Ғылым • 11 Қаңтар, 2024

Вирусқа қарсы қабілетті күшейтті

175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің биотехнологтері өсімдіктерді вирустардан қорғау үшін елімізде бірінші рет CRISPR/Cas13 геномдық өңдеу технология­­сын қолданды. Университет ғалымдарының инновациялық шешімі ауыл шаруашылығы дақылдарының иммунитетін күшей­туге, аурулар мен күйзеліске төзімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Вирусқа қарсы қабілетті күшейтті

Оқу ордасының биотехнолог­тері геномды өңдеу технология­сы арқылы өсімдіктердің вирустарға қар­сы тұру қабілетін дамытады. Олар CRISPR/Cas13 жүйесін қол­данып, оның бел­сен­ділігін ақуыз көмегімен арттырады. Ғалым­дар­дың инновациялық шешімі тірі ағзаға экзогендік нуклеин қыш­қыл­дарын жеткізу мәселесін шешеді.

– CRISPR/Cas – әлемде өсім­дік­терге де қолданылатын генді өңдеу технологиясы. Біз елімізде CRISPR/Cas13 жүйесін алғаш рет қолданып отырмыз. Ол ДНҚ-ға емес, томбусвирустар тобы үшін РНҚ тізбегіне бағытталған. Тірі ағзаларды зақымдайтын барлық вирус негізінен 95 пайыз РНҚ геномынан тұрады. Біз ДНҚ-ға бағытталған CRISPR/Cas 9 немесе 12 жүйесін қолданбаймыз. Себебі вирустар тез дамып, бұл жүйелерге қарсы тұруды үйренді, – дейді университеттің постдокторанты Нұргүл Иксат.

Ғалымдар вирустардың бас­қа тобы бойынша зерттеулер жүр­гізіп, оларға ұзақмерзімді төзімділігі бар өсімдіктерді алуды жоспарлап отыр. Бұл әдісті өсімдік вирусологиясы, биология және өсімдік биотехнологиясы саласында қолдануға болады. Сонымен бірге қызанақ, баклажан тәрізді алқатұқымдас өсімдіктер үшін де пайдалануға мүмкіндік бар. Ғалымның айтуынша, әр ағзаның қорғаныс тетігі бар және бөгде нуклеин қышқылдары түссе, жасушалық иммунитет олардың таралуын тежеуге тырысады. Бұл мәселе P19 ақуызы арқылы шешіледі. Оның нәтижесінде CRISPR жүйесінің тиімділігі артып, вирусқа төзімді тұқым да алуға жол ашылады.

– Вирустық ауруларға төзімді тұқым алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ осы әдістеме негізінде дала жағдайында жарты сағатта өсімдік ауруларын анықтауға сынама жасауға болады. Елімізге әртүрлі тұқымдар әкелінген кезде олар NGS сияқты қымбат әдістермен тексеріледі. Экспресс-тесттер мұны тезірек тексеруге және елге тұқым әкелуді я әкелмеуді шешуге көмектеседі. Елімізде вирустық ауруларға төзімді жаңа тұқымдар алынса, бұл материалдың сырттан жеткізілуін азайтуға болады, – дейді Н.Иксат.

Ғалымдар бұл бағыттағы ғы­лыми жобалармен 2021 жылдан­ бері айналысып келеді. Ғылыми-зерт­теу жұмыстары Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­вер­­­си­тетінің Рүстем Омаров атын­дағы Биотехнология зерт­­ха­насының база­сында жүргі­зі­ліп жатыр.