Өндіріс • 05 Қаңтар, 2024

Өндірісті ұлғайтатын анод пештері

103 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан электролиз зауытындағы анод күйдіру пеші күрделі жөндеуден өтіп, қайта іске қосылды. Бұл – өндірісті жаңартып, техникалық тұрғыда қайта қаруландыруды көздеген инвестициялық бағдарламаның жемісі. Жобаның жалпы құны – 15,6 миллиард теңге.

Өндірісті ұлғайтатын анод пештері

Алюминий өндірісі технологиясында алдын ала күйдірілген анодтың мәні айрықша. Анод өндірісіндегі ең ауқымды жабдық – анодты күйді­ру пеші. 50 камерадан тұратын жабдық­тың ұзындығы – 200, ал ені 30 метр­ден асады. Пеш жобасын немістің «Riedhammer» компаниясының ма­мандары әзірлеп, өздері орнатып берген. Кейін оны шетелдік ма­ман­­дардың бақылауымен отандық «Строй­монтаж» компаниясының өкіл­дері іске қосыпты. 

Зауыт мамандарының сөзінше, күрделі жөндеу жұмыстарына даярлық – өте жауапты әрі ұзақ уақытты талап ететін маңызды үдеріс. Ауқымды жұмыстың тиянақты кестесі жасалып, жөндеу жұмыстары басталмас бұрын қажетті жабдықтар, қосалқы бөлшектер мен материалдар түгел жеткізілген. Анод күйдіру пеші тамыз айында толық тоқтатылған еді. Ал жөндеу жұмыстары жоспарлы уақыттан 2 апта бұрын аяқталды.

Пешті жаңғырту барысында әлемдік анод өндірісі өнеркәсібіндегі ең озық жетістіктер ескерілді. Жалынға төзімді 14 мың тонна қаптама аршылып, орнына Нидерланд, Үндістан мен Германияда шығарылған заманауи жоғары сапалы материалдар қайта орнатылды. Одан бөлек, шығарынды газдарға арналған 4 кол­лектор алмастырылған. Соңғы буын­дағы жаңа жабдықтардың сенімділігі жоғары әрі олар пеш жұмысын айтарлықтай жақсарта алады. Күрделі жөндеуден соң анод күйдіру көлемі жылына 138,4 мың тоннаға жетеді деп жоспарланған. Жаңғыртудың екінші кезеңі – жалын-жағу жабдықтарын алмастырған соң бұл көрсеткіш – 153 мың тоннаға жетеді деген үміт бар.

–  Бұл инвестициялық жоба тек кәсіпорынның өндіріс көлемін ұлғай­тып қана қоймай, өнеркәсіптің энергия тиімділігін арттыру, қоршаған ортаға экологиялық жүктемені төмендету сынды бірқатар кешенді міндеттерді шешуге бағытталған. Пешпен қатар біз газ тазарту жүйелерін де күрделі жөн­деуден өткіздік. Алдағы 10 жыл­­да олар­дың жұмыс тиімділігі – 99,5 пайыз болады, – деді ERG-дің Қазақ­стандағы бас директоры Серік Шахажанов.

Қазақстан электролиз зауыты жаңа 16 электролизерді іске қосып, өндіріс қуатын ұлғайтуды көздеп отыр. Нәтижесінде, бастапқы алюминий тотығы өндірісінің көлемін жылына 14 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік туады. Күйдіру пештерін күрделі жөндеу жұмыстары алдағы уақытта кәсіпорынды өз анодтарымен қамтамасыз етуге сеп.

 

Павлодар облысы