Фото: senate.parlam.kz
«Ата заңымыздың 1-бабында жазылғандай, Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі. Бірақ елімізде жыл сайын жол апатынан екі мыңға жуық адам ажал құшып отыр. Оның ішінде соңғы бес жылда бір мың бір жүзден аса жасөспірім қайтыс болған. 2023 жылдың 10 айында 11 618 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 1 942 адам қаза тапты.
Өткен аптада Алматы қаласында үш адамның өмірін қиған жол көлік оқиғасы еліміздің мегаполистеріндегі шешілмей келе жатқан бірқатар өткір мәселелерді көрсетті. Еңбек ресурстарын дамыту орталығынының мәліметі бойынша, 2030 жылға қарай халық саны Астанада – 33%-ға, яғни 1,7 млн адамға, Алматыда – 20%-ға, 2 млн 466 мың адамға, Шымкентте – 32%-ға, 1,5 млн өседі. Бұл ел халқының төрттен біріне жуығы осы мегаполистерде шоғырланады деген сөз. Қазірдің өзінде аталмыш қалалардағы халықтың едәуір бөлігі шет аймақтарда, жеке сектормен қосылған аудандарда тұрады, мұнда мектептер мен балабақшаларда орын тапшылығы жоғары. Адамдар балаларын мектепке жеткізу үшін қаншама шақырым жеке көлікпен жүруге мәжбүр. Сондықтан бұл қалалардағы өзге мәселелермен қатар қоғамдық көлік тапшылығы мен жол кептелістері үлкен проблемаға айналды. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген көлік саны 5 млн 216,1 мың, оның ішінде 88% жеңіл автомобильдер, 9,9% жүк көліктері және тек 2,1% автобустар. Жеңіл автокөліктер саны күн сайын еселеп көбейіп жатыр. Жол апатына қатысты тағы бір фактор біздің жан басына шаққандағы жол-көлік оқиғаларының саны әлем бойынша орташа болғанымен, автокөліктердің ескі болуы, тіпті көп жағдайда қауіпсіздік жастықтарының да жоқтығы, өлім-жітімнің жоғары болуына әкеліп отыр», деді Б.Жексенбай.
Фото: Тengrinews.kz
Сенатор кептелісте тұратын адамдар жылына 360 сағат уақытын бос өткізіп қана қоймай, көліктен бөлінетін улы газдан өкпе ауруларына шалдығуы мүмкін екенін айтты. Еліміздегі мегаполистердің жол кептілісі мәселесі күрделі екенін айтып, уақыт күттірмей тиімді шешу қажеттігін жеткізді.
Сенатор халқы жылдам өсіп жатқан қалалардың орталықтары мен шеткері аймақтары бойынша үйлестіру және сауда-қызмет, демалыс орындарын біркелкі орналастыруды қатаң бақылау қажет деді. Сондай-ақ қала қозғалысын басқарудың бірыңғай орталықтан автоматты басқару және «ақылды» бағдаршамдар жүйесін енгізуді ұсынды. Маршруттардың, қоғамдық көлік бөлімшелерінің санын көбейту, оларға арнайы жолақтарды көбейту және қоғамдық көлік сапасы мен қауіпсіздігін күшейтуге күш салу қажеттігін ескертті. Оған қоса автопарктердің көмегімен қызмет көрсетудің жоғары деңгейлі стандарттарын белгілеп, транзиттік ағынды қаланың ішкі көлік ағынынан ажырату үшін жолдарды жеке деңгейде салуды ұсынды. Көлік кептелісі мәселесін шешуде жол қозғалысын реттеу жөніндегі жергілікті уәкілетті органның рөлі және жеке компаниялардың жауапкершілігін күшейту керектігін де айтты.