Сұхбат • 26 Желтоқсан, 2023

Әли Бектаев: Агроөнеркәсіп кешені инновациясыз ілгерілемейді

199 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ауыл-аймақты дамыту Мемлекет басшысының ерекше назарында тұр. Аграрлық секторды экономиканың драйверіне айналдыру туралы көптен айтылып келеді. Оның нәтижесі қандай? «Алтын бесік» деп бағалайтын ауылымызды «алтын көмбеге» қашан айналдырамыз? Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаевпен сұхбатымызда ауылдық жердің ахуалын, жасалып жатқан жұмыстар мен қордаланған мәселелерді талқылаған едік.

Әли Бектаев: Агроөнеркәсіп кешені  инновациясыз ілгерілемейді

– Әли Әбдікәрімұлы, қазіргі таңда ауыл­дар­дың жағдайы көңіл көн­ші­тер­лік емес. Сіздер, депутаттар өңір­­лерге сапар барысында біраз мә­селені көріп жүрсіздер. Осы орайда ауылды көркейту үшін қан­дай жұмыстар істеліп жатыр?

– Қазіргі уақытта ел халқының 38 пайызы ауылдық жерде тұрады. Кейінгі 3 жылда ауыл халқының саны 3 пайызға азайғаны байқалып отыр. Урбандалу, яғни халықтың қалаға топтасуы – дамыған және дамушы елдерде болып жататын қалыпты үдеріс. Бірақ қалыпты жағдай екен деп қол қусырып отыра беруге де болмайды. Парламент депутаттары жыл сайын бірнеше мәрте өзі сайланған өңіріне барып, сайлау­шылармен кездесіп, ауылдағы жағ­дайды өз көзімен көріп қай­тады. Мақсатымыз – ауыл­да­ғы өзекті мәселелерді ше­шу­ге Се­нат тарапынан атсалысу, қажет бол­са заңнамалық тұрғыда көмек көрсету.

Соның бірі ретінде Пар­ла­мент депутаттарының бас­тама­­шы­лығымен әзірленген «Қазақ­стан Республикасының кей­бір заң­намалық актілеріне жайы­лымдарды пайдалану мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасын айтуға болады. Қа­зіргі уақытта барлық облыста жайылымдық алқаптардың тап­шы­лығы байқалып отыр. Малдың 80 пайызға жуығы 90-жыл­­дар­дың басында жеке қо­сал­қы шаруа­шы­лық­тарды дамыту үшін бөлінген елді мекендер шегіндегі және оның айна­ла­сын­дағы әбден тозығы жеткен жа­йы­лымдық жерлерде (21 млн га астам) жайылады. Аталған құ­жат қабылданған жағдайда ауылдық округтер аумағындағы жайы­лымдық жерлерді ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерінің қарауына беру, орман қоры жерлерінде орна­лас­қан жайылымдарды пайдалану мүмкіндіктері, пайдаланылмайтын жайылымдардың па­раметрлерін нақтылау, жайы­лымдарды қорғау­дың негізгі ба­ғыт­тарын айқындау сынды бір­қа­тар өзекті мәселе ше­ші­мін табады.

Сонымен бірге мақсатқа сай пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жө­нінде айтар болсақ, Мемлекет басшысы 2023 жылдың соңына дейін 10 млн га пайдаланылмаған немесе заңсыз берілген жерлер бойынша шаралар қабылдауды тапсырғаны белгілі. Осыған орай 2022 жылы 28 сәуірде пайдаланылмайтын және заңсыз берілген жерлерді қайтарып алу жөнінде жұ­мыс комиссиясы құрылды. Жал­пы, былтырғы жылдың басынан бері мем­лекетке 9,5 млн га (2022 жылы – 5,4 млн га, 2023 жылы – 4,1 млн га) ауыл шар­уашылығы жер­лері қай­тарылды. Тиісті шаралар қа­был­данғаннан кейін жер пайдаланушылар 3,2 млн га жерді игеруге кірісті.

Егемен ел болғалы ауыл-ай­мақты дамыту мақсатында мемле­кет тарапынан бірнеше бағдарлама мен жоба қабылданғанын, соның бірі «Ауыл аманаты» жобасы еке­нін айта кетсем деймін. Бұл Пре­зидент тапсырмасымен «Қазақ­стан Республикасының ауыл­дық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасы туралы» Үкімет қау­лы­сына сәйкес дәл қазіргі уа­қыт­та іске асып жатыр. Алғаш­қы­да Жамбыл облысында сәтті жүзеге асқан болатын. Бүгінгі таңда жоба аясында еліміздің барлық облысында жеке шаруа қожалықтары мен қайта өңдеу кә­сіпорындарының басын қос­қан 400 ауыл шаруашылығы коо­перативі құрылды. Ауылды дамытуға 7 жылға 1 трлн теңге қара­жат қарастырылып, биыл 100 млрд теңге бөлінді.

