Спорт • 22 Желтоқсан, 2023

Оқ ату және стендтік атудан спортшыларымыз ел үмітін ақтады – министр

102 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спорттық ату федерациясының басшылары және жаттықтырушылар штабымен кездесті. Жиын барысында оқ ату және стендтік ату өкілдері спортшыларымыздың соңғы ірі халықаралық турнирлердегі жетістіктерін қорытындылап, Париж Олимпиадасына дайындық жоспарын таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқ ату және стендтік атудан спортшыларымыз ел үмітін ақтады – министр

Фото: Turizm jane sport ministrligi

Қытайдағы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы стендтік атудан – 2 алтын, 3 қола, оқ ату бойынша – 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медальдарды қаңжығаларына байлады. Азиадада З.Ирназарова, командалық скит микстте Ә.Орынбай мен Э.Ещенко және әйелдер арасындағы командалық скитте З.Кравченко, Ә.Орынбай, О.Панарина топ жарды.

«Оқ ату және стендтік ату – медальдар ең көп сарапқа салынатын спорт түрлерінің бірі. Ұлттық құраманың кейінгі жылдардағы нәтижелері елімізде спорттық атудың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Мергендердің Азия ойындарындағы жетістіктері баршамызды қуантты. Өнімді жұмыс істелгені көрініп тұр. Ең бастысы – сіздер бүкіл елдің үмітін ақтадыңыздар. Алдағы уақытта лицензиялық жарыстар мен 2024 жылғы жазғы Олимпиада күтіп тұр. Команда көшбасшылары іріктеу сайыстарынан сәтті өтіп, төртжылдықтың басты додасында лайықты нәтижелер көрсететініне үміттенеміз», деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Қазіргі уақытта спорттық ату бойынша Қазақстан құрамасы қоржынында Париж Олимпиадасының 3 лицензиясы бар. 2024 жылға 4 лицензиялық турнир жоспарланған: 2 стендтік және 2 оқ ату бойынша, демек, жолдамалар санын тағы да көбейтуге мүмкіндік бар.

Кездесу соңында министр құраманың жаттықтырушылар штабына жеке алғысын білдіріп, оқ атудан бас жаттықтырушы Ольга Довгунға Мемлекет басшысының атынан естелік сыйлық табыстады.