Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«Бұл – шартты ереже ғана. Өзгеріске ұшырауы да мүмкін. Бір анық нәрсе бар, заңның мақсаты – кәсіпкерлік қызмет сипаты бар мобильді аударымдарды қадағалау және оған салық салу. Туыс-туған, әріптес, достар арасындағы аударымдардың кәсіпкерлік қызметке қатысы жоғы белгілі. Оларға салық салынбайды. Біз бизнеске айтып жүрміз, кәсіп үшін арнайы карта, арнайы шот ашыңдар және қанша қаласаңдар сонша аударым жасаңдар, сөйтіп тиісті салықтарыңды төлеп отырыңдар. Бұл әсіресе, көлеңкелі бизнесте жүргендерге арналған сөз», деген еді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биыл мәжілісте.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, биылдан бастап банктерден «банктердегі шотына кәсіпкерлік қызметпен байланысты ақша түсіп жатқан азаматтар» туралы мәліметтер келе бастаған. Банктерден ақпараттың келіп түсуі кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Яғни:
- 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап – мемлекеттік қызметкерлер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары бойынша (2022 жылдың қорытындысы бойынша);
- 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап – мемлекеттік мекеме қызметкерлері, квазимемлекеттік сектор субъектілері және олардың жұбайлары (2023 жылдың қорытындысы бойынша);
- 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың жетекшілері және олардың жұбайлары (2024 жылдың қорытындысы бойынша);
- 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап – халықтың қалған бөлігі бойынша (2025 жылдың қорытындысында).
«Бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейтініне және жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған. Бұл ретте жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін (туыстарына, достарына аударымдар, ата-аналар мен балаларға көмек, сондай-ақ басқа да өмірлік жағдайлар бойынша) мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады», деп түсіндіреді комитет.
Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Нұржан Қуандықовтың түсіндіруінше, жаппай декларация тапсырудың бірінші кезеңіне 570 мыңнан адам қатысқан – олар мемлекеттік қызметкерлер және олардың жұбайлары. Солардың ішінде 8 мың адамның тоқсан бойы айына 100-ден астам аударым алғаны анықталған. Алайда ол әлі де анықтай түсуді талап етеді. Біз бірден хабарлама немесе айыппұл жібере алмаймыз», дейді.
Анықталған аударымдардың 8007-сі – Kaspi, 112-сі – Halyk Bank, 3-еуі – Forte Bank арқылы жасалған.
Төрағаның айтуынша, алдымен салық төлеушіге хабарлама жіберіледі, ал егер қателікті түзегісі келмесе, онда айыппұл салына бастайды. Түзетуге берілетін уақыт – 30 күн. Тағы да қайталап кетейік, тексеруге негіз болатын басты фактор – бір ай ішінде 100 және одан да көп аударымдар жасау фактісі.
Егер 2 ай бойы 100 аударымнан көп төлем жасалып, бірақ арасында үзіліс болса немесе аударым саны 100-ге жетпесе тексеріс жүргізілмейді.
«Бұл критерий жасалған кезде көптеген азаматтар өз ұсыныстарын білдірді. Неліктен 50 емес, 100 аударым болуы керек деген пікір де айтылды. Соңғы шешім қабылдар алдында екінші деңгейлі банктермен келісім жүргіздік. Бірінші кезеңде жүргізілген салықтық бақылаудың нәтижесі бойынша 3 айға 100 аударым деген критерий өзгеру де мүмкін. Бұл шешімді шығаруда жеке азаматтардың пікір де ескерілетінін айта кету керек. Әр азаматтың қандай шоты, төлем жүргізгенін анықтау жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы жүргізіледі», дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева.
Н.Қуандықовтың сөзінше, егер жеке тұлға декларация өткізбеген болса, әкімшілік хаттама толтырылады. Оның аясында айыппұл салынбайды, тек ескерту беріледі. Жыл ішінде осы қателік екінші рет қайталанса, онда 15 АЕК көлемінде айыппұл белгіленеді.
Төрағаның айтуынша, декларацияда толық емес не анық емес мәліметтерді ұсынғаны үшін жыл ішінде алғаш рет тек ескерту жасалады, ал қайталап бұзғаны үшін 3 АЕК (10,3 мың теңге) айыппұл салынады. Қуандықов салық салу объектілерін жасырғаны үшін бірінші рет төленбеген салықтар сомасынан 200 пайыз көлемінде айыппұл салынатынын атап өтті. Егер дәл осындай бұзушылық жыл ішінде қайталанса, онда бұл көрсеткіш 300 пайызға дейін өседі.
Ендігі кезекте кәсіпкерлік қызметті жүргізушілер банкте ашылған жеке шотына сатылған тауарлар мен қызметтер үшін мобильді аударымдар арқылы ақы алмауы тиіс. Мұндай аударымдар бақылау-касса машиналары мен POS-терминалдарды қолданбай, тиісінше чектер берілмей жүргізілгендіктен заңсыз болып саналады. Оған әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осы заң бұзушылықтар қайталанса, салық төлеушінің субъектілігіне байланысты салынатын айыппұл 15 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін жауапкершілік қарастырылады.
Комитет бақылау касса машиналары чектерін бермеу фактілерін анықтау бойынша «Азаматтық бақылау – Чекті талап ет» акциясын да өткізіп жатыр. Бұл акция негізінде тұтынушылар анықталған заң бұзушылықтар туралы «Wipon cashback» тегін мобильді қосымшасы арқылы хабарлай алады.
Кірістер комитеті кәсіпкерлерге бизнес-шот болып есептелетін төлем шотын ашуға кеңес береді.