1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
- 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне (Жалпы бөлім):
106-баптың 1-тармағының үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Егер Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, қоғамдық бірлестіктер мүшелерінің (қатысушыларының) осы бірлестіктерге өздері берген мүлікке, оның ішінде мүшелік жарналарға құқықтары болмайды. Егер Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, олар өздері мүшелері (қатысушылары) ретінде қатысатын қоғамдық бірлестіктердің міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал аталған бірлестіктер өз мүшелерінің (қатысушыларының) міндеттемелері бойынша жауап бермейді.».
- 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім):
1) 830-баптың 5-тармағы мынадай мазмұндағы 4-6) тармақшамен толықтырылсын:
«4-6) «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-2-бабында көзделген мақсаттарда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына;»;
2) 935-бапта:
2-тармақтағы «Егер» деген сөз «Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, егер» деген сөздермен ауыстырылсын;
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Жәбiрленушiнiң кiнәсi:
қосымша шығыстарды (осы Кодекстің 937-бабы);
еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеуге байланысты денсаулығының зақымдануы салдарынан жоғалтқан табысын (кірісін) (осы Кодекстің 938-бабы);
азаматтың қайтыс болуы салдарынан залал шеккен адамдарға зиянды (осы Кодекстің 940-бабы);
жерлеуге жұмсалған шығыстарды (осы Кодекстің 946-бабы) өтеу кезiнде ескерiлмейдi.»;
3) 938-бапта:
2-тармақтың бірінші бөлігінің екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
«Біржолғы сипаттағы төлемдер (пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақылар, жұмыстан босатылған кездегi жұмыстан шығу жәрдемақысы және басқалары) және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған басқа да төлемдер ескерілмейдi.»;
3-тармақтың екінші бөлігіндегі «оның қалауы бойынша» деген сөздер алып тасталсын;
4) 945-бапта:
2-тармақтағы «заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленген ережелер бойынша» деген сөздер «Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен» деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақтағы «заң актiлерiнде» деген сөздер «Қазақстан Республикасының заңнамасында» деген сөздермен ауыстырылсын.
- 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне:
1) 15-бап мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
«8) айлық жалақының ең төмен мөлшерін айқындау әдістемесін бекітеді.»;
2) 17-бап мынадай мазмұндағы 4-1), 4-2) және 4-3) тармақшалармен толықтырылсын:
«4-1) жұмыс берушінің жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасуын бақылауды жүзеге асырады;
4-2) жұмыс берушінің осы Кодекстің 122-бабында көзделген міндеттемелерді орындауын бақылауды жүзеге асырады;
4-3) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тіркейді және есепке алуды жүргізеді;»;
3) 23-баптың 2-тармағы 29) тармақшасындағы «жасасуға міндетті.» деген сөздер «жасасуға;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 30) тармақшамен толықтырылсын:
«30) «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-1-бабына сәйкес зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шартын жасасуға міндетті.»;
4) 104-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Айлық жалақының ең төмен мөлшері айлық жалақының ең төмен мөлшерін айқындау әдістемесінің негізінде есептеледі.
Айлық жалақының ең төмен мөлшерін айқындау әдістемесінің жобасы Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысында қаралуға тиіс.»;
мынадай мазмұндағы 1-1 және 1-2-тармақтармен толықтырылсын:
«1-1. Айлық жалақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан кем болмауға, қосымша ақылар мен үстемеақыларды, өтемақы төлемдері мен әлеуметтік төлемдерді, сыйлықақылар мен басқа да ынталандырушы төлемдерді қамтымауға тиіс және жұмыс істелген уақытқа пропорционалды түрде жүзеге асырылуға тиіс.
1-2. Айлық жалақының ең төмен мөлшері жыл сайын тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленеді.»;
5) мынадай мазмұндағы 127-3-баппен толықтырылсын:
«127-3-бап. Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлер үшін кепілдіктер
- Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге елу бес жасқа толған және олар үшін жиынтығында кемінде сексен төрт ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген кезде олар еңбек жағдайлары зиянды жұмыстардағы еңбек қызметін тоқтатқан немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысқан жағдайда жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем жүзеге асырылады.
- Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем алу құқығы жүгінген күннен бастап туындайды.