– Ауылдық жерде туу көр­сет­­­кіші жоғары болғаны­мен, ке­йінгі 3 жылда тұрғындар қа­та­­рының азайғанын айт­ты­ңыз. Бұның себебі, әрине, ауыл­­­да­ғылардың қалаға ағыл­уы. Бұған қалай тосқауыл қоя ала­мыз?

– Ол үшін алдымен ауыл хал­қын тұрақты жұмыспен қам­туды қолға алу керек. Одан кейінгі ең негізгі мәселе – ауылдардың әлеу­меттік жағдайын, ауыз суын, инфрақұрылымын, жолдарын, интернет желілерін, тағы да бас­қа қала халқы көріп отырған игілік­тер­дің барлығын дамытуымыз қажет.

Тұрақты жұмыспен қамтудың бір жолы – ауыл шаруашылығын да­мыту. Ал ауылдарда ұсақ шар­уа қожалықтары көп екені бәрі­­мізге белгілі. Фермерлер жеке-дара жұмыс істеп үлкен та­быс­қа жете алады деу қиын. Сон­дық­тан ауыл шаруашылығы коопе­ративтерін құру маңызды. Әрбір фермер кооператив арқылы мем­лекеттік қолдауға ие бола алады. Кооперативтер өздерінің үлес­керлеріне, яғни қосалқы шаруа­шы­лық пен ұсақ шаруа қожа­лықтарына ветеринарлық, агро­химиялық, техникалық қыз­мет көрсету және жем дайындау бойынша бірнеше қыз­мет түрін көрсетеді. Мысалы, ауыл адамдарының малы үшін шөп қажет. Оның құны жазғы уақытта арзан, ал қыс мезгілінде екі есеге дейін қымбаттайды. Ал кооператив мемлекеттің қолдауымен лизинг арқылы сатып алынған трактор, шөп шабатын машиналарды пайдаланып, өздерін қолжетімді бағамен шөппен қамтамасыз ете алады. Өз өнім­дерін нарыққа өткі­зуге қол жеткізеді.

Ауыл халқын тұрақтандыруға «Дипломмен – ауылға!» жобасы да септігін тигізеді деп есептеймін. Бұған қоса, аудан орталықтары үшін қолжетімді несие мөлшерін 2 500 АЕК-ке дейін және қалған ауылдар үшін 2 мың АЕК-ке дейін өсіру арқылы тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік несие мөлшерін ұлғайту бөлігінде нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл өзгерістер 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

– Ауыл инфрақұрылымын да­мыту кезек күттірмейтін шар­­уа екенін айттыңыз. Бұл ба­ғыт­та қандай шаралар атқа­ры­лып жатыр?

– Мемлекет тарапынан қолға алынған бірқатар бағдарлама бар. Соның негізгісі – «Ауыл – ел бесігі» жобасы. Бұл жоба 2019 жылдан бас­тап іске асыры­лып келеді. Оның аясында білім беру мен денсаулық сақтау сала­­сындағы нысандар, клуб­тар, мәдениет үйлері, мұра­жайлар, кітапханалар, спорт ке­шен­дері, әлеуметтік қам­сыз­­дан­дыру орталықтары, ин­же­нерлік инфрақұрылым (жаб­дықтар, жылу, электрмен жаб­­дықтау нысандары және сумен, жылумен, газбен, электр­мен жабдықтау желілері), көлік ин­фра­құрылымдары (кенішіндегі жолдар, көшелерді жарық­тан­дыру) жөнделеді.

Жоба шеңберінде 2019-2022 жылдары 326 млрд теңге бөлініп, 334 тұрғын үй-коммуналдық шар­уашылық нысанын, 1 174 әлеу­меттік инфрақұрылым нысанын және 2,2 мыңнан астам көлік ин­фра­құрылымы жобасын жаң­ғыртуға қол жеткізілді. Ал биыл­дың өзінде 771 ауылдық елді мекенде шамамен 1,8 мың жобаны іске асыруға 198,2 млрд теңге бөлінді.

