Технология • 04 Қаңтар, 2024

Astana Hub – алғырлар ордасы

213 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Осы күнге дейін елдегі инновацияны дамыту үшін қаншама бастама көтерілді. Оның ішінде IT салаға даму институты ауадай қажет еді. Дер кезінде ашылған Astana Hub шығыны аз әрі тиімді шешім бола білді. Технопарк инновациялар экожүйесін дамытудың өзегіне айналып, елдегі цифрлық технологияның дамуына үлкен үлес қосып отыр. Бүгінде отандастардан бөлек, шетелдіктерге де халықаралық технопаркте жасампаз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік жасалған.

Astana Hub – алғырлар ордасы

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бәсеке табалдырығын 2018 жылы атта­ған алғырлар ордасы бүгінде Орта­лық Азиядағы ең ірі инновациялық хаб­қа айналып үлгерді. Осы уақытқа дейін технопарк құрамындағы ІТ компа­ниялардың жалпы табысы 1,6 млрд долларды құрады. Тартылған инвестиция көлемі 517 млн долларға жетіп, ашылған жұмыс орындарының саны 20 мыңнан асты. Халықаралық деңгейдегі IT орданың тыныс-тіршілігі көз сүйсінтеді.

IT саланың дамуына бірден-бір негіз болып отырған технопарк ел аумағын­да, бүкіл әлемде жоғары технологиялық компанияларды тіркеу, дамыту ісімен айналысады. Негізгі мақсаты – стартап мәдениетін дамыту, нығайту, инно­вациялық жобалар арқылы ел экономикасын көтеру. Басым технологиялық бағыттар ретінде 7 орталығы бар: Blockchain, SpaceTech, 5G, GameDev, Defence Tech, OTS Digital Center, AI. Мақ­сатты аудиториясы стар­таптарға, вен­чурлық инвесторлар мен бизнес-періш­телерге, отандық және шетелдік IT ком­панияларға, IT сала мамандары мен әуесқойларға арналған.

вая

Мұнда стартаптарды дамыту бағ­дар­ламасы жүзеге асырылады. Ең танымалы – акселерациялық және инкубация­лық бағдарламалар. Акселераторда ірік­теу критерийлеріне сәйкес стартапты жедел дамыту үшін жетекші жаттықтырушы­лар 300 сағаттан астам кеңес береді. Сон­дай-ақ табысты кәсіпкерлердің тә­лім­герлік бағдарламалары өткізіледі. Ал инкубациялық бағдарламада қатысу­шыларға бірыңғай коворкингке, білім базасына, сарапшылардан кеңес алуға және қаржыландырудың бірінші раундын тартуға көмек беріледі. Мысалы, «Google For Startups» компаниясымен бірге жүзеге асырылып жатқан «Silkway Accelerator» бағдарламасына қатысу үшін 1 мыңнан астам өтінім түсті. Төрт лектің нәтижесінде 49 үздік жоба акселерация бағдарламасын аяқтады. Компаниялардың жалпы капиталы 400 млн доллардан, ал ай сайынғы кірісі 1,5 млн доллардан асты. Бағдарламаның барлық кезеңінде стартап-жобалар жалпы алғанда 26 млн доллардан астам инвестиция тартып, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, АҚШ және басқа да елдердің нарығына шықты.

впчр

«Startup Garage» бағдарламасы даму­дың бастапқы кезеңдерінде жан-жақты қолдауды ұсынады, ал Scalerator отан­дық стартаптардың жаһандық нарыққа шығуына көмектеседі. Соңғысын жүзеге асыру барысында қатысушылар жалпы сомасы 416 млн теңгеден астам экспорт­тық келісімшарттар мен келісімдер жасады. Draper University-мен серіктестікте, Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылатын Hero Training акселераторы стартаптарға АҚШ-тағы Крем­ний алқабына жолдама алуға бірден-бір мүм­кіндік ұсынады. Бүгінгі таңда инновациялар ошағына 27 стартап жол тартты, алдағы уақытта Орталық Еуразиядан жыл сайын кемінде 30 әлеуетті жобаны жіберу жоспарда бар. Осыншама қыруар жұмыстың артында технопарк қыз­меткерлерінің еңбегі жатыр.