Жұмыскердің еңбек жағдайлары зиянды жұмыстардағы еңбек қызметін тоқтатуы немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысуы туралы өтініші тіркелген немесе «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді жүзеге асыруға оның келісімі алынған күн жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді жүзеге асыруға жүгінген күн болып есептеледі.
- Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем осындай төлемді алушы Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 207-бабында белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жүзеге асырылады.
- Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемнің мөлшері ай сайын республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын құрайды.
Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының өзгеруі ескеріле отырып жүзеге асырылады.
- Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді ұйымдастыру және жүзеге асыру «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүргізіледі. Алушы қайтыс болған жағдайда жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем – қайтыс болған айды қоса алғанда, ал жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді алушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұрғылықты тұруға кеткен жағдайда кеткен айды қоса алғанда жүзеге асырылады.
Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді ұйымдастырғаны және жүзеге асырғаны үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның қаражаты есебінен жүргізіледі.
- Жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.»;
6) 182-баптың 2-тармағының 14) тармақшасы «және жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасу туралы мәліметті еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жіберуге» деген сөздермен толықтырылсын;
7) 190-баптың 6-тармағы «ресімдеуге» деген сөзден кейін «және оны еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға электрондық форматта жіберуге» деген сөздермен толықтырылсын.
- 2023 жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне:
1) 1-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
«10-1) арнаулы әлеуметтік төлем – еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарға жүзеге асырылатын ақшалай төлемдер;»;
2) 10-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:
«6-1) еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау;»;
3) 16-баптың 1) тармақшасының оныншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«зейнетақы жүйесіне, міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысушыларға, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға және жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік көмекті алушыларға, арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны, зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін, жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді алушыларға проактивті және электрондық мемлекеттік қызметтер көрсету тетіктерін дамыту;»;
4) 17-бапта:
1-тармақтың 1) тармақшасы «қайта есептеуге» деген сөздерден кейін «, арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы төлемдерін аударуға, тоқтата тұруға, қайта бастауға және тоқтатуға, зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін, жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді аударуға немесе қайтаруға» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Мемлекеттік корпорация зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдерін есепке алу және аудару мәселелері бойынша сақтандыру ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды және ақпарат алмасуды жүзеге асырады.»;
4-тармақтың 5) тармақшасындағы «аударымдар мен әлеуметтік төлемдердің» деген сөздер «аударымдардың, әлеуметтік төлемдердің жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемнің, зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемінің» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) мынадай мазмұндағы 14-1-тараумен толықтырылсын:
«14-1-тарау. Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау
195-1-бап. Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдардың әлеуметтік қорғалу құқығы
- Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың елу бес жасқа толған және олар үшін жиынтығында кемінде сексен төрт ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген кезде мыналардан:
1) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыдан;
2) зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемінен;
3) жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемнен;
4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемінен тұратын арнаулы әлеуметтік төлемге құқығы болады.
Осы тармақта көзделген төлемдерге құқық еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскер еңбек қызметін тоқтатқан немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысқан жағдайда туындайды.
- Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істемейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың елу бес жасқа толған және олар үшін жиынтығында кемінде сексен төрт ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген кезде:
1) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыға;
2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлеміне құқығы болады.
- Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген құқықтар:
«Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылатын зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін;
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жүзеге асырылатын жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді қоспағанда, осы Кодексте көзделген тәртіппен және шарттарда іске асырылады.
195-2 бап. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау және жүзеге асыру тәртібі
- Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы жүгінген күннен бастап тағайындалады.
Өтініштің және қажетті құжаттардың тіркелген күні немесе «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындауға өтініш берушінің келісімін алған күн арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындауға жүгінген күн болып есептеледі.
- Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу ағымдағы ай үшін жүзеге асырылады. Алушы қайтыс болған жағдайда арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы – қайтыс болған айды қоса алғанда, ал арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен жағдайда кеткен айды қоса алғанда жүзеге асырылады.
- Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
- Тағайындалған, бірақ арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушы талап етпеген сомалар өткен уақытқа, бірақ оларды алуға жүгінген күнге дейін үш жылдан аспайтын уақытқа төленеді.
- Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау, оны төлеуді жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
195-3-бап. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақының мөлшері
Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақының мөлшері ай сайын республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 2,0 ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын құрайды.
Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының өзгеруі ескеріле отырып жүзеге асырылады.
195-4 бап. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындауға арналған өтінішті қабылдаудан және оны тағайындаудан бас тарту
- Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындауға арналған өтінішті қабылдаудан бас тартуға:
1) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыға өтініш беру, оны тағайындау, төлеуді жүзеге асыру немесе «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оны тағайындауға проактивті көрсетілетін қызмет арқылы келісім беру фактісін растайтын мәліметтер алу;
2) жеке басын куәландыратын құжат бойынша мәліметтердің (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтермен расталатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны ауыстырудан басқа) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындауға қажетті құжаттарға сәйкес келмеуі;
3) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау құқығының болмауы;
4) өтініш берушінің арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау үшін талап етілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімінің болмауы негіз болып табылады.
- Осы Кодекстің 195-1-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген шарттарға сәйкес келмеу арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындаудан бас тартуға негіз болып табылады.
195-5 бап. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы төлеуді тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату
- Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу мынадай мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады:
1) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушының банктік шоты бойынша үш және одан көп ай бойы шығыс операцияларының болмауы туралы мәлімет. Бұл ретте арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу ол тоқтатыла тұрған күннен бастап қайта басталады;
2) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушының Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кетуі туралы мәлімет. Бұл ретте арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу Қазақстан Республикасының аумағына тұрақты тұруға келген күннен бастап, бірақ жәрдемақы тоқтатыла тұрған күннен кейін қайта басталады;
3) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың қолданылу мерзімінің өтуі туралы мәлімет. Бұл ретте арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжат берілген күннен бастап, бірақ жәрдемақы тоқтатыла тұрған күннен кейін қайта басталады;
4) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушыға қатысты хабарсыз кеткен адамды іздестіру жөніндегі жедел-іздестіру іс-шараларының жүргізілуін растайтын құжаттың немесе адамды хабарсыз кетті деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы туралы мәлімет. Бұл ретте арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу хабарсыз кеткен адамды іздестіру жөніндегі жедел-іздестіру іс-шаралары тоқтатылған немесе адамды хабарсыз кетті деп тану туралы сот шешімінің күшін жою туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап, бірақ жәрдемақы тоқтатыла тұрған күннен кейін қайта басталады;
5) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушының «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуы туралы мәлімет. Бұл ретте арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжат берілген күннен бастап қайта басталады.
- Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тоқтата тұруға себеп болған мән-жайлардың аяқталғанын растайтын, оның ішінде ақпараттық жүйелерден алынған құжаттардың және (немесе) мәліметтердің негізінде өтініш бойынша қайта басталады.
- Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу:
1) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушының қайтыс болғаны туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер;
2) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушының ішкі істер органдарында тіркеуден шығарылғанын растайтын құжатты ұсына отырып, арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы төлеуді тоқтату туралы өтініші;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату фактісінің анықталғаны туралы мәліметтер;
4) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушының пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу фактісінің анықталғаны туралы мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады.
Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу осындай төлемді алушы осы Кодекстің 207-бабында белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жүзеге асырылады.»;
6) 220-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Адамдар елу бес жасқа толған және олар үшін жиынтығында кемінде сексен төрт ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген кезде, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстардағы еңбек қызметін тоқтатқан немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысқан жағдайда олардың Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқығы болады.»;
7) 221-баптың 1-тармағы 2) тармақшадағы «мүгедектігі бар» деген сөздер «мүгедектігі бар адамдарға» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) осы Кодекстің 195-1-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетілген жағдайлар басталған кезде;»;
8) 224-баптың 3-тармағындағы «4-тармағында» деген сөздер «1-1 және 4-тармақтарында» деген сөздермен ауыстырылсын.
