Дана – аға әзірлеуші. Күрделі техникалық мәселелерді шешіп, жобалардың жалпы архитектурасын белгілейді. Сосын кіші инженерлерге арналған қосалқы міндеттерді бөледі. Оның жұмысына бүкіл Google іздеу индексі туралы ақпаратты талдау және «кеңейтілген сұрауға» сенімді әрі мазмұнды жауап беру, соның ішінде ең пайдалы онлайн ресурстар мен мақалаларға сілтемелер беру кіреді.
– Екі жыл болды веб-мазмұнды семантикалық талдаумен айналысатын топтың жетекші инженері және техникалық көшбасшысымын. Біз Chat GPT сияқты генеративті жасанды интеллектің жаңа жетістіктері мен іздеу жүйесінің мүмкіндіктерін қайта қарастырамыз. Өйткені бұл технология тарихындағы маңызды кезең. Оның көмегімен пайдаланушыларға іздеу барысында сұрақтардың мүлдем жаңа, күрделі және кеңейтілген түрлерін қоюға, барынша пайдалы жауаптар алуға мүмкіндік жасауға тырысамыз. Іздеудің жаңа дәуірі келді, – дейді Дана.
Ол Республикалық физика-математика мектебін «Алтын белгімен» бітірген соң техникалық салада оқуын жалғастыратынын бірден түсінген. Ақпараттық технологиялар мен информатика бағытында шетелдің үздік оқу орындарына түскісі келген. Бір жылдан астам уақытын ізденіс пен білімге жұмсап, Массачусетс технологиялық институтына оқуға түседі. Оқу барысында іргелі білім алуға баса назар аударды.
– Мен мобильді немесе веб-қосымшаларды құруды ғана емес, күрделі алгоритмдерді шешуді үйренгім келді. Сақталған ақпараттағы трендтер мен заңдылықтарды анықтау үшін мәліметтер базасында машиналық оқытуды қолдануды үйрендім. Ғылыми жетекшім профессор Майкл Стоунбрейкердің қамқорлығымен жасаған дипломдық жұмысым осы салаға арналды, – деді ол.
Оқуын аяқтағаннан кейін Кремний алқабының технологиялық алпауыттары арасында Дананың мансабы басталды. Айта кететіні, америкалық жоғары оқу орындары түлектеріне жұмыс іздеуге жүйелі түрде көмектеседі. Бұл үдеріс әлдеқашан бір ізге түскен. Мысалы, Массачусетс технологиялық институты жыл сайын әлемдегі ең жақсы компаниялардың жұмыс берушілері келетін ауқымды жұмыс жәрмеңкесін өткізеді. Соңғы курс студенттері түйіндеме береді, егер олар компанияға ұнаған болса, алдымен телефон арқылы сұхбаттасып, кейін компанияның кеңсесіне кеңейтілген сұхбатқа шақырылады.
– Екі ай бойы әртүрлі компания сұхбатқа шақырды. Солай Amazon, Microsoft, Google, Apple, Square сияқты бірнеше компаниядан жұмысқа шақырту алдым. Таңдауым Google болды. Себебі корпоративті мәдениеті, дамыған тәлімгерлік жүйесі және үлкен көлемдегі техникалық міндеттері ұнады. Бұл – информатика саласындағы алдыңғы қатардағы компания. Ізденіс пен табандылықты ту қылып ұстау керек. Сонда қазақ жастары әлемді бағындыра алады, – дейді Дана.