– Біздің кеңсенің жауапкершілік аймағы бірқатар стратегиялық және опе­­рациялық міндетті қамтиды. Мен ин­новациялық коворкинг кеңістікте­рін, үдеткіштер мен инкубаторларға жауап беретін HubSpace бағдарламасын жүзеге асыратын топты басқарамын. Біз Astana Hub инфрақұрылымын жақ­сартатын жаңа тұжырымдамалық ше­шімдерді енгізу бойынша жұмыс істеп жа­тырмыз. Бұған заманауи технология­ларды енгізу, басқару әдістерін жетіл­діру кіреді. Негізгі бағыттарымның бірі – стартаптардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау. Біз инфрақұрылым­ды ұйымдастыруға назар аударамыз, қауіп­сіздікті, ресурстарға қолжетімділікті қам­тамасыз етеміз және кәсіпкерлердің сапалы жұмысы мен өзара іс-қимылына ықпал ететін жағдайлар жасаймыз, – деді технопарктегі Инфрақұрылымды дамыту кеңсесінің директоры Мәдина Әбілқасымова.

Бүгінде технопаркке 1 384 IT компания тіркелген, оның 391-інің шетелдік үлесі бар. Оларға бизнесті дамыту, бағ­дар­ламаларын масштабтау, арнайы са­лықтық және визалық шарттар, ақпа­раттық-білім беру және материалдық инфрақұрылым жағынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Технопарктің стартап-экожүйесін жетілдіру үшін мем­лекеттік қаржыландыру есебінен 2023 жылы 4,2 млрд теңге бөлінді, соның ішінде 2 млрд теңге адами капиталды дамытуға жұмсалды.

чп

– Astana Hub-ты құру бастамасы 2016 жылы көтерілді. Қазақстан жаһандық технологиялық трансформацияда бел­сенді рөл атқаруға тиіс. Мемлекет басшысы 2026 жылға қарай ІТ экспорт кө­лемін 1 млрд долларға дейін ұлғайту және елімізді өңірдегі жетекші цифр­лық орталықтардың біріне айналдыру міндетін қойды, – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай кемінде 100 мың IT маман даярлап шығаруды тапсырғаны мәлім. Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, олардың 20 мыңы Astana Hub базасында әзірленген Tech Orda бағдарламасы аясында білім алады. Бұл – еліміздің жекеменшік мектептерін қаржыландыру бағдарламасы. Онда әрбір студентке 600 мың теңгеге дейінгі көлемде грант беріледі. Tech Orda 18-45 жас аралығындағы еліміздің кез келген азаматына IT технологияларды игеруге мүмкіндік береді. 2023 жылы еліміздің 83 IT мектебі осы бағ­дарлама бойынша талапты қыз-жігіттер­ді оқытып жатыр. Оқу мерзімі 6 айдан 2 жылға дейін, сабақ қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Мәселен, Атырау тұрғыны Абзал Ерғалиев Tech Orda бағдарламасы бойынша 10 ай бойы қаладағы iBrainCode мектебінде білім алған. Қазір NCOC компаниясында мұз және гидрометеорологиялық зерттеулер жөніндегі жетекші инженер болып жұмыс істейді.

– Осы курсты оқыған соң көптеген сұрақтың жауабын таптым. Білімімді шыңдадым. Енді соны өз саламда жү­йеге енгізіп, пайдаланып жатырмын. Мә­селен, компьютерлік жүйелер мен бағ­дарламалау жүйелерін қолдана отырып, оңтайлы нәтиже алу үшін деректермен жұмыс істеу қабілетім артты. Курстың бағдарламасы мен әдістемесі ұнады. Бәрі анық, айқын әрі түсінікті. Мұндай курстар бізге өте қажет. Мен осыған дейін мұндай сабақтардың бірнешеуін оқыдым. Бәрі ақылы болды. Бірін түсінсең, енді бірін түсінбейсің. Әр сабақтың әдістемесі болуы керек деп ойлаймын. Өзге курс­тар сол жағынан ақсады. Ал мұнда оқытушылар мықты болды. Қарапайым тілмен жеткізе білді. Оған қоса Tech Orda-да тегін білім алдым. Тағы бір ма­ңызды нәрсе айтқым келіп отыр. Tech Orda-да тек қана IT сала­сына қатысы жоқ азаматтар да оқи алады екен. Басқа салада жүрген жастарға мол мүмкін­дік берілген. Қысқа мерзімде ІТ маманы болып шығады. Бұрын бұл саланы меңгеру қиын болса, қазір ақпарат­тық технологиялар дамыған сайын жеңілдей түсті. Бағдарламалаумен күнде айналысу керек. Сонда шеберлік қалыпта­сып, белгілі бір нәтижеге жетесіз, – деді Абзал Ерғалиев.