- «Қоғамдық бірлестіктер туралы» 1996 жылғы 31 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 7-бапта:
екінші және үшінші бөліктердегі «Қазақстан Республикасы облыстарының» деген сөздер «Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың» деген сөздермен ауыстырылсын;
төртінші бөліктегі «Қазақстан Республикасының бір облысы» деген сөздер «бір облыс, республикалық маңызы бар қала және астана» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 10-баптың бірінші бөлігіндегі «кемінде он адамнан» деген сөздер «кемінде үш адамнан» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 21-баптың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Егер Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, қоғамдық бiрлестiктер мүшелерiнiң (қатысушыларының) осы бiрлестiктерге өздері берген мүлікке, оның iшiнде мүшелік жарналарға құқықтары болмайды. Егер Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, олар өздері мүшелері (қатысушылары) ретінде қатысатын қоғамдық бiрлестiктердiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейді, ал аталған бiрлестiктер өз мүшелерiнiң (қатысушыларының) мiндеттемелерi бойынша жауап бермейді.».
- «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» 2001 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 11-баптың 2-тармағы алып тасталсын;
2) 19-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Коммерциялық емес ұйымды (қоғамдық және діни бірлестіктерді қоспағанда) оны қалыптастыру арқылы құру құрылтайшылардың (құрылтайшының) шешімі бойынша жүзеге асырылады.
Қоғамдық және діни бірлестіктерді құру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.».
- «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» 2005 жылғы 7 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 1-бапта:
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;»;
мынадай мазмұндағы 1-1), 1-2), 1-3), 2-1) және 2-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«1-1) алдын алу шаралары – қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға және жақсартуға бағытталған алдын алу сипатындағы шаралар;
1-2) аннуитеттік сақтандыру шарты (бұдан әрі – аннуитет шарты) – сақтандырушы шартта белгiленген мерзiм iшiнде сақтандыру төлемiн пайда алушының пайдасына мерзiмдi төлемдер түрiнде жүзеге асыруға мiндеттi болатын сақтандыру шарты;
1-3) дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым – дауыс беретін акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;»;
«2-1) зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты (бұдан әрі – зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты) – Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 195-1-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар туындаған кезде еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскердің пайдасына жасалатын, сақтандырушы сақтандыру төлемін алушының пайдасына ай сайын сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндетті болатын сақтандыру шарты;
2-2) зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемі – Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 195-1-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар басталған кезде еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге төленетін сақтандыру төлемі;»;
8) тармақша «мән-жайлар кезінде» деген сөздерден кейін «, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 195-1-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар туындаған кезде» деген сөздермен толықтырылсын;
8-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«8-1) сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқор (бұдан әрі – дерекқор) – сақтандырушы, сақтанушы, сақтандырылушы және пайда алушы туралы ақпарат жиынтығы (оның ішінде электрондық нысанда);»;
мынадай мазмұндағы 8-2) тармақшамен толықтырылсын:
«8-2) сақтандыру омбудсманы – «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақтандыру нарығына қатысушылар арасындағы келіспеушіліктерді реттеудi жүзеге асыратын, өз қызметiнде тәуелсiз жеке тұлға;»;
2) 5-баптың 1-тармағы «нәтижесінде» деген сөзден кейін «, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 195-1-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар туындаған кезде» деген сөздермен толықтырылсын;
3) 6-2-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы жұмыскерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттары бойынша уәкілетті органмен өзара іс-қимылды және деректер алмасуды жүзеге асырады.»;
4) 8-бапта:
1-тармақ 6) тармақшасындағы «жіберуге құқығы бар.» деген сөздер «жіберуге;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
«7) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен алдын алу шараларын және (немесе) оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтетуге құқығы бар.»;
2-тармақта:
