Жыл соңында облыс орталығында «Түркістан білім-инновация» лицей-интернатының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. «Білім-инновация» лицейлері сапалы білімі мен мықты көрсеткіштері арқылы елімізге танылып үлгерген. Мемлекет мықты болуы үшін білім түзелуі керек. Сондықтан біз осы саланы дамытуға барлық мүмкіндікті қарастырып жатырмыз. Осындай үлгідегі мектептерді ауылға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Кез келген ауылдың мектебі жарқырап-жайнап тұруы керек, ұстаздары да мықты болуы қажет. Әрбір ұрпақ үшін сапалы білім қолжетімді болуға тиіс және еліміздегі мектептер білім-инновация лицейлері сияқты жұмыс істеуі қажет», деді іс-шараға қатысқан Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ашылу салтанатында.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Түркістан білім-инновация» лицей-интернаты облыстық мектептер рейтингінде – 1-орында, республикада 28-орында тұрғанын, сондықтан жаңа ғимарат салып беру жөн саналғанын айтты. «Алдағы уақытта білім ұясына әрбір аудан, қаланың білімді оқушыларын шоғырландыру жоспарланып отыр. Сонымен бірге басқа аудан, қалаларда да осындай лицейлерді жасақтау көзделген», деді әкім. 700 орындық мектеп заманауи оқу құралдарымен, пән кабинеттерімен, жатақханамен қамтылған. Бұрын Кентаудағы ғимаратта оқыған оқушылар енді осы жаңа ғимаратта білім алады. «Білім-инновация» лицей-интернатында барлығы 416 оқушы бар. Жаңа оқу жылы 7-сыныпқа – 150 оқушы, 8-сыныпқа 75 оқушы қабылданған. Лицей-интернатта 43 педагог жұмыс істейді. Олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарының республикалық кезеңіне 26 оқушысы қатысып, 7-і жеңімпаз атанған.
Сондай-ақ Жетісай қаласында 300 орынға арналған, толықтай заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған білім ұясы пайдалануға берілді. Жетісайдағы бұл мектептің құрылысы тоқтап, мердігердің салғырт ісі осыдан екі жылға жуық уақыт бұрын сотқа өткен болатын. Кейін қайта өткізілген конкурстың нәтижесінде құрылысты «Таймас» компаниясы қолға алып, екі ауысымда тынымсыз жұмыс жүргізген. Нәтижесінде, 2024 жылы тапсырылуға тиіс 300 орындық мектеп 9 айда қолданысқа берілді. Жалпы құны 1,4 млрд теңге болатын Ш.Уәлиханов мектебінде ІІІ тоқсаннан бастап 562 оқушы білім алып жатыр. Ұзақ уақыт өзге мектептің ғимаратында білім алып келген Ш.Уәлиханов мектебінің оқушыларына соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған физика, химия, информатика, мультимедиалық және лингафондық кабинеттерде сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар мұнда спорт залы, зертхана кабинеттері мен тігін шеберханасы да бар. Бүгінде аудандағы жалпы білім беретін 84 мектептің 74-і – мемлекеттік, 10-ы – жекеменшік. Оқу ордаларындағы 45 526 оқушыға 5 526 педагог білім береді.
Былтыр қарашада Оқу-ағарту министрлігі мен облыстық білім басқармасының бірлескен бұйрығы негізінде өңірдегі 5 аудан мен қаладағы 235 мемлекеттік орта білім беру ұйымында кешенді мониторинг жұмыстары жүргізіліп, бірқатар жүйелі кемшілік анықталған еді. Бұл жөнінде Түркістанда білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланған мәжілісте Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Елнұр Дәуенов айтып берді. Ал министр Ғ.Бейсембаев Түркістан өңірінің әлеуеті зор екеніне тоқталып, білім саласы қызметкерлерін ауызбіршілікпен жұмыс істеуге шақырды.
Облыс әкімі Д.Сатыбалды білім саласына қолдау көрсету, білімді ұрпақ тәрбиелеу ең басты міндет екенін жеткізді. Өңірде білім сапасын жақсарту, материалдық базаны жаңарту, мектептер салу, «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясындағы жұмыстарды баяндап, білім саласы қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын мәлімдеді. «Түркістан облысы бюджетінің 48,2 пайызы білім саласына бөлініп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп тапшылығын жою, оқушылардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау жөнінде тапсырма берді. Осы мақсатта облыста 2023-2025 жылдар аралығында 96 мектеп салынады. Облыста балаларды қорғау, әлеуметтік қолдау мақсатында нақты шаралар қабылданып, бюджет шығыстары есебінен 12 млрд теңге қарастырылды. «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 5,9 млрд теңге бөлдік. Мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Мемлекеттік 938 білім беру мекемесі 100 пайыз дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды. 573 білім беру ұйымы толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын оқушылар түгелдей ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Оған былтыр облыстық бюджеттен 6,2 млрд теңге қаржы қарастырылды», деді Д.Сатыбалды.
Айта кетейік, облыстағы 1 032 мектепте 520 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Ал 1 409 балабақшада 157 мыңға жуық бала тәрбиеленсе, өңірдегі 52 колледжде 40 мыңнан астам студент оқиды.
Түркістан облысы