Үкімет • 27 Желтоқсан, 2023

Үнқатысу алаңында – жас қызметкерлер

91 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата аппаратының жас қызметкерлерімен кездесті. Диалог форматында өткен кездесуде қатысушылар Мемлекет басшысының жастарды қолдауға арналған тапсырмаларын іске асыру барысын талқылап, заң шығару қызметі мен аппарат жұмысын жетілдіруге қатысты идеяларымен бөлісті.

Үнқатысу алаңында – жас қызметкерлер

Палата спикері жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Елімізде Мемлекет басшысының бас­тамасымен кешенді реформалар іске асырылып, стратегиялық бағдарламалар мен мемлекеттік жобалар қолға алынды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев реформаларының негізгі мақсаты – Қазақстанды әділет­ті, демократиялық және инклю­зивті мемлекет ретінде қалып­тастыру. Бұл бағытта ауқым­ды жұмыс атқарылып жатыр. Президенттік жастар кадр­лық резерві жасақталып, талант­ты, білімді, білікті жастарға мем­ле­кеттік қызметке келудің жаңа бір жолы ашылды. Мәжіліс және мәслихат депутаттарының қата­рын­да жастардың болуын қам­тамасыз ететін нормалар да қабылданды. Осы ретте Сенаттың заң шығару қызметіне аппараттағы жас қызметкерлер де үлкен үлес қосып отырғанын атап өткен жөн», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат төрағасы мем­­ле­кет­тік қызмет жүйесін да­мыту, бюрократи­яны азайту және кәсі­би біліктілікті арттыру маңызды мін­дет­тердің бірі екенін айтып, бұл ретте мерито­кратия қағидатын кеңінен қол­дану қажеттігіне назар аударды.

«Меритократия қағидаты кез келген еңбекқор, патриот азаматтың өз саласында өсуіне жол ашады. Бұл бағытта Сенат аппаратында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Біз жоғары лауазымдарға тағайындау кезінде негізінен іштегі кадрларға басымдық береміз. Осы жердегі жинаған тәжірибелеріңіз бен алған білімдеріңіз алдағы уақытта қайраткер тұлға болып қалыптасуларыңа үлкен септігін тигізеді деп сенемін», деді Палата спикері.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев белсенді жастарды қолдауға арналған, волонтерлік негізде жұмыс істейтін Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің қыз­метіне де назар аударды. Айта кетейік, алдағы қаңтар айының ортасында Талдау мектебінің үшінші кезеңі бас­талады.

Кездесу барысында жас мемлекеттік қызметшілер де өз пікірлерін білдіріп, қолға алынған жобаларды іске асыруға және аппарат жұмысының тиімділі­гін арттыруға қатысты идеялары мен ұсыныстарын айтты.