Фото: Turizm_jane_sport_ministrligi
«Биыл Алматыдағы Алатау, Зерделі және Жас Қанат ықшам аудандарында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ Ақжар, Шұғыла, Саялы ықшам аудандарында және Авиатор стадионында тағы 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Нұркент ықшам ауданында 5000 орындық жеңіл атлетика манежінің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу басталды. Сонымен қатар Орталық стадион және биік таулы «Медеу» спорт кешені жаңғыртылады. Жалпы болашақта 2025 жылға дейін 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, 3 мұз айдынын, жеңіл атлетика манежін және гимнастикаға арналған манеж салу жоспарланған. Осы шаралардың барлығы спорт алаңдарын 100 мың шаршы метрге дейін ұлғайтуға және тәулігіне 10 мың адамға дейін қамтуға мүмкіндік беретінін» айтты министр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін дамытуға басымдық беріледі. Осыған байланысты министрлік мемлекеттің спорттық тапсырысын іске асыру бойынша Алматы қаласында 31 мыңға жуық бала мен жасөспірім тегін спорт секцияларымен қамтамасыз етілген.
«Алматы – дүниежүзілік додаларда ел мерейін асырған даңқты спортшылар мекені. Бақыт Сәрсекбаев, Александр Парыгин, Бақтияр Ибраев, Ольга Шишигина, Денис Тен, Дмитрий Баландин, Жансая Әбдімәлік және «Қайрат» футзал клубының спортшыларын атап өтуге болады. Жалпы алғанда, Алматы қаласы спортшыларының әлеуеті зор. Қазіргі таңда ұлттық құрамада 1 200-ге жуық алматылық спортшы бар. Бұл – негізгі құрамның басым бөлігін құрайды. Сәйкесінше еліміздің тәуелсіздік жылдарында Алматы Олимпиадаға қатысқан 56 спортшыны дайындап шығарған. Сонымен қатар биылғы республикалық жазғы Спартакиадада Алматы қаласы жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды. Команда қоржынында 84 алтын, 71 күміс, 74 қола бар. Қытайдағы Азия ойындарында Алматы қаласының спортшылары 1 алтын, 3 күміс және 9 қола жүлде жеңіп алды», деді Ермек Маржықпаев.