Әлем • 08 Қаңтар, 2024

Маусымдық жұмыстың машақаты

143 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазір Ұлыбританияда саңы­рау­құлақ, орамжапырақ және алма жинау маусымы жү­ріп жатыр. Кейінгі екі жыл­да «Brexit» пен Украина­да­ғы қақтығысқа байланыс­­ты фермерлер әдеттегідей жұ­мыс күшін Қа­зақстан, Қыр­ғызстан, Ин­до­незия, Вьетнам секіл­ді мемлекеттерден тар­та бас­та­ды. Тұманды Аль­бионға кел­­ген­нен кейін өзіміз тұрақ­тан­ған қалада қандай ірі шаруа­шылық бар екен деп құлағы­мызды түріп жүрдік. Ниетіміз – екі қолға бір күрек із­деп келген қазақтар болса, жо­лығып, сөйлесу.

Маусымдық жұмыстың машақаты

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Біз білім алып жатқан университет (Lancaster University) Ланкастер қаласының шет аймағында орна­ласқан. Кампус біраз жерді алып жатыр. Оқу орнына жақын маң­да «Galgate» (Галгейт) деп аталатын, бізше айтқанда, ауылдық округ бар. Осы жерде «Drinkwater Mushrooms Ltd» агрокомпаниясы орналасқан. Кәсіпорын елдің барлық супермаркетін саңырауқұлақпен қамтамасыз етеді. Саңырауқұлақтың порчини және каштан сияқты түрлерін өсіретін компания 1969 жылдан бері жұмыс етіп келеді.

Агроферманы оңай тауып келдік, бірақ оның ішіне кіруге мүмкіндік жоқ, бөгде адамдарды маңына да жолатпайды. Алғашқы күні айналасын фотоға түсіріп, кері қайттық.

Жетісіне бір рет аптаға жететін­дей азық-түлік сатып аламыз. Әр жұма күні кешкілік ALDI (бағасы арзан) супермаркетіне барамыз. Осы уақытта сауда орнында адам ерекше көп. Барған сайын қырғыз бауырларды жиі кездестіреміз. Олар да бізді жақын тартып, туысқа­нын көргендей амандық-сау­лық сұрасады. Сұрастыра келе біл­геніміз, барлығы жоғарыда атал­ған фермада жұмыс істейді екен. Ізде­геніміз алдымыздан шығып, біз де қуандық. «Фермада қазақ­тар жұмыс істей ме?» деп сұраға­ны­мызда, «Қазақтар бар, бірақ аз», деп жауап берді. Бір күні осы сау­да орнында қазақ қыздарын да жолық­тырдық.

Ардақ, Нәзира және Гүлнұр Қы­зылорданың тумасы екен. Ұлы­британияға өткен жылдың қараша айында келіпті.

«Мен негізі Оңтүстік Кореяға кетемін деп жүрген едім, бірақ жұ­мыс осы елден бұйырды. Таң­нан кеш­ке дейін саңырауқұлақ тере­міз. Таңғы сегізде басталған жұ­мыс кейде ерте, кейде 8-9-да, кеш аяқ­­талады. Бір күн ғана демала­мыз. Фер­мада екі­қабатты үй бар, сонда тұ­рақ­­тадық. Қалған жұмысшылар «керуен» деп аталатын вагондарда тұрады. Іші жылы. Тамақты өзі­­міз әзірлейміз. Нанды қолдан пісі­ре­міз, тағамдары құнарсыз секілді, үйре­нісе алмай жүрдік. Оның үстіне күн салқын, ызғарлы, жаңбырлы. Жатын орынға аптасына 53 фунт стерлинг ұстап отырады», деді қыз­дар­дың ішіндегі еті тірісі әрі кішісі Ардақ.

Қазір Ланкастердегі «Drinkwater Mushrooms Ltd» агрокомпаниясында бес қазақ еңбек етіп жатыр. Жалақылары сағатына 10,10 фунт стерлинг. Бұл – Британия үкіметінің бекіткен тарифі. «Brexit»-тен соң Еуроодақ елдерінен келетін жұмыс күші едәуір азайып, жергілікті фермерлер көп шығынға батқан. Жеміс-жидек уақытында терілмей, қоқысқа да тасталды. Ал елдің жергілікті халқы мұндай қара жұмысқа шыдамсыз әрі айлығын мардымсыз са­найды. Сол себепті 2019 жылы мемлекет қанатқақты жоба әзір­леп, ТМД елдеріне ұсынады. Осы­лай­ша, Қазақстан, Қырғызстан, Түрік­менстан секілді елдерден арзан жұмыс күші Ұлыбританияға ағыл­ды. Жұмысшы мигранттар бас­тысы виза уақытын қатаң сақтап, заңға бағынса болғаны. Олар мау­сымдық жұмысқа 6 айға ғана келе алады.

