Пікір • 09 Қаңтар, 2024

Қарыз алуға құмарлық қарқындап барады

561 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кредитомания. Қарыз алуға тәуелділік. Несиеге өмір сүру. Бұл қазір біздің қоғамымызда үйреншікті жағдайға айналды. Қарызға өмір сүру әдеті - құмарлық, тәуелділікпен байланысты психологиялық ауытқулардың қатарына мықтап енді. Күнделікті өмірде киім-кешек пен тамақты қарызға алу, бөліп төлеуге алушылар санының артуы билік басындағыларды да алаңдатып отыр.

Қарыз алуға құмарлық қарқындап барады

Фото: ашық дереккөз

Жақында ғана «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат берген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымыздың қарызға белшеден батқанына алаңдаушылық білдірген еді.

«Мен азаматтарымыздың қарыз­ға белшеден батқанына қатты алаң­даймын. Себебі бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мен 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бірреттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін былтырғы Жолдауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым», деп мәлімдеді.

Мемлекет басшысының өзі атап айтып отырған жұртшылықтың несиеге құмарлығы осыншалықты өзекті мәселеге айналғаны шындық. Енді бұл түткілдің түйінін қалай шешеміз? «Кредитомания» деген не? Қарыз алуға бейімділік болуға қандай фактор әсер етеді? Осы тектес сұрақтарды мамандарға қойып көрген едік.

Психолог Руфия Қожағалиеваның айтуынша, «кредитомания» - бұл психологиялық симптомдардың бірі, яғни «қарызға құмарлық» деп аталады екен.

«Кредитомания - бұл бірінен соң бірін, яғни қайта-қайта несие алуға деген ұмтылыс. Тұрақты түрде қайталанып тұратын психологиялық ауытқу. Кредит алуға деген тәуелділік бұл емдеуді қажет ететін кесел. Алкоголизм немесе құмар ойындармен қатар тұрады. Бұл тәуелділік әртүрлі факторлардан туындауы мүмкін. Адам мінезінің ерекшелігі, тұқым қуалаушылық, жүйке жүйесінің ерекшеліктері. Әлеуметтік факторлары да бар: отбасы, тәрбие, қоршаған ортамен қарым-қатынасқа да көп нәрсе байланысты.

Бұл жерде адам өзі саналы түрде «қажет» немесе «қажет емес» дегеннің ара жігін ажырата алуы тиіс. Кредитоманияға көбінесе табысы төмен немесе табысы мүлде жоқ адамдар шалдығады. Ал кейде ешқандай әлеуметтік проблемасы жоқ, тұрмысы тәп-тәуір азаматтар да кредит алуға үйір болып келеді. Мұндай кісілерде негізінен көре алмаушылық, қызғаныш басымырақ болады. Тарқатып айтсақ, «мен біреуден озсам, одан да қымбат көлік алсам, одан да қымбат киім кисем» деген сияқты негізсіз шығындарға жол беретіндер осы типке жатады.

Жалпы, барлық адамдар кредитке деген тәуелділіктің құрбаны бола бермейді. Бұл жерде ішкі және сыртқы жағдайлардың әсері көп. Жөн-жосықсыз несиені ала беру - қаржылық проблемалар, стресс, мазасыздық, депрессия және тіпті суицид сияқты ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін».

Мамандар адамдардың алған білімі, сана-сезімі, қаржылық сауаттылығына көп нәрсе байланысты деп санайды. Негізінен басты себеп - «Қаржылық сауатсыздық» болып табылады. Тапқан табысты ретсіз жұмсау - адамның күнкөріс деңгейін төмендететін негізгі фактор.

Былтыр да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейтінін айтқан еді.

«Қарызға батқандар мен кедейлердің үлесі артып жатыр. Бүгінде бір миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл кейінгі он жылдағы ең нашар көрсеткіш», деді Мемлекет басшысы.

Бірінші кредиттік бюро берген мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша 3 миллион ғана қазақстандықтың қарызы жоқ. Сонда 20 миллион адамның 17 миллионы мойнына өз еркімен кредит қамытын киіп отыр. Ал жалпы портфельдегі ипотекалық қарыз 3 триллион теңгеден, ал автонесие триллион теңгеден асады. Соңғы екі жылда 65 пайыздан астам қазақстандық автокөліктерді пайыздық несиемен алған.

Сондай-ақ ел азаматтары арасында тауарды да қарызға алу жиілеген. Тұрмыстық техникадан бастап киім-кешек, тіпті азық-түлікке дейін майда-шүйде заттардың барлығын кредитке алу көбейген. Бұл қарыз сомасы бес триллион теңгеден асты.

Жалпы, халықтың қарызға батуы күрделі мәселе болып тұр. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты шаралар қолға алынып жатқандығын алға тартты.

«Мысалы, соңғы жылдары банктер мен микрокредит ұйымдарына қойылатын тұтыну несиесі капиталының көлеміне қатысты талаптар бес есе күшейтілді. Төлеу мерзімі өтіп кеткен берешегі бар адамдарға несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ қарызын уақтылы өтей алмаған борышкерге 90 күннен әрі айыппұл салуға болмайды. Коллектор агенттіктеріне тұрақты тексеру жүргізіледі.

