Осындай арман жетегіндегі ауылдың қара баласы Қарағанды мемлекеттік медицина институтына түсіп, аталған оқу орнын дәрігерлік мамандығы бойынша бітіріп шығады. Қолында дипломы бар, толысқан маман ретінде Сайлау Сәбитұлы туған жеріне келіп, еңбек жолын бастайды. Сол кезеңде ел арасында жоғары оқу орнын бітіріп келген кәсіби мамандардың қат уақыты. Ол 1963 жылдан Байқоңыр кеңшарында дәрігерлік қызметке кіріседі.
Адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуы, ең алдымен, оның өмірден өз орнын саналы түрде таба білуіне байланысты. Әркімнің өмірге деген көзқарасы да мамандығына қарай қалыптасады. Осылайша, мамандығына адал Сайлау Сәбитұлы елге қалтқысыз қызмет етті, өнегелі өмір сүрді. Ол 1964 жылдың қазанынан бастап Құлжанбай ауылына қызметке ауысып, Сәтбаев кеңшарында 2004 жылдың соңына дейін, яғни қырық жылдай тапжылмай еңбек етті. Ұлағатты еңбек жолында алтын қолды дәрігердің халқына мол шапағаты тиді. Ауылдан қашықта орналасқан малшылардың қыстағына атпен қатынап, әр адамның денсаулығына бақылау жасап, көмек беріп, емдеп отырды. Ауыл малшыларының жүкті әйелдерінің өмірге дені сау сәби әкелуіне көмектесіп, қуанышына ортақтаса білді.
Қырық жылдық қажырлы еңбек сол кездегі билік тарапынан да бағаланды. Сайлау Сәбитұлының қызметі мемлекеттік дәрежеде бағаланып әртүрлі грамоталар мен медальдармен марапатталды.
Сайлау Сәбитұлының алған мемлекеттік марапаттарының ішіндегі шоқтығы биігі – 1976 жылы 23 шілдеде Қазақстан Жоғарғы Кеңесі төралқасының қаулысымен берілген «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы. Мұндай атақты Жезқазған облысында тұңғыш алған – осы кісі.
Жемісті еңбек ету мен табысқа кенелу отбасыдағы берекемен де ұштасатыны анық. Сәкеңнің Құдай қосқан қосағы Ботай Әбілдина – Байқоңыр өңірінің тумасы. Ол орта мектепті аяқтаған соң 1960 жылдан 1961 жылдар арасында Қызыл үй бөлімшесінде кітапхана меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1961 жылы Жезқазған қаласындағы медициналық училищесіне фельдшерлік мамандығына оқуға түсіп, аталған оқу орнын 1964 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Сол жылы Қарақұм орталық ауруханасына жұмысқа қабылданып, 2004 жылы зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті.
Апамыз да қажырлы еңбегінің жемісін көріп, елдің алғысына бөленді, көптеген мемлекеттік марапаттардың иесі атанды. Ол «Құрмет белгісі» орденімен, «Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Ерлі-зайыпты ақ халатты абзал жандар 2009 жылға дейін осы елді мекенде тапжылмай еңбек етіп, ауыл адамдарының денсаулығына қарап, өміріне араша түсе білді. Әлі күнге дейін ерлі-зайыпты Сайлау Сәбитұлы мен Ботай Әбілдинаның есімдерін Ұлытау-Жезқазған өңірінің жұртшылығы құрметпен атайды. Олар елге қайырымдылығымен ғана танылып қоймай, үлгілі отбасы да бола білді. Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ата-ана.
Кез келген адам ұрпағымен мақтанады. Ата-аналарының атына кір жұқтырмай еңбек етіп келе жатқан Нұрлан Енжілұлы – Жезқазған педагогикалық институтының түлегі. 1995-2001 жылдары Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті Қолданбалы математика кафедрасының ассистенті болса, 2001 жылдан «Қазақмыс» ЖШС-ның Ақпараттық технолгиялар саласында қызметте жемісті еңбек етіп жүр.
Сайлау ағамыздың білім мен ғылым саласында үлкен табыстарға жетіп жүрген тағы бір ұрпағы – Ерлан Енжілұлы. Ол 1988 жылы Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалына «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығына түсіп, оны үздікке бітіріп, 1999 жылы Мәскеу қаласындағы «Тұрғын үй және қоғамдық ғимараттар» орталық ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында күндізгі бөлімге оқуға түсіп, ғылым жолына түсті. Мәскеуде 2003 жылы «Технология және құрылысты ұйымдастыру» мамандығы бойынша техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғаған Ерлан 2005 жылдан бастап Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет атқарады. Бүгінде сәулет-құрылыс факультетінің деканы.
Әр адамның өмірде өз жолы бар. Соған қарай тұлғасы қалыптасып, бейнесі бекемделе түседі. Сайлау Сәбитұлы мен Ботай Әбілдина адал еңбекпен табысқа жетіп, әр кез мерейі үстем, еңсесі биік болды. Екеуі талай белестен өтті. Өмірдің тәттісін де, кермегін де татты. Жоққа болысты, сүрінгенді сүйеді. Бүгінде ел аузынан тастамайтын, құрмет тұтатын азаматтарға айналды.
Біз ауыл-аймақ халқының өтінішін жеткізгіміз келеді. Қоскөл ауылының орталығынан салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияға Енжіл Сәбитұлының есімі берілсе деген ұсынысымыз бар. Бұл іс шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жалпы жергілікті жастарды дәрігерлікке ынталандыру үшін ауыл-аймаққа еңбегі сіңген Сайлау Сәбитұлы сынды мамандарды өнеге ету қажет. Сол үшін көпшілік емделетін Ұлытау аудандық ауруханасы қабырғасына ескерткіш тақта орнату да – уақыт талабы.
Абдулла ЖАНАЛИН
Ұлытау облысы,
Ұлытау ауданы,
Қоскөл ауылы