«Біз Ұлыбританияда маусымдық жұмыс барын естігенімізбен, қа­лай баруға болатынын білмедік. Сұрастырып жүріп, осы жұмысты ұйымдастыратын агенттікке жолық­тық. Сұраған ақшасын төлеп, бес ай күттік. Кейін білгеніміздей, мем­лекеттік сайт арқылы өзіміз өтініш толтырып жіберсек те болады екен. Бір жағынан ағылшын тілін білмегеніміздің кесірі тиді. Екі ортада делдал агенттіктерге қомақты қаржы бердік, олар болса берген уәделерін орындамады. Алты адам бірге келуіміз керек едік, жан-жаққа тарап кеттік. Үш адам жұмыс болмай, екі апта Лондонда босқа жүрді. Тырмысып жүріп біз әйтеуір орналастық. Бірақ алданып қалған адамдар көп. Сондықтан агенттіктердің қызметіне сенбеген дұрыс», дейді Ардақ.

Ұлыбританияға еңбек мигранттары «Tier-5 Seasonal worker» визасымен келеді. Бұл виза түрі аптасына 30 сағат жұмыс істеуге рұқсат береді. Ел билігі Азия, оның ішінде ТМД елдерінен келетін мерзімді жұмысшыларға квота санын жыл сайын арттырып отыр. Мәселен, 2023 жылы – 45 мың, 2022 жылы – 38 мың, 2021 жылы – 30 мың, 2020 жылы – 10 мың, 2019 жылы 2 500 квота бөлген.

«Саңырауқұлақ өсіретін ферма аумағы үлкен. Жылыжайдың іші ыстық, күні бойы сонда жүреміз. Біз дайын саңырауқұлақтарды теріп, қорап­тауға жібереміз. Оларды тергенде де үлкен-кішісін бірегей етіп, сұрыптап салып отыру керек. Жұ­­мыс ауыр емес, бірақ жылдам­дық, қозғалыс керек. Жұмысқа ұялы телефонмен кіруге болмайды. Кел­ген кезде 11 қазақ болатын­быз, ал­тауы өткен айда жұмыс мерзі­мі аяқ­талып, елге оралды. Енді бес­еуі­­міз сәуір айына дейін осында боламыз. Қырғыздар өте көп, украин, болгарлар бар. Ағылшын тілін үйренемін бе деп келген едім, қырғызша сөйлеп кеттім», деп күлді Ардақ.

Еңбек мигранттарының басым бөлігі тіл білмейді. Ардақтың айтуынша, бірнеше топқа бөлінген жұмыс бригадасын орыс тілін білетін адам басқарады. Жалпы, үкіметтің жаңа елдерден еңбек миг­ранттарын тарту туралы шешімін ферма қожайындары құп көрмейді. Олардың айтуынша, билік бұлармен санаспайды.

«Бізге жұмыс күші жетіспейтіні анық. Алайда қазір келіп жатқан еңбек мигранттарының тіл білмеуі бізге қиындық туғызып отыр. Өйт­кені олардың тілінде сөйлеп, түсін­діре алатын супервайзерлер бөлуіміз ке­рек. Оның үстіне барлығын даяр­лықтан өткізу қажет. Бұл біраз уақыт пен қосымша шығынды талап етеді. Әр елден келген жұмыс тобын әуежайдан күтіп алып, оларға жағдай жасау керек. Үкімет ұсын­ған жоба бізге қолайлы болып тұрған жоқ», дейді «Angus Soft Fruit Ltd» компаниясының (Арброт, Шотландия) маркетинг бөлімінің жетекшісі Джил Уайтман «The Courier» сайтына берген сұхбатында.

2020 жылы Шеффилд универси­тетінің Саяси экономика ғылыми зерттеу институты Ұлыбритания­ның ауыл шаруашылығына жыл са­йын шамамен 70 мың маусымдық жұмысшы қажет екенін мәлімдеді. Осыған орай ел билігі еңбек мигранттарына арналған виза уақы­т­ын 2024 жылдың соңына дейін ұзартты. Ұлыбритания Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша маусымдық жұмысқа Қазақстаннан 2019 жылы – 4, 2020 жылы – 11, 2021 жылы – 391, 2022 жылы – 2 672, ал өткен жылы 4 430 адам келген.