Сұхбат • 29 Желтоқсан, 2023

Азаматтар ақшасын қайда сақтайды?

133 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Салымшылардың құқығын қорғайтын Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) үшін биылғы жыл жемісті болды. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қордың арнайы резервінің мөлшері рекордтық көрсеткіш – 1,1 трлн теңгеге жетті. Бүгінде салымшы-жеке тұлғаларға тиесілі шоттардың 99,8%-ы кепілдікпен толық көлемде қамтылған. Осы орайда Қор төрағасы Әділ Өтембаевпен әңгімелестік.

Азаматтар ақшасын қайда сақтайды?

– ҚДКБҚ үшін өтіп бара жатқан жыл несімен есте қалды?

– Елдегі таратылатын тоғыз банк (Capital Bank Kazakhstan, АзияКредит Банк, Tengri Bank, Астана Банкі, Қазақстан Эксимбанкі, Qazaq Banki, Delta Bank, Қазинвестбанк, Валют-Транзит Банк) бо­йынша өтем төлеуді біз 2022 жылы аяқтағандықтан, биыл дәлелді себептер бойынша өтем төлеу және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру секіл­ді бағыттарға жіті назар аудардық. Депо­зиттерді сақтандырушылардың халық­ара­лық қауымдастығының (ДСХҚ) қыз­метіне қатысу бойынша атқарылған жұ­мыстар да біз үшін өте маңызды. Олар­дан басқа, әрине, біздің дәстүрлі қыз­метіміз Қазақстанның депозит нары­ғы­на тұрақты талдау жүргізуге байла­ныс­ты болды.

– Депозит ел азаматтары­ үшін ақша­­ны сақтау мен мо­лай­­­тудың ең бір оңтай­лы қар­жы­ құралы екені белгілі. Бұл үрдіс 2023 жылы сақталды ма?

– Биыл бөлшек саудалық депозит нарығы оң серпінмен дамыды. Жеке тұлғалардың депозиттері банк секторы­ үшін негізгі қорландыру көзі болып қала береді. Өйт­ке­ні олар тұрақтылығымен ерекшеленеді, әрі жоғары дәре­жеде әртараптандырылған және банктер үшін қолжетімді дүние. Ал қарапайым халық үшін банк депозиттері – артық ақшаны инвестициялаудың ең ыңғайлы, ең қарапайым және ең сенімді қаржы құралы.

Биылғы ахуал бойынша жеке тұлғалардың депо­зит­тік порт­фе­лінің жиынтық көлемі 18,8 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте жалпы өсім 2023 жылдың басынан бері 1,9 трлн тең­ге­ні немесе 11,5%-ды құрады. Халық депо­зиттерінің ең жоғары өсімі 2023 жыл­дың екінші тоқсанында (+5,0%), ал ең төмен өсімі 2023 жылдың бірінші тоқса­нының қорытындысы бо­йынша тіркелді (+1,4%).

– Өсім қандай депозиттердің есебі­нен байқалды?

– Бөлшек саудалық депозит нары­ғында өсімнің басты қозғаушы күші – теңгелік депозиттер. Осы жылдың қорытындысы бойынша жиынтық бөлшек саудалық депозит портфелінде олардың үлесінің орташа мәні 69%-ға жетті.

Атап өту керек, теңгедегі депозиттік портфельдің тұрақ­тылығына көп жағдайда халықтың ұлттық валютаға деген сенімінің артқандығы себебінен қол жеткізілуде. Айталық, ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында айырбас бағамының қысқа мерзім ішінде құбылуы теңгелік депозиттердің деңгейіне әсер ете алған жоқ. Осылайша, дәл қазіргі уақытта айырбас бағамы халық үшін депозиттің валютасын таңдарда айқындаушы фактор болудан қалды. Оның үстіне нарықта теңгелік депозиттер бойынша көтеріңкі табыстылық деңгейі де теңгелік депозитті таңдауда қосымша айтарлықтай рөл атқарып жатыр.

вр

Бөлшек саудалық депозиттер сегментінде 2023 жылы долларлану деңгейі жыл басында 33,9%-дан 2023 жылдың 1 желтоқсанына қарай 27,3%-ға дейін төмендеп отыр.

– Ең жоғары серпін қандай сегменттерде байқалды?

