Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Ауыз су құбырын жүргізу жұмыстары кейде әлдекімдер үшін майшелпек сияқты көрінетіні жасырын емес. Бір жарым жыл бұрын Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Жарлысу ауылындағы жамағаттың жанайқайы «Egemen Qazaqstan» газетінде «Жарлысу жарамды суға жарымай отыр» деген тақырыппен жарық көрді. Бұдан бөлек, Сөгеті, Мамай ауылдарының халқы тіршілік нәрінен тарығып отырғанын жаздық. Мақалада барлық тараптың пікірін қамтыған едік.
Шіліңгір шілдеде жалғыз құдыққа кезекке тұрған, автокөлікпен, есек арбамен суға таласқан бұқараның жанайқайын биліктің назарына ұсындық. Ауыз судың азабына қатысты бұдан өзге де мақалалар жарық көрді. Бірақ өзекті мәселе оңынан шешілер күннің төбесі көрінер емес. Уақыт болса сынаптай сырғып өтіп жатыр.
Таяуда Мойынқұм ауданына қарасты Шығанақ ауылының тұрғындары ауыз судың тапшылығын айтып дабыл қақты. Журналистермен жүздескен жұрт «бал» татыған су ішуді армандамаса да, балықтың дәмі шығатын судан қашан құтыламыз деп шағым айтты.
Тұрғындардың айтуынша, әредік бес елді мекеннің жұрты Балқаш көлінің суын тұтынады екен. Балық жүзетін суды амалсыз ішуге мәжбүр болып отыр ғой. Әрине, ауылдағы ағайынның мұндай жағдайға жетуі – өзекті өртейтін өкініш. Еліміз өркениет көшіне бет түзеген уақытта ауыл тұрғындарының өркениет атаулы әлемнен тыс өмір сүріп жатқаны толғандырмай қоймайды. Шалғайдағы аудан халқының мұңы шынында жан ауыртады.
Дерекке сенсек, 500 млн-нан аса қаражат жұмсалып салынған су стансасы істен шыққан. Бірнеше жылдың бедерінде жұмыс істемей тұрған. Зардабын жергілікті халық тартып отыр. Ащы суды тәттіге айналдыратын құрылғының тазарту жүйесі істен шығуы салдарынан халық балықтың күйін кешіп отыр. Жергілікті жұртты тәтті сумен жарылқау үшін екі цистернамен ауыз су тасымалданады-мыс.
Жергілікті атқарушы билік мердігерлер жұмысты бастап кеткенін алға тартқанымен, ауа райының қолайсыздығына байланысты ақпан айында жұмыс тоқтайтынын жасырмайды. Олар көктем мезгілінде ауыз су мәселесі толығымен шешімін табатынына бек сенімді. Соған қарағанда, ауылдағы ағайын әлі бірнеше ай бойы балықпен бірге күнелте тұратын секілді. Амал жоқ қой.
Шалғайдағы ауданда өткір мәселе аз емес. Қылышбай ауылындағы салынған су ғимаратына жұмсалған қаржы да қомақты. 538 млн теңге желге ұшқан жоқ па деген ойға шомасың. Ауыл әкімі Бәкір Исабеков геологиялық зерттеу жүргізілген кезде қателік кеткенін тілге тиек етіп отыр. Сонда кінәлі кім? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Кейде бюджеттің қаражаты құмға сіңіп жатқандай әсер етеді. Мәселен, Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Жарлысу ауылын ауыз сумен жарылқау үшін де миллиондаған қаражат жұмсалғанын, нәтижесінде жерден шыққан техникалық суды жергілікті халық тұтынудан бас тартқанын да ашына жаздық. Жылдар жылыстап өтіп жатыр, алайда ауыл жұртын толғандырған мәселе әзірге шешімін табар емес. Алдағы жылы оңынан шешіле ме, кім білсін?
Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Жарлысу, Сөгеті, Мамай ауылдарындағы мәселені тәптіштеп жазған бізге ауыл тұрғындары жиі хабарласады. Айтатын уәжі бұрынғыдай: «Ауылымыздағы ауыз судың мәселесі қалай, қашан шешіледі?» дегенге саяды әңгіме ауаны.
Балқаш суына тәуелділіктен арылмаған Мойынқұм ауданындағы елді мекен тұрғындары үшін тұщы су дегеніңіз тәтті арманға айналып барады. Олар үшін айналаны көгеріштендіру дегеніңіз қиял әлемі сияқты көрінеді. Ал ауылдықтардың мәселесін оңынан шешу үшін су стансасын қайта қалпына келтірмек керек. Тағы да бюджет қаржысы кететін сыңайлы. Сонда қазынаның қаржысы сапасыз жұмыс үшін осылайша шашыла бере ме? Жауаптылардың жауапкершілігі қайда қалмақ? Айыпты адамдарды табу әсте қиын ба? Тағы да сұрақ көп, жауап жоқ.
«Осы жазда судың тапшылығын айқын сезіндік десек, қателеспейміз. Бір айға жуық уақыт зардабын тарттық. Күн күйіп тұрды. Жарық та жиі сөнді. Бар азық-түлігіміз бүлінді. Ал бізде азық-түлік құны өте қымбат», деген шығанақтық Раушан Архимованың жүзінен ызаның табын аңғару қиын емес еді.
Ашығын айтсақ, ауыз судың азабын тартқан ауылдар жетерлік, ондағы жағдай мәз емес. Тіпті кейбір ауылдардағы мәселені тиімді шешу үшін қарастырылған қаражат қайда кетті деген заңды сауал туындайды. Мәселен, Жарлысудағы жағдай ше? Миллиондар қайда жұмсалды? Жауапты мердігер кінәлі болса, жылдар бойы мәселені неге шешпейді? Кімді айыптауымыз керек? Бұл сұрақтарға нақты жауап табу қиынның қиынына айналған секілді. Дәл жауап беруден гөрі кейде жергілікті атқарушы билік ауыз су мәселесін алдағы жылдары шешудің жолын қарастырып жатқанын айтудан жалықпайды. Сенгіміз келеді. Бірақ зымырандай зулаған уақыт уәдені құрғақ сөзге айналдыра ма деген қауіп те жоқ емес.
Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген өңір басшысы Ербол Қарашөкеев жарлысулықтар мен Мойынқұм ауданындағы жұртты алаңдатқан сауалды тікелей өзі бақылауға алатынын айтып қуантты. Әлбетте, бұл жұмыстар уақытында сапасыз атқарылғандықтан өткір мәселе туындап отырғаны даусыз. Өңірдің жаңа басшысы халықтың көкейіндегі проблеманы дер кезінде шешсе, жергілікті жұрттың алғысын арқалайтыны анық. Солай болсын деген тілек қана бар.
Ағын су мен ауыз судың зардабын қатар тартып келе жатқан жамбылдықтар екі проблема да уақтылы шешілсе дегенді жиі айтып жүр. Алдағы уақытта өңірде он шақты су қоймасы салынбақ. Ол нысандарды да мердігерлер сағызша созып, жұмысын сапасыз атқарып кетпесе дейміз. Барлық жұмыстың уақтылы әрі сапалы атқарылуын жергілікті билік назарда ұстаса құба-құп.
Жамбыл облысы