– Жуырда ғана «Алтын сапа» сыйлығын алдыңыздар. Құтты болсын! Білуімізше, Med365 мәртебелі сыйлықты иеленген тарихтағы алғашқы IT-компания.
– Көп рахмет. Иә, өндірістегі медициналық тексерулерді автоматтандырумен айналысатын Med365 «Алтын сапа» сыйлығын иеленген алғашқы IT-компания ретінде тарихқа еніп отыр. «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурстарының жеңімпазы атанған 180 компанияның ішінен онлайн-дауыс беруге қатысуға 27 финалист қана қол жеткізді. Стартап «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша үздік деп танылды. Осылайша, біз отандық IT-компаниялардың қазірдің өзінде әлемдік нарықта бәсекеге түсе алатынын дәлелдедік. «Алтын сапа» бізге үлкен жауапкершілік жүктеді. Бизнес-үдерісті одан әрі жетілдіріп, IT-өнімдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын боламыз. Тұтынушының адалдығы мен қызметкердің ризашылығы әр кәсіпкерге маңызды. Бұл стартаптың бастапқы идеясы – денсаулық мәселелерін смарт технологиялардың көмегімен шешу. Даму барысында біз медициналық қызмет көрсету саласындағы толыққанды ұйымға айналып келе жатқанымызды түсіндік. Өйткені қызметімізді жүргізу және жабдықтарды өндіру үшін медициналық лицензиялар, сертификаттар, тіркеу куәліктерін алдық. Бүгінгі таңда біздің құрылғы толыққанды медициналық өнім деңгейіне жетті.
– Сонда бұл құрылғының ерекшелігі неде?
– Ерекшелігі – адами фактордың алдын алу. Біздің мақсатымыз – бюджет игеру емес. Med365 – азаматтық позиция ұстанатын, әлеуметтік компания. Оның өзгелерге беретін мүмкіндігі – қызметкерлердің денсаулық динамикасын анықтап, бақылауда ұстау. Екіншіден, жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтуге, жұмысшылардың ішкі тәртібін қалыптастыруға көмектеседі. Біз мемлекеттің әлеуметтік бағытта жұмсайтын шығындарының үлесін азайтқымыз келеді. «Себеп», «салдар» деген ұғымдардан бұрын «алдын алу» ұғымын ұстын етіп ұстаймыз. Мысалы, ірі компанияларда 100-150 қызметкер бір уақытта жұмысқа келеді. Денсаулығының жұмысқа жарамдылығын қазірге дейін дәрігерлер берген анықтама немесе есік алдында отырған медбике көмегімен анықтайды. Ол адамның қан қысымы көтеріліп тұрса, дәрісін беріп жұмысқа кіргізе береді. Ал ондай қызметкердің жұмыстағы белсенділігі төмендейді, ең қауіптісі денсаулығына күш түсіп, басқа ауруы асқынуы мүмкін. Міне, осындай адами фактор жиі болатын жерде жасанды интеллектіні алдау мүмкін емес.
Зауытта, шахтада немесе кез келген қауіпті кәсіпорында ауысымға кірер алдында жұмысшы медициналық куәландырудан өтіп, дәрігерден рұқсат алуы қажет. Біздің жүйе не істейді? Алдымен адамды анықтайды, құрылғы тексеріс жүргізіп, деректерді дәрігердің компьютеріне жібереді. Ол қызметкердің мас немесе сау екенін, қан қысымының жоғары я төмен екенін тексереді. Сонымен қатар бізде қызметкердің жағдайын динамика арқылы талдап беретін бағдарламалық жасақтама бар. Егер ол теріс өзгерістерді көрсе, соған назар аударып, алдын алу шараларын қабылдау үшін дереу дәрігерге дабыл қағады. Демек, Med365 – адам денсаулығына зиянды өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлерге ауысым алдында немесе ауысымнан кейінгі медициналық тексеруден 1 минут ішінде өтуге мүмкіндік беретін оңтайлы шешім. Ол алынған деректерді талдайтын және денсаулыққа төнетін қауіпті анықтайтын арнайы бағдарламалық жасақтамадан тұрады. Мұның бәрі термометр, тонометр, алкотестер, пупиллометрі бар метрологиялық қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйесінің көмегімен жасалады. Медициналық тексеруден өту әдеттегідей 8-10 минутты алады. Елестетіп көріңізші, бір уақытта 500 жүргізуші 5-6 медбикенің көмегімен тексеруден өтуі керек. Біз бұл үрдісті 1 минут 10 секундқа дейін қысқартып, адам факторының жойылуына қол жеткіздік.