Tech Orda бағдарламасы Astana Hub базасында 2021 жылдан бастап іске асырылып келеді. Сол кезде қанатқақты жоба елдің түкпір-түкпірінен 100 ғана студентті қамтыса, 2022-2023 жылдары 6 мыңнан астам отандасымызға тегін оқуға ваучер берілді. Tech Orda-дан бөлек Alem School, No Code/Low Code School, Startup School, Beta Career, Freelance School, IT-Aiel және тағы да басқа білім беру бағдарламалары аясында 20 мыңнан астам адам ІТ білімін жетілдірді.

– Бастамаларымыз, соның ішінде Google for Startups және Draper University сияқты алпауыттармен серіктестігіміз, Кремний алқабында IT стартаптары­мыз­ға арналған Silkroad Innovation Hub қауымдастығын іске қосуды қолдау, Digital Bridge және Digital Almaty IT форумдарын өткізу – осы мақсатқа жету жолындағы қадамдарымыз. Әри­не, іс-шараларымыздың барлығы Цифр­лық даму министрлігінің және серік­тестеріміздің қолдауымен жүзеге асып жатыр, – деді М.Мәдиев.

Қатысушылардың жобалары ішкі нарықта да, әлемдік нарықта да жоғары сұранысқа ие. Отандық стартаптар миллиондаған пайдаланушыны тартып қана қоймай, халықаралық деңгейде танымал болып жатыр. Мысалы, «Citix» ақпараттық-навигациялық жүйесі Түркия мен БАӘ нарығына шықты және жуырда әлемге әйгілі венчурлық инвестор Тим Дрейперден 1 млн доллар инвес­тиция тартты. «Beyne.ai» бет-әлпетін тану және фейкті анықтау жүйесі бүкіл экожүйені құруға және ірі компаниялармен интеграцияға көшті. Алақан биометриясына негізделген «Alaqan» өз өнімін түріктің 500 клиникасына енгізіп жатыр. «SmarTestPrep» Индонезия, Вьетнам және Латын Америкасы нарығына жол тартып, мыңнан астам үміткерге жалпы көлемі 10 млн доллар шәкіртақы алуға кө­мектесті. «Droppy» Таяу Шығыстағы, АҚШ пен Латын Америкасындағы ком­­мерциялық емес ұйымдар және ми­нистрлік өкілдерімен 120-ға жуық интег­ра­ция жүргізіп, ойынын Play Market және Apple Store дүкендеріне шы­ғар­ды. «iDos Games» стартапының 170 ел­ден 300 мыңнан астам тіркелген және бел­сенді пайдаланушысы бар, бұл оның әлем­дік ойын индустриясындағы маңызды рө­лін көрсетеді. Инсульт диагностика­сын жасау үшін жасанды интеллект пен ней­рорадиологияға негізделген «CerebraAI» АҚШ-тың «TechCrunch» рейтингі бойынша үздік жаһандық стартаптар қатарына кірді. Бұл – еліміз­ді ақпараттық технологиялар саласында әлемдік аренаға шығарып жатқан келешегі зор стартаптар қатарының аз ғана бөлігі.

Astana Hub базасында «Alem School» мектебі бар. Өзге мектептер­ге ұқ­са­май­тын білім ордасында мұға­лім жоқ, баға қойылмайды, диплом берілмей­­ді. Бірақ тегін оқыту арқылы ұрпақ бі­лік­тілігін арттырып отыр. Жалғыз өзі бір университеттің жұмысын атқарып отырған мектептің жетекшісі, отандық ІТ-саласының сарапшысы Данабек Қалиаждаров IT ордаға дән риза. «Astana Hub-тың біздің салаға тигізген әсері оң болды. Себебі салық аз төлеуге мүмкіндік берді. Барлық жағдай жасалған десек те болады. Ірі ІТ компаниялар жиналған ортада нарыққа ілесу де, жұмыс істеу де оңай. Ең бастысы шетелге шығатын мүмкіндік тауып, сенімді байланыс орнатып бере алады», дейді ол.