1) тармақшадағы «сақтандырушымен:» деген сөз «қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган бекіткен, жұмыскерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырудың үлгілік шартына сәйкес сақтандырушымен жұмыскерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасуға;» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 15-1) тармақшамен және 16) тармақшадағы «ұсынуға міндетті.» деген сөздер «ұсынуға;» деген сөзбен ауыстырылып,
17) тармақшамен толықтырылсын:
«15-1) осы Заңның 23-1-бабына сәйкес еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскердің пайдасына зейнеткерлік алдындағы аннуитет шартын жасасуға және еңбекті қорғау мен қауіпсіздік жөніндегі ақпараттық жүйеге мәліметтерді енгізуге;»;
«17) зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты жасалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оның көшірмесін пайдасына зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты жасалған пайда алушыға ұсынуға міндетті.»;
5) 9-бапта:
1-тармақтың 5) тармақшасы «Азаматтық кодексiнде» деген сөздерден кейін «, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде және осы Заңда» деген сөздермен толықтырылсын;
2-тармақта:
бірінші бөлік мынадай мазмұндағы 3-2) тармақшамен және 9) тармақшадағы «төлеуге міндетті.» деген сөздер «төлеуге;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 10), 11) және 12) тармақшалармен толықтырылсын:
«3-2) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 195-1-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар туындаған кезде, жасалған зейнеткерлік алдындағы аннуитет шартына және осы Заңға сәйкес зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемдерін ай сайын жүзеге асыруға;»;
«10) сақтандыру шартының қолданылу мерзімі аяқталған күнге есептелген сақтандыру сыйлықақысының алты пайызынан аспайтын мөлшерде сақтанушыға алдын алу шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеуге;
11) сақтандыру шартының қолданылу мерзімі аяқталған күнге есептелген сақтандыру сыйлықақысының алты пайызынан аспайтын мөлшерде сақтанушыға және (немесе) пайда алушыға оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеуге;
12) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде пайда алушыға санаторийлік-курорттық емделуге жұмсалған шығыстарды өтеуге міндетті.»;
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Аннуитеттік сақтандыру сыныбы бойынша «өмірді сақтандыру» саласында сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар сақтандырушы осы Заңның 23-1-бабына сәйкес зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемдерін алуға құқығы бар жұмыскердің пайдасына зейнеткерлік алдындағы аннуитет шартын жасасуға міндетті.»;
6) 10-бапта:
2) тармақшадағы «аннуитет шартының көшірмесін» деген сөздер «аннуитет және зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарттарының көшірмелерін» деген сөздермен ауыстырылсын;
7) тармақша «сақтандыру омбудсманына» деген сөздерден кейін
«, еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға, уәкілетті органға» деген сөздермен толықтырылсын;
8) тармақшадағы «жіберуге құқығы бар.» деген сөздер «жіберуге;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:
«9) осы Заңның 19-бабының 2-1-тармағына сәйкес республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды және санаторийлік-курорттық емделуге жұмсалған шығыстарды өтетуге құқығы бар.»;
7) 16-баптың 2-тармағы «шығыстар» деген сөзден кейін «, алдын алу шараларын және оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындар» деген сөздермен толықтырылсын;
8) 17-1-бапта:
2-тармақтың бірінші сөйлеміндегі «бес жылдың» деген сөздер «үш жылдың» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2-1. Жұмыскерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасу күнінің алдындағы соңғы үш жыл ішінде сақтандыру жағдайлары болмаған жағдайда сақтандырушы осы Заңның 17-бабына сәйкес айқындалған, жұмыскерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін 10 пайыздан асырмай азайтуға құқылы.»;
9) 19-бапта:
2-тармақтың бірінші бөлігіндегі «Жұмыскерге» деген сөз «Осы баптың 2-1-тармағына сәйкес бір санаторийлік-курорттық емделуге ақы төлеуге жұмсалған шығыстарды қоспағанда, жұмыскерге» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 2-1 және 2-2-тармақтармен толықтырылсын:
«2-1. Кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі бастапқы белгіленгеннен кейін зардап шеккен жұмыскердің зардап шеккен жұмыскерді оңалтудың жеке бағдарламасына қарамастан бір санаторийлік-курорттық емделуге ақы төлеуге жұмсалған шығыстарды өтеттіріп алуға құқығы бар.
Жұмсалған шығыстарды өтеу осы шығыстарды растайтын құжаттардың негізінде, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшеріне дейінгі мөлшерде жүзеге асырылады.
2-2. Кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі 2015 жылғы 10 мамырға дейін отыздан бір жүз пайызды қоса алғандағы мөлшерде бастапқы рет белгіленген және 2015 жылғы 10 мамырдан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде куәландыру мерзімінсіз ұзартылған (қайта куәландырылған) жұмыскерлер жұмыскердің кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін ұзарту (қайта куәландыру) мерзіміне тең мерзім ішінде сақтандыру төлемдерін алуға құқылы.
