Көрмеге отандық және шетелдік қылқалам шеберлерінің 270-тен аса жұмыстары қойылды. Олардың дені: кескіндемелік, графикалық, мүсін, гобелен, керамика және киізден жасалған бұйымдар. Әсіресе ұлттық бейнелеу өнерінің барлық буынының картиналарында халқымыздың тарихы, өмірі, тұрмысы шынайы бейнеленген. Бір жағынан, мұнда Суретшілер одағының 90 жылдық тарихы тұнып тұр. Сондай-ақ басқа да суретшілердің туындыларында табиғаттың сұлулығы, үйлесімділігі, аңыздар мен ежелгі құпиялар, қазіргі дала мен қала өмірі барынша көрініс тапқан.
Іс-шараның ашылуында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров Суретшілер одағының 90 жылдық мерейтойы туралы жылы лебізін білдіріп, министр Аида Балаеваның құттықтауын оқып берді. Одан кейін сөз алған Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов: «Биыл – біз үшін ерекше жыл. Біздің Одақтың құрылғанына 90 жыл толды. Соған орай өтіп отырған көрменің ерекшелігі – оған отандық қана емес, 10 елдің суретшілері де қатысып, қолдау көрсетті. Осында қойылған шетелдік қылқалам шеберлерінің туындылары Ұлттық музей мен Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының қорына тапсырылады. Осы іс-шараны өткізуге мұрындық болған барша ұйымға алғысымды айтамын», деді ол.
Сонымен қатар іс-шара аясында дөңгелек үстел мәжілісі өтіп, онда Қазақстан Суретшілер одағының тарихы, оның іргесін қалаған тұлғалар туралы және одақтың бүгінгі хал-ахуалы жайында тың ойлар, парасатты пікірлер айтылды.