Борышкерлер құқығын қорғау үшін несие беру туралы заңнамаға ен­гізілетін түзетулер әзірленді. Бұл өз­герістер банктерге, микрокредит ұйым­­дарына және коллектор агент­тік­теріне талапты одан да күшейте түседі. Несиелерді коллектор компаниялары­на сатуды шектеу ұсынылады. Коллек­тор компаниялары қарызды өзіне ал­ған соң мәселені реттеп көруге мін­дет­ті болады. Банк омбудсменінің өкі­лет­тігі де кеңейтіледі. Қазір бұл құжат­ты Мәжіліс депутаттары қарап жатыр. Мен бұл бас­таманы қолдауға дайынмын», деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2024 жылдың 3 қаңтарында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында.

Сарапшылар пікірінше, несиеге, қарызға тәуелділік адамның психологиялық көңіл-күйіне тікелей байланысты құбылыс. Көп жағдайда бұл симптомға шалдыққандар өзінің тұрмыстық жағдайын түзетуді емес, белгілі бір эмоцияны сезінгісі келеді. Жеңіл оймен өмір сүрудің бір формасы десек артық айтқандық емес. Дегенмен арасында әлеуметтік жағдайы өте төмен, кедейлік шегіне жеткен шын мұқтаж адамдар да кездеседі. Бірақ статистика көрсеткендей, банктерде көбінесе несиені орташа немесе азғантай табысы барлар рәсімдейді екен. Мысал келтірсек, біреулер үйінде киімі бола тұра тағы бір сәнді киімді кисе содан ләззат алады. Бірақ бұл уақытша рахаттану сезімі. Несиені төлейтін кез келгенде көңіл-күйі бұзылады, ашуланшақ болып кетуі де ықтимал. Ең сорақысы, кейбір адамдар алатын затын алып алған соң несиені төлемей жүре береді. Мұның соңы неге соқтыратыны әу бастан белгілі. Сол себепті әрбір азамат жеке бюджетін жоспарлап үйренгені абзал.

Заңгер, құқық магистрі Нұрбол Батырбай, азаматтарымыз кредит рәсімдеудің заңдық жауапкершілігін сезінбеудің зардаптары ауыр болады деген пікірде.

«Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған кез келген азаматы несие рәмідей алады. Бірақ қаржылық ұйымнан қарыз алу кезінде ескеретін жайттар бар. Біріншіден, қазір алаяқтық өршіп тұр. Несие алу барысында алаяқтардың құрбаны болып жатқандар баршылық. Банк қызметкерлерінің атын жамылатын телефон алаяқтары қаншама адамның атына кредит рәсімдеп үлгерген. Бұл құқықтық сауатсыздықтың салдары. Екіншіден, бей-берекет несие алу, яғни борышкер несие беруші алдындағы жауапкершілігін орындай алмай қалады. Өкінішке қарай, көптеген жандар осының салдарына мән бермейді. Уақытында төлемеген соң есепшоттары жабылады, басқа да тыйымдар мен шектеулер қойылады. Осындай келеңсіздікке тап болатынын кей азаматтар білмейді. Сосын кредит алған кезде оның үстінен қосылатын пайызына, үстеме ақысына мән бермейді. Алған ақшасын 2-3 есе қайтаратынан да кейбір кісілер құжаттағы ережелерден бейхабар болып жүре береді. Тек қаражат қажет кезде соны қолданып тастайды, басқасына бас қатыра бермейді. Бұл жауапкершіліктің жоқтығы. Бұрын несие алып, оны қайтармаған адамдар бәрібір кейін зардабын тартады. Болашақта несие тарихына кері әсерін тигізеді. Кәсіп бастағысы келсе, үй-жайын жақсартқысы келсе, бұрын алған қарыздары алдынан кедергі болып шығатынын ескермейді». Сондықтан мен өз басым жөн-жосықсыз несие алуды құптамаймын. Ең қажетті деген жағдайда ғана банкке жүгінуге болады. Кредит рәсімдеу кезінде келісім-шартты мұқият оқу керек».

Тағы айта кететін жайт, психологтан көмек сұрап келген адамдардың көбі келе сала өмірден түңілгенін айтады екен. Түп-тамырын қазсаң, соңы әлеуметтік ахуалға, қарыз мәселесіне келіп тіреледі. Дегенмен мұның бәрі адамның психотипіне байланысты, - дейді маман. Сондықтан әрбір азамат өз өміріне жауапкершілікпен қарап үйренуге тиіс. Мамандардың пікірінше, қазіргі заманда қаржылық, құқықтық сауаттылықты бала кезден үйрету қажет. Мектеп бағдарламасына қаржылық сауаттылық пәнін енгізген дұрыс деп санаймын. Сонда ғана жас ұрпақ ақшаны тиімді жаратуды меңгеріп,  есейгенде отбасылық бюджетін дұрыс басқаруды жастайынан үйренеді. Қаражат мәселесінде көзі ашық бала есейгенде күмәнді ұйымдарға жоламайды, несие алудың заңдық, құқықтық аспектілеріне көзі ашық болады. Жалпы, несие алуды қандай да бір мәселенің оңай шешімі ретінде қарастырмаған жөн. Өйткені қарыз алудың батпандай жауапкершілігі бар.


Сандуғаш  РАЙЫМ