Осы тармақта көрсетілген сақтандыру төлемдері сақтанушы (пайда алушы) осы Заңның 20-бабының 2-тармағында көзделген құжаттарды ұсына отырып жүгінген күннен бастап тағайындалады.»;
3-тармақтағы «бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде» деген сөздер «республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінде» деген сөздермен ауыстырылсын;
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Егер осы бапта көзделген сақтандыру төлемiнiң (сақтандыру төлемдерiнiң) және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстардың мөлшерi жұмыскердi жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сомасының мөлшерiнен асып түскен жағдайда, айырма сақтандырушыға сақтанушының есебiнен төленедi.
Егер сақтандыру төлемінің (сақтандыру төлемдерінің) және жерлеуге жұмсалған шығыстардың, оңалту шараларын жүргізуге, санаторийлік-курорттық емделуге жұмсалған шығындардың сомасын (сомаларын) ескере отырып, алдын алу шараларын жүргізуге жұмсалған шығындар жұмыскерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартында белгіленген сақтандыру сомасының мөлшерінен асып түскен жағдайда, алдын алу шараларын жүргізуге жұмсалған шығындар жүзеге асырылмайды.»;
мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
«6. Сақтанушыға алдын алу шараларын жүргізуге нақты жұмсаған шығындарын өтеуді сақтандырушы сақтандыру сыйлықақысы толық көлемде төленген жағдайда және сақтандыру шартының қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ғана, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен сақтандыру сыйлықақысының алты пайызынан аспайтын мөлшерде жүзеге асырады.»;
10) мынадай мазмұндағы 23-1 және 23-2-баптармен толықтырылсын:
«23-1-бап. Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шартын жасасу
- Жұмыскердің зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемдерін алуға өтініші және Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 195-1-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар болған кезде сақтанушы қолданылу кезеңінде зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асыруға алып келетін оқиға басталған, жұмыскерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтандырушымен пайда алушының пайдасына зейнеткерлік алдындағы аннуитет шартын жасасуға міндетті.
- Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты сақтанушы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асыруға арналған хабарламаны ұсынған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей жасалады.
- Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемдері жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты есебінен жүзеге асырылады, ол бойынша сақтандыру сыйлықақысы осы Заңның 17-бабының 2-тармағында көзделген сақтандыру тарифінің негізінде айқындалады.
- Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын есептеу қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
- Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шартына қойылатын талаптарда және сақтандырушының жасалатын зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарттары бойынша істі жүргізуге арналған шығыстарының жол берілетін деңгейін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен белгілейді.
23-2-бап. Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асыруды ұйымдастыру
- Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 195-1-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар туындаған кезде жұмыскердің зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемін алуға құқығы болады.
- Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемі жүгінген күннен бастап жүзеге асырылады.
Өтініштің және қажетті құжаттардың тіркелген күні немесе «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асыруға келісім алынған күн зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асыруға жүгінген күн болып есептеледі.
- Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемінің мөлшері ай сайын республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын құрайды.
Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының өзгеруі ескеріле отырып жүзеге асырылады.
- Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемі оны алушы Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 207-бабында белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жүзеге асырылады.
- Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемін ұйымдастыру және жүзеге асыру Мемлекеттік корпорация арқылы жүргізіледі.
- Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемін ұйымдастырғаны және жүзеге асырғаны үшін Мемлекеттік корпорацияның көрсететін қызметтеріне ақы төлеу уәкілетті органның қаражаты есебінен жүргізіледі.
- Зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату тәртібін уәкілетті органмен келісу бойынша қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.».
2-бап.
- Осы Заң, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 2, 3, 4 және 7-тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
- Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 195-1-бабының 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келетін адамдарға зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі нормаларды іске асыру үшін 2024 жылғы 1 қаңтарға қолданыста болатын, жұмыскерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттары шеңберінде тараптар осындай шарттарға қосымша келісім жасасу арқылы олардың талаптарына өзгерістер енгізуге міндетті.
Қазақстан Республикасының Президенті
Қ.ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2023 жылғы 21 желтоқсан
№ 49-VIІІ ҚРЗ