– Өнертабыс кәсіпорындардың жұмысын қаншалықты жақсартты?
– Біздің жүйе өзін нашар сезініп тұрған немесе мас күйде келген қызметкерді бірден таниды. Мысалы, таңертең адамның қысымы көтерілсе, құрылғы тексеріп, дәрігерге дабыл соғады. Дәрігер оны жұмысқа жібермей, терең тексерілу үшін емханаға жібереді. Өндірістегі жұмысшылардың біразы жұмыс уақытында тығылып ішімдік ішеді. Әрі олар ауыр жұмыстың ортасында жүреді. Тиісінше, қай жерде қандай оқиға болатынын ешкім білмейді. Ал мас адам жұмыс барысында туындайтын төтенше оқиғалар кезінде тығырықтан шыға ала ма? Абайсызда өзін немесе өзгені жазым етуі ықтимал. Мұндай жағдайларды естіп, көріп жүрміз. Жоғарыда айтқанымдай, біздің құрылғы қызметкер жұмысқа ішімдік ішіп келсе де, бірден анықтайды. Қолданушылардың дерегінше, Med365 жұмысшылар арасындағы ішімдік ішу деңгейін төмендеткен. Себебі тиісті мамандармен келісіп «ішімдік ішкен жоқ» деген құжатты қолдан жасап алуға болады. Ал құрылғымен қалай келісесің? Біз технология өмірді жеңілдетеді, тиімділікті жақсартады дегенді әлі жете түсіне қоймадық. Мысалы, кейбір кәсіпорын жұмысшылары мұндай жаңашылдыққа қарсы болып жатады. Арнайы барып, құрылғы жұмысын, мақсатын түсіндіргеннен кейін ғана аптығы басылады.
– Алдағы жоба-жоспарлар да ауқымды шығар?
– Біз тек өндірістік медицинаға ғана емес, сонымен қатар ауылға да көңіл бөлгіміз келеді. «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында Қарағанды облысының 6 елді мекенінде қанатқақты режімде дәрігерлерге арналған біріктірілген мобильді метрологиялық қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйесі орнатылды. Оған «Digital Med365» атауын бердік. Қазіргі уақытта ел халқының 40 пайызға жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Олардың басым бөлігі негізгі медициналық қызметтерге қол жеткізе алмай отыр. Осы мәселені шешуге көмектескіміз келеді. Жабдықтың көмегімен дәл сол жерде фельдшер пациенттің қан қысымын, дене температурасын, қант деңгейін, импульсін өлшей алады. Сондай-ақ қан мен зәрді талдап, ЭКГ жасау үшін деректерді жүйеге енгізуге болады. Осы арқылы аудандық немесе облыстық емхананың дәрігерлері деректермен таныса алады. Тілдесу үшін арнайы планшет те бар. Алдағы уақытта медициналық қателік қаупін азайтуға көмектесетін жасанды интеллекті іске қосқымыз келеді. Бұл сапалы медициналық көмек көрсетуге жол ашады. Сонымен қатар дәрігерлер белгілі бір аймақтардың тұрғындары қандай аурулардан зардап шегетінін түсіне бастайды. Әр жердің өзіндік климаттық және тарихи ерекшеліктері бар. Жобамыз денсаулық сақтау саласын тиімді басқаруға көмектеседі. Біріншіден, шенеуніктер аймақтарда халықтың денсаулығына қатысты қандай маңызды мәселелер барын және жағдайды түзету үшін назарды қайда аудару керектігін түсінеді. Екіншіден, бұл медицинаға бөлінген бюджет шығындарын ұтымды басқаруға мүмкіндік береді. Әр сала дәрі-дәрмектің белгілі бір көлемін сатып алады. Жиналған мәліметтер негізінде біз беретін деректерге қарап қандай дәрі-дәрмектердің көбірек я азырақ қажет екенін түсінуге болады.
