Суреттерді түсірген – Жеңіс Ысқабай
Бұл ақжолтай жаңалықты, әсіресе облыс орталығынан алыста орналасқан ауыл тұрғындары қуанышпен қабылдады. Өңірдегі медицина әлеуетін арттыру мақсатында бюджеттен 750 млн теңге шамасында қаржы бөлінген. Осы орайда арнайы салтанатты іс-шара өтіп, облыс әкімі Бейбіт Исабаев автокөлік кілттерін дәрігерлерге тапсырды.
Он үш аудандық және облыстық ауруханаға, сондай-ақ кардиологиялық орталыққа, көпсалалы балалар ауруханасына, психикалық денсаулық орталығына барлығы 29 автокөлік берілді. Бұл санитарлық автокөлік оттегі баллондарымен, оттегі қысымын реттегіштермен, инфузиялық жүйеге арналған кронштейндері бар леер-тұтқалармен, қолды дезинфекциялауға арналған диспенсерлермен, роликті арбалармен және басқа да қажетті заттармен жабдықталған.
Өңір басшысы Бейбіт Исабаев денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларына автокөліктердің кілттерін тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде халықтың денсаулығын нығайту, медициналық қызметтердің сапасын арттыру Мемлекет басшысының атқарушы органдардың алдына қойған басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
«Ұлттың саулығы – мемлекеттің саулығы. Сондықтан бұл мәселеге біз тұрақты назар аударып, әрдайым қолдау көрсетіп келеміз. Атап айтқанда, медициналық нысандар салуға, арнайы құрал-жабдықтар сатып алуға, кадрларды оқытуға қомақты қаражат жұмсалып келеді. Биыл жергілікті бюджет есебінен 3,6 млрд теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынып, жабдықталу көрсеткіші 93%-ға жеткізілді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 87 пайыз болған. Сондай-ақ медицинада кадр тапшылығы проблемасын шешу үшін келесі жылдан бастап өңірге келген мамандарға 5 млн теңгеден 10 млн теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады», деді Б.Исабаев.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету және медициналық қызметтердің сапасын одан әрі арттыру үшін Жетісу облысында 67 жедел жәрдем бригадасы жасақталған (норматив – 10 мың тұрғынға 1 бригада). Шалғай аудандарда «103» бригадаларының уақтылы жетуі үшін қосымша 12 дислокация құрылды. «103» бірыңғай диспетчерлік қызметі» ұйымдастырылды. Ол облыстың түкпір-түкпірінен қоңырау қабылдайды. Тәулік ішінде келіп түсетін өтініш саны 2 мыңға дейін барады. Сондай-ақ «103» бірыңғай кезекші диспетчерлік қызметінің базасында тәулік бойы жұмыс істейтін Сall-орталық бар. Онда халыққа жоғары білікті медицина қызметкерлері кеңес береді.
Айта кетейік, биыл «Жедел жәрдем» әлеуметтік-қайырымдылық жобасы аясында қайтарымсыз негізде «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қолдауымен өңірдің 5 аудандық ауруханасына «JAC Sunray 6C» маркалы жедел жәрдем көлігі берілген болатын. Бүгін облыстық жедел жәрдем автопаркі бюджет қаражаты есебінен сатып алынған тағы 29 жаңа автокөлікпен толығып отыр.
Осы ретте айта кетейік, жақында Алакөл ауданының Байзерек, Қарлығаш, Ынталы, Қамысқала ауылдарында блокті-модульдік медициналық ғимараттар халық игілігіне берілді. Аудан орталығынан шалғай жатқан бұл ауыл тұрғындары енді бұрынғы ескі ғимараттың орнына жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктте ем алады.
Алакөл аудандық әкімдігінің мәліметінше, Қамысқала аулы аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Қамысқала ауылдық округінде 840 адам тұрады. Бұл ауылда қолданыста болған дәрігерлік амбулатория 1978 жылы салынған, кезінде балық зауытына қарасты ғимарат еді. Ауыл тұрғындарының сапалы медициналық ем алуына жағдай жасау мақсатында жаңа нысанның құрылысына жергілікті бюджеттен 143 млн теңге бөлініп, ФАП тұрғызылды. Нысанды «Голден Строи» ЖШС мердігер компаниясы салды. Ондағы арнайы бөлмелер қажетті құралдармен жабдықталған. Медициналық мекеме бір ауысымда 15 емделушіге медициналық көмек көрсете алады.
Бұрынғы ғимаратымыз тиісті талаптарға сәйкес келмейтіндіктен, ем жасауда қолайсыздық тудыратын. Материалдық-техникалық базасы да тозып тұрған. Енді, міне, заман талабына сай сапалы дәрігерлік көмек көрсетуге лайықталған фельдшерлік пункт ашылды. Мұнда қазір жұмысшыларды қоспағанда 4 білікті маман – бір фельдшер, бір акушер, екі медбике қызмет көрсетеді», дейді аудандық орталық аурухана директоры Асхат Бұтабаев.
Оның айтуынша, мұнда ауыл тұрғындары алғашқы медициналық-санитарлық көмек, екпе ектіру, скрининг, акушерлік және ЭКГ аппаратына жүрек қағысын тексерту секілді қызметтер бойынша ем-дом ала алады. Оған қоса аудандық орталық ауруханадан арнайы білікті мамандар белгіленген кестеге сәйкес ауылға келіп, тұрғындардың денсаулығын қарайды.
Қамысқалалықтар бұл жайдарман жаңалықты қуана қабылдады. Ауылдық аналар кеңесінің төрағасы Раушан Жұманқұлова: «Аулымызда фельдшерлік-акушерлік пункт салынғанына ризамыз. Бұрын кішкентай ғана ескі ғимараттың өзін жоқтан бар деп көңілге медет тұтатынбыз. Бүгін жап-жаңа, еңселі медициналық нысан көптің игілігіне беріліп отыр. Ғимараттың ашылуына үлес қосқан барша азаматқа алғысымыз шексіз», деп қуанышын жеткізді.
Алакөл ауданында 56 елді мекенде 75 мыңға жуық халық бар. Оларға қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету үшін 2024 жылы Екпінді, Жайпақ, Қайнар ауылдарына фельдшерлік-акушерлік пункт салу, 5 елді мекенде блокті-модульді нысандар салу жоспарланып отыр.
Жетісу облысы