
Өңірдегі басым бағыттардың бірі саналатын саланы дамыту үшін тұжырымдама әзірленбек. Туристік әлеует жан-жақты зерттелуде. Шет мемлекеттермен автобус, әуе бағыттары ашылып жатыр. Осы сынды жұмыстар нәтижесінде былтырғы 10 айда облысқа зиярат туризмі бағытында 868 203 адам келді.
Түркістан облысы – тарихи және мәдени мұраға бай және ашық аспан астындағы өзіндік мұражай. Облыс аумағында 1 770 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, облысқа тарихи-танымдық туризмі мақсатында 919,5 мың адам келген. Мысалы, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне бір күндік келушілер саны 646 378 адам болса, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне бір күнде 273 191 адам келген.
Сондай-ақ кейінгі жылдары экотуризм қарқынды дамуда. Облыста 4 ерекше қорғалатын табиғи нысан – «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі, «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі орналасқан. Жалпы, табиғи аумақтарда 99 демалыс орны, 62 қонақүй, 12 шипажай қызмет көрсетуде, 30 туристік маршрут құрылған. Өткен жылдың басынан бергі 11 айда табиғи аумақтарға келушілердің саны 124,9 мың адамды құрап отыр. Яғни алдыңғы жылмен салыстырғанда табиғи аумақтарға келушілер саны 2 есе артқан. Бұл орайда «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығында экологиялық туризмді дамыту мақсатында 22 гектар жер телімі қарастырылған. Аталған аумақта 2 туристік маршрут құрылған. Ал «Сайрам-Өгем» МҰТП аумағының 11,7%-ы немесе 17 519 гектар жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналады. Аталған аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылған. Қазіргі таңда парк аумағындағы жалпы ауданы 343,2 гектар 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген. Жер пайдаланушылар есебінен парк аумағында 6 демалыс үйі, 1 аңшылар үйі, 2 киіз үй жұмыс істеп тұр.
Облыс – республиканың сауықтыру туризмі дамыған өңірлерінің бірі. Туризмнің бұл бағыты бойынша облыста нөмірлік қоры 8 мың төсектік орын болатын 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді. Қосымша 3 кешенді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Былтыр емдеу-сауықтыру орындарында 142,7 мың адамға қызмет көрсетілген. Өткен 9 айда бұл көрсеткіш 192,8 мың болған. Орналастыру орындарымен көрсетілген қызметтер көлемі ІІІ тоқсан қорытындысымен 4,2 млрд теңгені құраған.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасының мәліметінше, туристік нысандардың инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында жалпы сомасы 34,7 млрд теңгеге 10 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде Түркістан – Арыстанбаб және Түркістан – Қарнақ бағытындағы тасжолдарды жөндеу жобалары қамтылған. Ал туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 363 млрд теңгеден асып отыр. Ресми статистикалық деректерге сәйкес, 2023 жылғы 10 ай қорытындысымен туризм саласындағы негізгі капиталға инвестициялар көлемі 43,6 млрд теңгені құрады. Облыс аумағында іске асырылатын туристік инвестициялық жобалар пулы әзірленген. Оған сәйкес 2023-2024 жылдарға жалпы сомасы 37,9 млрд теңгеге 42 туристік инвестициялық жобалар құрылысы жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ Түркістан қаласында мәдени-рухани арнайы аумағы құрылды. Аумақта «Ұлы Дала елі» орталығы, Шығыс моншасы, амфитеатр, музыкалық субұрқақ, Қабылдау орталығы секілді мәдени нысандар бой көтерді. Сонымен қатар Түркістан қаласында әуежай салынды. Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды, «Керуен сарай» туристік кешені саяхатшыларға қызмет көрсетуде. Келуші туристер санын арттыру мақсатында биыл Түркістан – Ташкент – Нурафшан бағытында халықаралық автобус рейсі ашылды. Алдағы қаңтар айынан бастап Біріккен Араб Әмірліктеріне Түркістан – Абу Даби халықаралық тұрақты әуе рейсі іске қосылады. Облыста туризм саласында жұмыс атқаратын адамдар саны 17 мыңға жеткен. Түркістан қаласының түркі әлемінің туристік астанасы атануына орай келер жылы басқарма тарапынан 30-дан аса оқиғалық іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Айта кетелік, жуырда Астана қаласында өткен іс-шарада Түркістан облысының үш бірдей туристік қызмет көрсету ұйымы «Сапа белгісі» бағдарламасы талаптарына сай келгені үшін ерекшелік белгісімен марапатталды. Атап айтқанда, «Rixos Turkistan» қонақүйі, «Top Tobe Grand Hall» кешені және «Turan Tour» ЖК туризм индустриясындағы ерекше мәртебе иегері атанды. Сондай-ақ Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының да мамандары арнайы Алғысхатқа ие болды.
Түркістан облысы