Құттықтау сөзінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыста спортқа үлкен қолдау көрсетілетінін, соның арқасында жеңісті жетістіктердің де көп екенін атап өтті. «Біздің облыс аумағында жыл сайын кем дегенде 2-3 спорттық кешен пайдалануға беріледі. Оларды білікті жаттықтырушылармен, мамандармен жабдықтау және жағдай жасау да күн тәртібінен түспейді. Облыста олимпиадалық қозғалысты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына біздің велошабандозымыз Алексей Луценко осы күннің өзінде екі лицензия жеңіп алды. Тағы 7 спортшымыз үміткер мәртебесіне ие. Солтүстікқазақстандық атлеттеріміз келесі Олимпиада ойындарында да биіктен көрініп, еліміздің қоржынына жүлделер салады деп сенеміз», деді ол.
Осыдан кейін өңір басшысы бірнеше спортшыны марапаттап, сыйлықтар тапсырды. Соның ішінде сурдолимпиаданың чемпионы Фархад Қыстаубаевқа пәтер кілтін табыс етті. Әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеткені үшін Аманғали Бекболатов пен қазақ күресінен әлем кубогінің жеңімпазы болған Алтынбек Аусағитовқа, олардың бапкерлеріне Алғысхат және естелік сыйлықтар тапсырды.
Өз кезегінде Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Қызылжар өңірі спортшыларын Жаңа жылмен, ҰОК құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтап, еліміздің спорттағы табыстарына олжа салып жатқаны үшін алғысын айтты. «Әсіресе қысқы спорт ойындары бойынша біздің негізгі тірегіміздің бірі – солтүстікқазақстандық спортшылар. Бірақ кейінгі жылдары жазғы спорттық ойындар бойынша да еліміздің алдыңғы қатарынан табылып жүр. Бұл – спортты қолдауға деген жанашырлықтың көрінісі. Сондықтан облыс басшылығы мен жергілікті аудандар басшыларына алғысымыз шексіз», деді ол. Осыдан кейін Серік Сәпиев Солтүстікте спортты дамытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан бір топ азаматқа ҰОК медальдары мен Алғысхаттарын табыс етті. Олардың арасында қазақтар арасынан күрестен алғашқы спорт шебері нормативін орындаған Жамбыл Тасеменов пен қазақ күресінен осы дәрежені алғашқы қорғағандардың бірі Бауыржан Құлжанов болды.
Петропавл