Қоғам • 03 Қаңтар, 2024

Мемлекет басшысы: Жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады

942 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында еліміздің саяси ұстанымы демократиялық даңғыл екеніне тоқталып, ел ішінде тыныштық сақтау мақсатында ұстанатын мызғымас қағидалар туралы айтты, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекет басшысы: Жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады

Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы сұхбат барысында ел азаматтарына биліктің іс-әрекетіне келіспейтінін жария түрде білдіруіне тыйым жоқ екенін еске салды. 

«Елімізде биліктің іс-әрекетіне жария түрде келіспеушілік білдіруге толық мүмкіндік бар. Азаматтар өзін толғандыратын мәселе туралы ашық айта алады. Мен мемлекеттік органдардан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, қоғамның пікірімен санасуды талап етіп келемін. Елімізде бейбіт жиналыстарды реттейтін демократиялық сипаттағы заң бар. Жақында петиция­ларды тапсыру және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданды.

Сондықтан бір нәрсені анық білуге тиіспіз. Бейбіт шеруге тыйым салынбайды, ал жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады. Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс. Бұл – мен үшін мызғымас қағида. Демократияның бесігі саналатын батыс елдеріне қара­ңыздар, ешкім де көшеде жаппай тәртіп­сіздік жасаған, мемлекеттік орган­дарға шабуылдаған адамның маң­дайы­нан сипап, өбектеп отырмайды», деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар жазасын толық өтетейтінін айтты.

«Полиция жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларды, яғни биліктің заңды талаптарына қарсы шығуға үндеген, қару-жарақ әкеліп таратқан, жағдайды ушықтырып, адамдарды күш қолдануға, маңайдағының бәрін қиратуға, өртеп-талқандауға азғырған адамдарды анықтап, әшкереледі. Ал тәртіпсіздікке кездейсоқ қатысқан, білместікпен арандап қалған адам­дар­дың бұзақыларға қатысы жоқ. Оларға менің бастамаммен рақым­шылық жасалды. Бұған дейін соттал­ған 1205 адамның 1095-і осы рақым­шылыққа ілікті. Ал жаппай тәртіп­сіздік­ті ұйым­дастырғандар мен лаңкес­тік әре­кеті, мемлекетке сат­қынды­ғы, билік­ті күшпен басып алуға тырыс­қаны және басқа да ауыр қыл­мыс жасағаны үшін сотталғандар жазасын толығымен өтейтін болады», деді Мемлекет басшысы.