Парламент • 20 Желтоқсан, 2023

«Тірідей көр қаздырған». Ринат Зайытов күштік құрылымдардан қорлық көргендердің шағымын жеткізді

277 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов құқық қорғау органдары қызметкерлерінен қорлық көрген біршама азаматтардың барын айтып, Шымкент пен Өскемендегі таныс-тамырлыққа сүйенген қылмыстық істің қайта-қайта неге тоқтатыла беретінін білмекке Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдады, деп жазады Egemen.kz.

«Тірідей көр қаздырған». Ринат Зайытов күштік құрылымдардан қорлық көргендердің шағымын жеткізді

Мәжілісмен шымкенттік жалғыз басты ананың арызын бүгінгі жалпы отырыста ортаға салды. Ол қарапайым халықтың тірлігі тиісті мемлекеттік мекемелерден тынбағаннан кейін соңғы үмітін үкілеп депутаттарға жүгінетініне назар аударды. 

«Депуттардың атына жолданған хаттарда аймақтардағы күштік құрылымдардың, нақтылап айтсақ, Прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне шағымданатын хаттардың саны баршылық. Оларға Алматы, Шымкент, Өскемен, Семей, Жаңаөзеннен жеткен хаттарды жатқыза аламыз», деп депутат адамның құқығын, бостандығын қорғайтын күштік құрылымдардың қызметкерлері лауазымын жеке пайдаға жұмылдырып жатқанын алға тартатын мысал келтірді. 

«Шымкент қаласының тұрғыны жазғызбасты ана, баласымен шамамен 4 млн теңгесін алаяқтарға алданып алдырған. Бұл фактті анықтаған жәбірленушілер Шымкент қаласы Еңбекші ауданы полиция басқармасына арызданған. Алайда өтініш иесінің айтуынша айыпталушының құқық қорғау орган қызметкерлерімен таныстығының арқасында қылмыстық іс бірнеше рет тоқтатылған. Жәбірленуші мен оның ұлына ашық түрде қоқан-лоққы көрсетілген. Сонымен 2021 жылдың тамызында қозғалған іс бүгінге дейін сотқа жетпеген», деді депутат.

Ринат Зайытов фракция депуттарының алдына жүгінген келесі мәселе, тіпті, жаға ұстатарлық екенін баяндап берді.

«Сондай-ақ қоғамдық қабылдауға келген Өскемен қаласының тұрғыны өтініш иесі Тотанованың атынан арыз қалдырып, айтып жеткізген жайт, тіптен, ойға қонымсыз. Оның айтуынша, аймақтық күштік құрылым қызметкерлері өзіне тірідей көр қаздырып, азап көрсеткен. Осындай істі сотқа жеткізбеу не істі қозғамау, билігін асыра пайдалану т.б іс-әрекеттерді әріптестерім де айта алады», деді Зайытов.

Ол сондай-ақ, қыздарға қорлық көрсеткен Ішкі істер қызметкерлерінің әрекеттерін де сынға алды. Құзыретін қылмысты азайтуға емес, табысын көбейту үшін пайдаланғандарға неге шара қолданылмайтынын сұрады. Депутат құқық қорғау қызметтерінде осындай істерді қарайтын топ құруды, тиісті жаза қолдану керек екенін айтты.