Жергілікті IT қауымдастықтарды құруға, IT таланттардың тұрақты ағынын қалыптастырып, оларды ел аймақта­рын­да жетілдіруге бағытталған өңірлік IT-хабтарды дамыту – Astana Hub қыз­метінің басым бағыттарының бірі. Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігінің бас­тамасымен, әкімдіктер мен жеке биз­нестің қолдауымен еліміздің 12 өңірінде IT хабтар іске қосылды. Жуырда Атырау және Маңғыстау облыстарында тағы екі хаб ресми түрде ашылады.

Технопарк Pizza Pitch, Speaker Night, Startuphana сияқты түрлі іс-шараны тұрақты түрде өткізеді. Әрине, технопарк жұмысында Орталық Азиядағы ең ірі IT форум дәрежесіне жеткен Digital Bridge дәстүрлі халықаралық форумының маңызы ерекше. Былтыр жасанды интеллект тақырыбына арналған форум 30 мыңнан астам қатысушының, оның ішінде 30 елден делегация, 300-ден астам IT компания өкілдері, 450 спикер, 100-ден астам инвестор мен бизнес-періштелер, сондай-ақ 150-ден астам стартаптың басын қосты.

Astana Hub платформа базасында «Ұлттық инновациялық жүйе» бірың­ғай терезесі қанатқақты жобасын іске қосты. Бұл қадам – платформаны дамытуда­ғы маңызды кезең. Инновациялық эко­жүйенің бірыңғай базасы болып, оны масштабтау мен кеңейтуге үлкен мүм­кіндіктер ашады. Енді IT саласының қатысушылары ғана емес, сонымен қатар инноваторлар, ғалымдар, зерттеушілер, жер қойнауын пайдаланушылар және экожүйенің басқа қатысушылары да платформаның бағдарламалары мен қызметтерін пайдалана алады. Жоба 2023 жылғы 7 желтоқсанда Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Технологиялық саясат жөнін­дегі кеңестің отырысында қолдау тапты. «Барлық кәсіпорын, инноватор және ғылыми қоғамдастық өкілі осындай платформа бар екенін білуі керек. Оның аясында Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар саласындағы тапсырыс берушілер мен мердігерлер бір алаңда өзара іс-қимыл жасай алады, тапсырыстарды орналастыра немесе қабылдай алады. Ең бастысы, платформа пайдаланушыларға ыңғайлы болуы керек», деген еді Үкімет басшысы.

Қазіргі уақытта жүйе қанатқақты ре­жімде және тұрақты пайдаланушылар үшін мүмкіндіктерді кеңейту және жаңа аудиторияның тиімді жұмы­сын қамтамасыз ету мақсатында кей­бір жаңартулар мен модификация­лар енгізілді. Порталдың негізгі мақ­саты – ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжі­рибелік-конструкторлық әзірлемелерден бастап оларды барлық салада коммер­цияландыру мен экспортқа, оның ішін­де жер қойнауын пайдаланушы компа­нияларда цифрлық шешімдерді енгі­зу­ге дейінгі барлық кезеңінде еліміздің инновациялық экожүйесін дамыту.

Технопаркті қолдау бағдар­ла­ма­лары қатысушылармен байланысты олардың қажеттілігі мен мақсатын реттеу­ге негіз­делген. Ол қатысушылардың дамуына және табысқа жетуіне көмекте­се­тін мүм­кіндіктер мен қызметтер ұсы­нады. Тех­нопарктің атқарып жатқан жұмыс­та­рына қарап, шетелдік тәжірибені бел­сен­ді түрде зерттеп жатқанын көрдік. Оны Astana Hub-тың директоры Мағжан Мәдиевтің «Белсенді дамуды жалғас­тыру маңызды. Бизнесті дамыту және мас­­штабтау, кешенді қолдаудың жаңа құ­рал­дарын енгізу, арнайы салық және ви­за шарттарын кеңейту, ақпараттық білім беруді қолдау және стартап-қоғам­дас­тықтың өзгеріп отыратын қажет­тілік­теріне, технологиялық дамуға сәй­кес материалдық инфрақұрылымды жаң­ғыр­ту – біздің бас жоспарымызда» деген сөзінен де ұғындық.