыр жастарына», «Әйелдер хақында», «Ишан­дар­дың қызметі», «Қазақтың тәр­қы заманы», «Қалаған емле­міз», «Мезгілсіз емтихан», «Алаш­ азаматтарына» сынды әр тақы­рып­тан жазған мақалаларын өзек­ті­лі­гін, құндылығын жойма­ған қазы­на деп білеміз.

XX ғасыр адамзат үшін, қазақ жұрты үшін ауыр, зұлмат-зоба­лаңға толы ғасыр болғаны аян. Кер заманның кесірі кімге тимеді десеңізші. Нақақтан-нақақ атылып, қудаланып, жазықсыз айып­­­­тал­ғандардың қарасы мол. Жағасын жатқа ұстатпаған, еңсе­сін тік, рухы өр тұлғаның бірі – Алаш қайраткері, ағартушы, ұстаз, әнші-композитор Қапез Байғабылұлы (1896-1939). Ел арасында «Қапездің әні», «Қапездің қоштасуы» деген әндер көп таралған. Қапез де жаңа заман, тәуелсіз елде ұлықталмай жатқан ерлердің бірі еді. Тұлғаның ән мұрасы белгілі болғанымен, публи­цистикалық еңбектері бір ортаға жинақталмай, әр жерде жатқанынан хабардармыз. Бұл олқылықтың орнын тол­тыр­ғандар – жазушы Әлібек Бай­бол­ мен жас зерттеушілер Ертай Біләл, Самал Айыпжан. Ақын өле­ңінде айтылатын «Алаш қонған ақбоз үй» кітаптың атына арқау болды. «Тілші» газетіне жазып, тілшілік қызмет атқарған Қапездің «Ескергені осы ма?», «Қосшы тіршілігі», «Аткезшімен күресу», «Жазықсыз 20 қара сойылды», «Мектеп мәселесі ескерусіз қалды», «Болыстық сайлау жақсы өтті», «Кімнен қанша алынды» мақалаларынан өз заманына бейжай қарай алмайтын қағілез қайраткер тұлға болғанын аңдағандаймыз.

Алдағы жылы туғанына 130 жыл толатын тұлғаның бірі – Нұғы­ман Манай (1894-1938). Өз заманының белгілі ағартушысы ол қаламы жүйрік жорналшы, қарымы кең қаламгер, білгір әдеби аудармашы ретінде танылған. Уфадағы «Ғалия» медресесінде білім алған 1916 жылдары Жиенғали Тілепбергенұлы, Бейімбет Майлин сынды қатар­лас­тарымен бірігіп, «Садақ» қол­жаз­ба журналын шы­ғарған. Осы қай­рат­кердің ғұмыр­на­масы мен шығармашылық мұра­сын түгендеу үшін қолына шырақ алып соңына түскен Ертай Біләл бауырымыз отандық және ресейлік архивтер мен кітапхана қорларынан көптеген тың материалдар тауып, әсіресе «Қосшы ұйымының VII сиезінде жасаған жолдас Манайұлының баяндамасы», «Тіл жайында», «Иман-ислам» кітаптарын, сосын ескі жазумен жазылған қайраткердің көптеген мақаласын қазіргі қолданыстағы әліпбиімізге түсірді. Ұмытылған боздақтың әр сөзін мұқият оқып, өмірін, қоғамдық-саяси, мәдени қызметін хронологиялық тәртіппен жіті қарастырып, бірізділікке жүйе­леп, реттеді. Асылдың қуғын-сүр­гіннен аман қалған ұрпағы, шө­бересі Мадина Серікқызын та­уып, сұхбаттасып, беймәлім дерек жинаған. Десек те осы бір ғана кітаппен қайраткер-қаламгер Нұғы­­ман Манайдың шығармалары то­лық қамтылды, жиналды деп әсте айта алмаймыз. Алдағы уақытта жур­­налист, аудармашының белгі­сіз­ мұраларын тауып, ізденісін тұрақ­­ты жалғастыратынына сенім арта­­мыз.

