Денсаулық сақтау саласына қаралған қаражат қалай игеріледі, қай бағытқа басымдық беріледі деген сауал қоғамды, соның ішінде медицина мамандарын толғандырса керек. Негізі Денсаулық сақтау бюджетін жоспарлау кезінде ең әуелі медициналық көмекке қажеттілік, өңірлер бөлінісінде сырқаттанушылық деңгейі, демографиялық көрсеткіштер, инфрақұрылым, дәрігерге сұраныс және басқа да мәселелер ескеріледі екен. Бұл ретте стратегиялық жоспарлар, даму бағдарламалары, әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарына және өңірлердің нысаналы индикаторларына сәйкес басымдықтар назардан тыс қалмайды. Бұл туралы бізге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жоспарлау және болжау департаментінің басқарма басшысы Сайран Оспанова тарқатып айтып берген еді.
– Аймақтардан түскен өтініштерді жергілікті атқарушы органдар жинап, қорға жібереді. Әрі қарай бюджеттік заңнамаға сәйкес бюджеттік өтінім құрылып, ол белгілі бір мерзімде уәкілетті органмен МӘМС жүйесіндегі бюджет қаражаты мен түсімдер лимиті шегінде пысықталады. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және МӘМС жүйесі шеңберіндегі қаражат көлемі уәкілетті органның бұйрығымен бекітілген медициналық көмек түрлері бойынша қолданыстағы тарифтерді ескере отырып есептеледі. Орайы келгенде айта кетер болсам, келер жылы Денсаулық сақтау саласына қаралған қаражат көлемі 2,8 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде ТМККК – 1,6 трлн теңге, ал МӘМС жүйесінде 1,2 трлн теңге көзделген. Келер жылғы қаржы 2023 жылмен салыстырғанда 9%-ға өскен. Оның ішінде консультациялық-диагностикалық қызметтерге жолдама 25%-ға артты. Сонымен қатар стационарлық көмек пен жоғары технологиялық қызметтерді қаржыландыру 9%-ға, медициналық оңалтуды қаржыландыру 7%-ға ұлғайды, – дейді С.Оспанова.
Білсеңіздер, медициналық көмек ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде көрсетіледі. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. Мемлекет 15 жеңілдетілген санаттағы азаматтар үшін МӘМС жүйесіне жарна төлейді және бұл шығындар шектеулі. Егер келер жылға арналған республикалық бюджеттен ТМККК шеңберінде медициналық көмекке 1,6 трлн теңге бөлінсе, онда қор ТМККК-ға медициналық қызметтерді төлеуге арналған шығыстарды осы сомадан асыра алмайды. Сонымен МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек үшін қор активінен қаражат бөлінетінін және келер жылға 1,2 трлн теңге қаралатынын айттық. Сонымен қатар жыл ішінде басқа да қажеттіліктер ескеріліп, бюджетке түзетулер енгізіледі екен.
Медицина саласына қаралған қаржының жыл санап өсіп жатқанына қарамастан, кейбір бағыттарға қаржы жетпей жатқаны байқалады. Осы сұраққа кеңірек тоқталсақ, МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау шығындары ішкі жалпы өнімнен 2019 жылдан бері 2,8%-ден 3,7%-ға өскені байқалады. Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті 2027 жылға қарай 5%-ға дейін арттыруды тапсырды. Ал Еуропалық экономикалық ынтымақтастық ұйымы елдерінде денсаулық сақтаудың ағымдағы шығындары ішкі жалпы өнімнің шамамен 10,2%-ын құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы экономикасы дамыған елдер денсаулық сақтау жүйелерінің тұрақтылығы үшін ішкі жалпы өнімнің 5%-дан 8%-ға дейін, ал дамыған елдерде кемінде 9% халықтың денсаулығын қорғауға бөлуді ұсынады. Біздің жайды осымен салыстырсақ, қаржыландыру көлемі аз екенін аңғарамыз. Қала берді медициналық көмекке жұмсалатын шығындар жыл сайын артып келеді. Азаматтар жоғары технологиялық қызметтерге көбірек жүгінетін болған. Сол үшін де Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшылығы қаржыны жоспарлау әдістемесін жетілдіруге келгенде цифрландыру, автоматтандыруға көбірек иек артуды көздеп отыр.