Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі
«Мемлекет басшысының өңірлерде Азаматтарды қабылдау орталықтарын кеңейту бойынша тапсырмасын орындау мақсатында Орал және Ақсай қаласында азаматтарды қабылдау орталығы ашылды», деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Біз Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мемлекеттік органдардың ашықтылығын көрсететін құралдың бірі – азаматтарды жеке қабылдау. Былтыр облыстың жергілікті атқарушы органдарының өкілдері 7 746 азаматты жеке қабылдады. Осындай орталықтар азаматтардың өзекті мәселелерін дер кезінде құзырлы орган өкілдерінің басшыларымен бірлесе шешуге ықпалын тигізеді», деді өз сөзінде облыс орталығындағы орталықтың ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы Нариман Төреғалиев.
Аталған орталықта облыс әкімі алдын-ала қабылдауға жазылған 10 тұрғынды қабылдады. Азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік мәселелерін айтты. Өңір басшысы тиісті сала басшыларына бұл мәселелерді шешу бойынша тапсырма берді.
Азаматтарды қабылдау орталығы тұрғындарды толғандырып жүрген өзекті мәселелерді анықтау және оларды шешу мақсатында құрылған. Бұл жерде облыстық басқармалардың құзыреті шеңберінде кеңестер беріледі. Облыс әкімі, орынбасарлары, барлық облыстық басқарма басшылары мен орынбасарлары, аумақтық департамент басшылары бірыңғай кестеге сәйкес алдын-ала жазу арқылы жеке адамдарды қабылдайтын болады.
Ендігі кезекте орталықта облыстық басқармалар, Орал қаласы әкімдігі және «Азаматтарға арналған үкімет» Батыс Қазақстан облысы Мемлекеттік корпорациясы қызметкерлері қабылдау өткізбек.