Медицина • 20 Желтоқсан, 2023

Медицина: өлім-жітім көрсеткіші төмендеді

82 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл отандық денсаулық сақтау саласында  «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Астанада бірегей жабдықтармен жарақтандырылатын Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталып келеді.  Бұл туралы Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сүйеніп хабарлайды.

Медицина: өлім-жітім көрсеткіші төмендеді

Фото: primeminister.kz

«Осы жылы стационарларда 3 млн-ға жуық адам көмек алды, алғашқы медициналық-санитариялық көмек желісі 90 миллионнан астам адамды қабылдады, 360 мыңнан астам нәресте дүниеге келді (11 айдың қорытындысы бойынша), жедел медициналық жәрдем күштерімен 8 млн шақырту бойынша көмек көрсетілді.

Өткен жылғы көрсеткішпен  салыстырғанда 10 ай ішінде халықтың жалпы өлім-жітімінің көрсеткіші 5,7%-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім-жітім – 6,9%-ға, қатерлі ісіктерден – 0,6%-ға, тыныс алу органдары ауруларынан – 4,7%-ға, туберкулезден 22,1%-ға төмендеді. 11 айда нәресте өлімі 9,6%-ға, ана өлімі 24,4%-ға азайған.

Осы жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 2,5 трлн теңге бөлінді. Амбулаториялық деңгейдегі шығындар ұлғайтылып, жалпы көлемнің 56%-ын құрады. Бұл ретте медициналық оңалтуды қаржыландыру 13 есеге – 2019 жылғы 6 млрд теңгеден 2023 жылы 78,1 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Жалпы Қазақстан 2027 жылға қарай медицинаға жұмсалатын шығыстардың үлесін ІЖӨ-нің 5%-на дейін жеткізу жөніндегі мақсатқа жету үшін сенімді түрде қадам басып келеді.

Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 2 еседен астам ұлғайды және 237 млрд теңгені, оның ішінде орфандық ауруларды емдеу 51,8 млрд теңгені құрады. Барлығы 3,9 млн пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.

Республиканың 20 медициналық ұйымында дәрілік заттардың пациентке дейін (таңбалау, кодтау) жетуін қадағалауға мүмкіндік беретін дәрілік заттарды бөлудің толық циклі іске қосылды.

Медициналық мекемелер үшін 58,8 млрд теңгеге 514 бірлік медициналық техника сатып алынды. Медициналық ұйымдардың медициналық жабдықтармен жарақтандырылуы 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда 2,5%-ға ұлғайып, 84,15%-ға дейін жетті. 2023 жылы көрсетілген консультациялық-диагностикалық қызметтердің саны 2,5 есеге артып, 324 млн-нан асты. Биыл 1,1 млн адам қымбат диагностикалық қызмет түрлерін (КТ/МРТ) алды», делінген хабарламада.

Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту бағытында да ауқымды істер атқарылды. Алматы облысында Оңтүстік Кореяның SGP фирмасымен бірлесіп шприцтер өндіру жобасы іске асырылды. Алматыда Оңтүстік Кореяның Samsung Madison компаниясының жоғары және сараптамалық кластарының ультрадыбыстық стационарлық диагностикалық жүйелерін шығару жолға қойылды. Маңғыстау облысында есту аппараттарының өндірісі, Солтүстік Қазақстан облысында сәулелендіргіштер мен бактерицидтік ауа рециркуляторларының өндірісі, Шымкентте сүзгіш жартылай маскалар өндірісі, Қарағандыда клапаны бар KN95 медициналық респиратор маскаларын өндіру желісі, Жамбыл облысында қуаттылығы жылына 270 млн бірлікке дейін бір рет қолданылатын стерильді шприцтер өндірісі іске қосылды.