Негізінен цифрлық теңге қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз да ұлттық валютаның үшінші нысаны ретінде есептеледі. Бұл инновациялық әрі қаржылық қызметтерді жүргізу үшін блокчейн технологияларын пайдалана отырып, дәстүрлі қаржы және цифрлық активтер арасындағы айналымның бір түрі ретінде қолданысқа енеді деп түсіндіреді мамандар.
Ұлттық банк цифрлық валютаны енгізу жөніндегі жұмыстарды 2021 жылдан бастап қолға алған. Қолмен ұсталынбайтын сиқырлы теңгені одан әрі дамытып, 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жұмыстары басталып та кетті. Биыл нарық қатысушыларының жүйелері бойынша интеграцияны сынақтан өткізді.
Бас банк CBDC жобасының аса маңызды драйвері, қаржы нарығының қатысушыларымен тиімді байланыс орнатуға қолайлы екенін айтады. Дүниежүзінде бірнеше қанатқақты жобалар жүзеге асырылып жатыр, олардың арасында Қытай, Бразилия, Ресей Орталық банктері мен Еуропалық Орталық банктері бар. Келешекте бізде де бірнеше екінші деңгейлі банктердің қатысуымен цифрлық картаны іске қосу және қолданыстағы төлем механизмдерін (QR және POS терминалдары) ЦТ платформасымен біріктіру жоспарланып отыр. Қараша айында ұлттық валютаның 30 жылдығына орай Mastercard платформасында Еуразиялық банк шығарған жаңа дебеттік картаның тұсауы кесілді. Цифрлық картаны пайдалану арқылы алғашқы сатып алуды Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинұр Жәленов жасады.
Жалпы, цифрлық теңге шотындағы қаражатты әлемнің қай жерінде болсын картамен төлем жасауға қолжетімділік қарастырылған. Бүгіндері Еуразиялық банк өз сайтында CBDC картасы туралы жеткілікті түрде толық ақпаратпен қамтып отырған жалғыз қаржы институты деуге болады.
Бұл ретте цифрлық теңгенің банк картасынан артықшылығы, картаны тұтынушының смартфонында, сағатында немесе әмиянында сақтауға, бизнес үшін жеңілдетілген инфрақұрылым жаңартуларын қажет етпей-ақ қабылданған төлем әдістерін одан да кең таңдауды қамтып, карта ұстаушыларын алаяқтықтан қорғайтын әрі қауіпсіздікке кепілдік беретін озық технологиялар мен Mastercard ерекшеліктерімен негізделеді. Ал қаражат Ұлттық банктің цифрлық шотында сақталып, кепілдендірілген сомаға нормативтік шектеулер бар қарапайым карталардан, ағымдағы шоттар мен депозиттерден айырмашылығы мемлекет толық кепілдік береді. Халықаралық институттардың болжамдары бойынша, 2030 жылға қарай айналымда 15 бөлшек және 9 көтерме CBDС болуы мүмкін. Бүгінгі таңда әлемдік ІЖӨ-нің 98%-ын құрайтын 130 мемлекет қандай да бір жолмен CBDС құру мүмкіндігін зерттеп, қарастыруда. 64 ел біліктіліктің озық сатысында тұр. 4 юрисдикция өздерінің цифрлық валюталарын енгізген. Бұл жобалардың түгелге жуығы шешім қабылдау стратегиясындағы ұсынылған тәсілдерге әсер ететін бірқатар параметр бойынша ерекшеленген. Олардың ең маңызды айырмашылығы – Орталық банктердің өздеріне қойған мақсаттары мен міндеттеріне байланысты болып тұрған жайт.
Мәселен, Нигерияның цифрлық валютасы е-найра дамуы 2017 жылы басталып, 2021 жылы төлем құралы ретінде ресми түрде іске қосылған. Швед электронды кронасын енгізу жөніндегі жұмыстар сол жылы қолға алынғанымен, 2020 жылы қанатқақты жоба аясында цифрлық валютаны енгізуді орнықтыру әлі жалғасып келеді екен.
Жақында еліміздің бас банкі цифрлық валютаны енгізудің бірінші кезеңін қорытындылау туралы «Цифрлық теңге: бірінші кезеңін іске асыру нәтижелері» жөнінде баяндамасын жариялады. Жобаны 2024-2025 жылдары аралығында жүргізуді жоспарлап, оған Visa, Mastercard секілді халықаралық төлем жүйелері мен Халық банкі, Altyn Bank, Еуразиялық банк пен БанкЦентрКредит сияқты екінші деңгейлі 4 банк қатысқан. Қазіргі кезеңде жобаға қатысушы – банк клиенттеріне цифрлық шоттар арасында төлем жүргізу мен аударма жасауға болады. Мектеп оқушыларының тамақтану төлемін Алматы қаласы әкімдігі мен «Қазпошта» АҚ бірлесіп, «цифрлық ваучерлер» қанатқақты жобасын іске қосты. Эксперименттік контурдағы жұмыстар Digital Tenge Ideathon 2022 идеялар байқауында жеңіске жеткен нарық қатысушыларының ойларын сынақтан өткізуді, трансшекаралық төлемдерді, цифрлық теңгемен қамтамасыз етілген стейблкоиндер шығаруды және бағалы қағаздарды токенизациялауды тестілеу де қамтылған.