– Бөлшек саудалық депозиттік портфельдің құрылымы сегменттер бөлінісінде 2023 жылдың барысында айтарлықтай өзгерген жоқ. Дәстүр бойынша максималды шоғырланым (қалдық ақшалары соңғы санын қоса есептегенде 15 млн теңгеге дейін болатын) бұқаралық сегментте байқалды.

Депозиттік портфельдің жиынтық көлемінде бұқаралық сегменттің үлестік көрсетіші жыл барысында 50%-дан жоғары болды. Сонымен қатар 2023 жылдың үшінші тоқсанында орта және ірі сегменттердегі депозиттер бойынша жоғары өсу қарқыны тіркелді. Бұған мына факторлар себеп болуы мүмкін:

  • Жоғары инфляция аясында аза­­мат­тардың алатын табыс деңгейінің жоғарылауына байланысты орта сегментпен шектесетін сомалардың ішінара сол сегментке ағылуы;
  • Депозиттерінде аз көлемде ақша жинаған салымшылардың ақша жинау қабілетінің төмен­деуі. Өйткені күнделікті тауар­лар­ға кететін шығындар халық табысының елеулі бөлігін алатын болды.

– Тұтынушылардың қандай депозиттерге «бүйрегі бұрып» тұрады?

– Әдеттегідей, биыл да халық арасында мерзімсіз салымдар өте танымал болды. Биыл олардың бөлшек саудалық депозиттердегі үлесі 63,9%-ды құрап, ал жиынтық көлемі 12,0 трлн теңгеге жетті. Сонымен қатар ағымдағы жылы тұрақты қорландыру көздері – мерзімді және жинақ салымдардың үлестері де өсті. Депозиттік портфельдің тұрақты бөлігінің оң серпіні негізінен жинақ салымдардың өсуі есебі­нен қамтамасыз етілді. 2023 жылдың 1 желтоқсанына қарай бұл портфельдің жалпы көлемі 1,5 трлн теңгені құрады. 2023 жылдың басынан бері портфель 414,7 млн теңгеге немесе 37,8%-ға өсті. Бұл ретте осы сегментте халық тарапынан толықтыру құқығы жоқ теңгелік жинақ салымдарға басымдық берілуде. Өйткені бұл салымдардың табыс­тылығы толықтыру құқығы бар салымдарға қарағанда жоғары. Олардың үлесі жинақ депозиттердің жиынтық көле­мі­нің 85%-ын құрайды.

– Сіз халықтың қаржылық сауат­тылығын арттыру сала­сын­дағы шаралар туралы айтып өттіңіз. Биыл Қорда бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?

– Қазақстандықтарды жи­нақ ақша­ларының қалай қор­ға­­ла­тындығы туралы лайық­­ты деңгейде хабардар етіп оты­ру үшін Қордың бас­та­­­­­ма­­сымен биылғы жылдың 1 шіл­­де­сінен бастап барлық банк­терде хабарламаның жаңа нысаны қолданысқа енгізілді. Сол арқы­лы банктер банк салымы шар­тын жасау барысында салымшыларды:

  • осы банктің депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушысы екендігі туралы;
  • депозиттің түрі мен валютасына қарай максималды кепілдік мөлшері туралы, сақтандыру жағдайы туындаған кезде, оның ішінде бір банкте бірнеше депозиттің және банк алдында берешектер бар болған шақта (мысалы, кредит) кепілді өтемді есептеу ерекшеліктері туралы;
  • кепілді өтем төлеу мерзімі және оны алу үшін жүгіну әдістері туралы;
  • талап етілмеген сома­ны салым­шы­ның Бірыңғай жинақ­тау­шы зейнетақы қорын­да (БЖЗҚ) ашылған жеке зейнет­ақы шотына аудару талаптары және тө­лем мерзімі аяқталған соң, дәлелді себеп бойынша өтем алу үшін ҚДКБҚ-ға­ өтініш беру мүмкіндіктері туралы хабар­лауға міндетті.

Мұндай хабарландыру ешбір шарт жасасу әдісіне – жазбаша/қашықтан/банктік қызмет көрсету кешенді шартына қосылу жолына қарамастан жүзеге асырылады.

