Көрермен залына кірген бетте бейне бір Шекспир өмір сүрген XV-XVI ғасырға тап болғандай күй кештік. Сахна суретшілері сол заманның классицизм стиліндегі сәулет өнерін әбден зерттеп барып іске кіріскенге ұқсайды. Тарихты парақтасақ, «Асауға тұсау» комедиясы театр сахнасына 1948 жылы шыққан екен. Содан бері бұл қойылым барлық буындағы актерлердің шеберліктерін шыңдап келеді. Спектакльдің қоюшы-режиссері Барзу Абдураззаков 500 жыл бұрын жазылған пьесаның әлі де өзекті екенін айтады.
– Бұл қойылымға аса жауапкершілікпен дайындалдық. Актерлер дайындық кезінде барын салды. Көрерменнің көңілінен шығады деп ойлаймын. Айта кетейін, У.Шекспир бұл шығармасын 28 жасында ғана жазып, мәңгілік дүние қалдырды, – дейді Тәжікстанның еңбек сіңірген қайраткері Барзу Абдурааззаков.
Италияның Падуя қаласында өрбіген оқиғаға тоқталып өтейік: апалы-сіңілі қыздардың бірі Бьянка биязы, мейірімді, кішіпейіл болса, Катеринаның мінезін адам түсініп болмайды. Шаппа-шап кетуге әзір тұрады. Әкелері Баптиста болса, Бьянкаға ғашық болған жігіт Люченциоға алдымен Катеринаны күйеуге беруім керек деп шарт қояды. Қызуқанды қызға қайбір жігіт қызықсын. Ақыры амалын тапқан Люченцио тәкаппар, өркөкірек Петручиоға барып, ауқатты отбасында мінезі шайпау қыз барын айтады. Алған беттен қайтпайтын Петручио Бьянкаға сөз салып қана қоймай, өз дегеніне көндіріп, «бетегеден биік, жусаннан аласа» етіп тәрбиелейді. Керісінше, салиқалы деген Катерина күйеуінің шақыртуына келмей ыңғайсыз жағдайға қалдырады...
Жуықта ғана көрерменге жол тартқан спектакль көпшілікке ой салып, санадағы сан сұраққа жауап беруі мүмкін.
Өскемен