Кейінгі жылдары ауылдарда, тіпті аудан орталықтарының өзінде интернет сапасының төмен екендігін байқадық. Әсіресе пандемия уақытында мектеп оқу­шы­лары мен студенттерді онлайн оқытуға көшкен кезде ауыл интернетінің жағдайы белгілі болып қалды. Тіпті 1 300-ге жуық ауыл­да интернет мүлдем жоқ екенін білдік. Қазіргі уақытта ауыл­­дарға талшықты-оптикалық желі тарту жұмыстары аяқталуға жақын, 20 мың шақырымнан астам талшықты-оптикалық желі салынады деп жос­парланып отыр. Сонымен қатар 3G, 4G мобильді байланысын қосу бойынша байланыс операторлары мен уәкілетті министрлік меморандум жасап, тұрғындар саны 250-ден асатын ауылдарды мобильдік байланыс­пен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Экономиканың кез келген саласында ғылымды дамыту, өн­діріске жаңа технологияларды енгізу – басым міндет. Аг­рар­лық ғылым мен ауыл шар­уа­шылығы өнімдерін қайта өңдеудің жағдайы қандай?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақ­стан­­ның экономикалық бағ­дары» атты биылғы Жолдауында эко­номиканың негізгі бағыттары бо­йынша тапсырмалар берген болатын. Соның ішінде аграрлық ғылымды дамытуға ерекше назар аударып, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнологиялық хабқа айналдыру жөнінде міндет жүктеді.

Ауыл шаруашылығының эко­­­но­мика драйверіне айналуға әлеуеті мен мүмкіндіктері орасан зор. Алайда заманауи ғылымсыз агро­­өнеркәсіп кешені алға жылжы­майды. Өндіріске соңғы үлгі­де­гі технологияны енгізбей, инно­вация­ны дамытпай, жаңа, сапалы өнім ала алмаймыз. Сон­дық­тан ауыл шаруашылығы өнім­де­рін қай­та өңдеуде де ғылымның рөлі үлкен.

Шыны керек, біз агроғылымға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге тиісті деңгейде көңіл аудармай жатырмыз. Бұл жөнінде Үкімет сағатында айт­қан болатынбыз. Бізде 3 арнайы аграрлық университет, 34 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтары, тә­жіри­белік стан­салар бар. Онда 2,5 мыңдай ғалым жұмыс істейді. Сонда да шар­уа­лар­ға керекті тұ­қым, минералды тыңайтқыштар, тех­ника мен заманауи технология да шетелден әкелінеді.

Дамыған елдерде аграрлық сала­­дағы зерттеулерге жұмса­ла­тын шығындар жылдық ішкі жалпы өнімінің 3-7 пайыз аралығын құ­райды. Бізде 0,1 пайыз ғана. Бұл – тым төмен көр­сет­кіш. Бүгінгі таңда ғылымға жұмсалатын қа­ра­­жат­ты ішкі жалпы өнімнің 1 пайы­­зына жеткізу туралы Пре­зи­денттің тапсырмасы бар. Бұл ба­ғытта Үкімет жұмыс істеп жатыр. Осы шаралардың барлығы кешенді түрде жүзеге асатын болса, агроөнеркәсіп ке­шенінде еңбек өнімділігін 2,5-3 есеге арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Ауыл шаруашылығы өнім­де­рінің өңделу үлесі де төмен дең­гейде тұр. Мәселен, ірі қара мал терісінің 13,4 пайызы ғана өң­деледі де, қалғаны қоқысқа тас­талады (2,5-3 млн тері). Оны тең­геге шақсақ, жыл сайын ша­мамен 14 млрд теңге желге ұшады деген сөз. Осы ретте бір қуанатын жайтты айта кетейін. Алматы облысында 2022 жылы құрылып, бүгінде 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Бату агро» ЖШС теріні қайта өңдеп, одан мал жеміне қоспа шығарып жатыр. Химиялық қоспасы жоқ, экологиялық таза жем қоспасының құрамында мал­ға қажетті қоректер: амин қыш­қылы, ақуыз, кальций, магний сияқ­ты маңызды элементтер бар. Қазір­гі кезге дейін 30 мың теріні қайта өңдеп, 5 мың тонна тауарды алыс-жақын шетелдерге экспорттап үлгерген. ТМД елдерінде мұндай кәсіпорын жалғыз сол ғана. Осындай жобаларға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсету керек деп есептеймін.

ؘ– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»