Қазір біздің құрылғыны республика бойынша 40-тан астам кәсіпорын пайдаланып отыр. Олар мұнай өңдеу, тау-кен өндіру секілді өнеркәсіптің бірнеше бағытында жұмыс істейді. Жақында Алматы, Астана қалаларындағы автобус парктеріне жүйені қанатқақты режімде іске қостық. Бір айға созылған сынақ кезеңінде жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Құрылғыны автобус парктеріне қоюдың маңызы зор. Өйткені жүргізушілердің жүрек талмасы ұстап, есінен танып, салдарынан адамды адам қағып кеткен кездері туралы жан түршігер фактілерді жиі естиміз. Бұл – адами фактор. Алдын алуға тырысу керек. Ауыр жұмыс істейтін жұмысшылардың денсаулығы мен мас я мас емес екенін міндетті түрде күн сайын сапалы түрде тексеріп отыру керек. Себебі олардың мойнында қаншама адамның тағдыры тұр. Бұған қоса біз ішкі тәртіпке келгенде қырсызбыз. Шын мәнінде, ішкі тәртіп денсаулығымызға мән беруден басталады.
Қазіргі таңда еліміздің ірі мегаполистерінің автобус парктерінде қанатқақты жобаларды іске қосу үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қызығушылық бар. Болашақта жалпы өндірістегі медициналық тексеруден өту үдерісін толықтай автоматтандырғымыз келеді. 2022 жылы еліміздегі өндіріс орындарында 1 500-ден астам адам зардап шеккен. Оның 200-ден астамы түрлі себеппен қайтыс болған. Бұл мәселені қалай реттейміз? Мұның бірден-бір шешімі – жұмыс берушілер қызметкерлердің денсаулығына жіті назар аударып, қолайлы жағдай жасауы керек. Дегенмен кейбір компаниялар бұған көз жұма қарап, жарақат алған адамдардың статистикасын бұрмалап, тіпті кейбір келеңсіз оқиғаны жасырып қалып жатады. Осы мәселені шешу үшін 2019 жылы Женевада еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы арасында Vision Zero тұжырымдамасын орындау туралы меморандум бекітілді. Оған 2022 жылы отандық 291 кәсіпорын қол қойды. Олар жұмыс орнындағы жазатайым оқиғаларды азайтуға және еңбек қауіпсіздігін күшейтуге міндеттелді. Осы меморандумнан кейін жұмысшылардың денсаулығын қадағалауға көмектесетін құрылғыға да сұраныс арта бастады.
– Med365-тің негізгі үш ерекшелігін атап бере аласыз ба?
– Бірінші – инновацияға жақынбыз. Мысалы, Қарағандыға құрылғымызды апарып, қойғымыз келді. Бірақ шалғай ауылдарда интернет мүлдем ұстамайды. Сол үшін өз қаражатымызға Starlink интернетін қойып бердік. Екінші ерекшелік – мүмкіндігінше мазмұнды жұмыс істегіміз келеді. Біз – әлеуметтік кәсіпкерлерміз. Ең маңызды дүниеміз – мақсат. «Адам өмірінің сапасы мақсатының мазмұнына байланысты» деген тәмсіл бар. Үшінші ерекшелік – отандық өнімбіз. Елге қызмет ету – біз үшін үлкен абырой.
– Неліктен осы бағытты таңдадыңыздар?
– Стартап бастауға идея іздегенімізде басты мақсатымыз мол табыс табу емес, әлеуметтік мәселені шешу болды. Студент кезімде әкем 51 жасында жүрек талмасынан қайтыс болды. Сол кезде адам бойындағы кез келген ауруды ерте кезден анықтаудың маңызды екенін түсіндім. Мойындау керек, біздің елде көбіне ер адамдар денсаулығына немқұрайды қарайды. Дәрігерлер де адамдардың ауруы асқынғаннан кейін келетінін айтып, шағымданады. Осылайша, өндірісте жұмыс істейтін азаматтардың денсаулық жағдайын жасанды интеллект көмегімен ерте анықтайтын Med365 жобасын қолға алдық. Жоғарыда айтқанымдай, біз құрастырған құрылғы өндірістік компаниялардағы жұмысшылардың жұмысына кіріспес бұрын медициналық тексеруден жылдам әрі сапалы өтуін қамтамасыз етеді.
Әңгімелескен –
Елігімай ТӨҢКЕР,
«Egemen Qazaqstan»