Бұдан басқа, банктің бөлім­ше­сінде немесе оның мобильді қосымшасында/сайтында онлайн режімінде банк шоты/салымы шартын жасасу барысында қол қоятын құжаттарға жіті назар аудару қажет. Өйткені оларда банк өнімінің маңызды талаптары (салымның түрі/валютасы, мерзімінен бұрын толығымен/ішінара алу тәртібі және олар бойынша максималды кепілдік сомалары) туралы ақпараттар жазылады.

Қазір екінші дең­гейдегі 12 банк хабарламаның жаңа нысанын енгізу бойынша нормативтік және техникалық жұмыстарды жүргізіп болса, 6 банк бұл үде­рістерді аяқтау кезеңіне тая­ды.­ Сондай-ақ Қор жыл барысында халықты «дәлелді себептер» бойынша өтем алу тәртібі туралы белсенді түрде хабардар етіп келді.

– Осы туралы толығырақ әңгіме­леп берсеңіз.

– Салымшылар дәлелді себептерге байланысты өтем алуға өтініш беру мерзімін өткізіп алған жағдайда оларға кепілді өтем қалай төленетіндігі туралы ҚДКБҚ қазақстандықтар арасында жыл барысында талай рет ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 2023 жылы азаматтардың осындай ­санаттарына 50 миллионнан астам теңге төленді.

Белгіленген мерзімді дәлел­ді­ себептерге байланыс­ты өткі­зіп алған салымшы соларды растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда өтем төленуі мүмкін. ҚДКБҚ дәлелді себептер бо­йынша өтініш­терді банк бо­йынша тарату үде­рісі толығымен аяқталғанға дейін немесе Әлеу­меттік кодекске сәйкес (қаражат салымшының зейнетақы шотына аударылған жағдайда) салым­шының зейнетақы қорынан зей­нетақы төлем­де­рін алу құқы­ғы туындағанға дейінгі мер­зім­дерге дейін қабылдайды.

Депозиттерге кепілдік беру туралы заңда белгіленген дәлелді себептер мыналар:

  • Әскери қызметке кіру;
  • Қазақстан Республикасының аума­ғынан тыс жерде болу;
  • Депозитордың мұрасын қабылдау және мұраны иемденуге немесе ашуға байланысты өзге де себептер;
  • Бас бостандығынан айыру орындарында болу;
  • Сот анықтаған өзге де мән-жайлар.

Бұл депозиттерге кепілдік берудің әлемдік жүйелері арасында бірегей шешім екенін атап өткім келеді. Сондай-ақ салымшылардың талап етпеген өтем ақшаларының өтем төлеу мерзімі аяқталған соң, олардың БЖЗҚ-да ашыл­­ған жеке зейнетақы шоттарына аудары­латындығы да соның қатарында.

Қор қазақстандықтардың мүдделері үшін өзінің атқаратын жұмыстарын жетілдіруге және үздік әлемдік тәжіри­бе­лерді қолдануға барынша күш салады.

– Сіз ДСХҚ-ға қатысу аясында атқарылған үлкен жұмыс­тар туралы атап өттіңіз. Осы туралы толығырақ баян­дасаңыз.

– Өзіңіз білетіндей, осы жылы көктемде АҚШ-та, Ұлы­британияда және Швей­царияда күрделі банктік дағдарыс орын алды. Соған жауап ретінде ДСХҚ аясын­да жұмыс тобы құрылды. Ол жер­гілікті депозиттерге кепілдік беру жүйе­ле­рін күшейту, нығайту мақсатында қауым­дастық қызметін реформалау бойын­ша ұсыныстар әзірлейді. ҚДКБҚ осы жұмыс тобының қызметіне белсене қатысты.

Сонымен қатар Қор ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің депо­зиттерді сақтан­ды­ру­ сала­сын­дағы заңнамаларын үйлестіру аясында Сараптамалық топтың мүшесі ретін­де оның отырыс­тарына талай рет қатысқан болатын. Нәтижесінде, халық­аралық тәжірибелер негі­зін­де депо­зит­терді сақтан­дыру­шылардың («сақтан­дырушының мандаты») өкілеттігі мен атқа­ратын функцияларын үйлестіру тәсілдері, депозиттерді сақтан­ды­рушылардың дәрменсіз банкке қояр талаптарын қана­ғаттандыру кезектілігі, жұрт­шылықты хабардар ету және депозиттерге кепілдік берудің тиімді жүйелері үшін маңызды мәселелер талқыланды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен – 

Нұргүл САЛЫҚЖАНОВА