Міржақып Дулатұлының даң­қын қазақ арасы ғана емес, Ресей­де­гі түрік әлеміне тұтас жайған, қазақ арасына таралып кеткен кітап­тың бірінші (1909, Уфа) және екінш­і (1911, Орынбор) басылымын патша жандермиясы қайта жинап алдырған, сөйтіп, қазақ әдебиетінің тарихындағы ең көп қудаланған шығарма болған «Оян, қазақтың» ізін ала көп ұзамай «Тұр, қазақ» шығармасы өмірге келді. Оның авторы Байбатыр Ержанұлы (1892-1939) – репрессияға ұшы­рап, ерте кезеңде ақталғанына қара­мас­тан, оқу-ағартудағы қыз­меті мен шығармашылық еңбек­тері ескерусіз қалып, әдебиет тари­хы­нан лайықты орнын ала қоймаған талант иесі. Байбатыр Ержанұлының «Тұр, қазақ» кітабы, «Айқап» журналында жарияланған әртүрлі жанрдағы шағын еңбектері, публи­цис­ти­калық мақалаларынан өзге шығар­малары, атап айтқанда, «Әй, күнелту» өлеңі, «Қазақ мұға­лімдері халінен», «Бозба­ла­ларымыздың түрі», «Фронттың теңелуі шарасыз» мақалалары, «Есенбай», «Ораз молла», «Сағипа» сияқты пьесалары ғылыми айналымға енбеген.

Шығармашылық мұрасына қарай отырып, Байбатыр Ержан­ұлы­­ның еңбек жолы аз, шағын жанр­­лардан емес, бірден ірі, іргелі туындылардан басталғанын бай­қай­мыз. Қолымызға түскен үш үлкен шығармасының ішінде соқ­та­лысы да, шоқтығы биігі де «Тұр, қазақ!» кітабы. Бұл еңбек бұрын да, атап айтқанда «Дулатұлы Мір­жа­қып. Оян, қазақ!; Байбатыр Ер­жан­ұлы. Тұр, қазақ!; Әбілқасым Арғыни. Жатпа, қазақ!» (өлеңдер/Құраст.: Т.Қыдыр, К.Мұстафаева, Ұ.Қыдыр. – Алматы: Таңбалы, 2016) деген атпен жинақ болып басы­лып шыққан еді. Бұл жолы оның шығармаларының ғылыми не­гіз­дері (факсимиле, транслитера­ция, транскрипция) сақтай отырып,­ жария­ладық. Бұл ғылым үшін маңызды зор қадам болды деп есептейміз.

Байбатыр Ержанұлының туған немересі Сәуле Тельман­қызының атасының кітабы үшін қалай еңбектенгенін көрсеңіз... Алаш ардақтысының әрбір өмір дерегін там-тұмдап іздестіріп, фотосуреттер мен архив құжаттарын сары майдай сақтап бізге тапсыруының сыры қалтқысыз сенімде жатса керек.

«Алаш кітапханасы» серия­сы­ның қазақ оқығандарының өз шығармаларын іздеп, жинап, жарық­қа шығаруынан өзге бүгінгі заманғы алаш­танушылардың да зерттеу еңбек­терін оқырмандарға жетуіне мүдделі. Осы орайда Е.Нұрахметтің «Алаш арысы Біләл Малдыбайұлы», Е.Тоқтарбайдың «Алаш сөзі»,­ осы жолдар авторының «Тола­ғай» сынды еңбектерін айтамыз, сондай-ақ профессор Т.Жұрт­бай­­дың «Ұлт ақыны және «Жан сөзі», жазушы­ Б.Қойшы­баев­тың «Ағайынды Әділұл­дары – азаттық күрескерлері», А.Құмыр­зақ­­ұлының «Нар тұлға Науан хазі­рет» кітаптарының да әлі ­сиясы кеуіп үлгерген жоқ.

Алаштану ғылымындағы соңғы зерт­теулер дегенде көзбен көріп, қол­мен ұстап, оқып шыққан осы еңбек­терді айтар едік. Себебі «Алаш кітапханасы» сериясының кітап­тарының отан қауіпсіздігі, ұлт тұтас­тығы және ұлттық ғылымның дамуы үшін маңызы да зор. Бұл кітап­тардың барлығы да бұрын-соң­ды жарияланбаған, бірегей еңбек­тер.

 

Заңғар КӘРІМХАН,

Ә.Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, алаштанушы