Аймақтар • 14 Қаңтар, 2024

«Шанхайдың» асты шахта ма?

1421 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Майқайыңдағы «Шанхай» шағын ауданының тұрғындары әр күнін үреймен өткізіп келеді. Алтын кеніші бұл жерден 300-400 метрдей жерде орналасқан. Кеніште жер жару жұмыстары жүргізілгенде, үйіміз жер астына опырылып түсіп кетіп, бала-шағамызбен опат боламыз ба деген қорқыныш бар жұрттың бойында. Ал кәсіпорын басшылығы шахта үйлердің астымен өтпейді деп сендіргісі келеді.

«Шанхайдың» асты шахта ма?

Суретті түсірген – автор

«Бізді қауіпсіз жерге көшіріңдер!»

Қаңтар айының басында 4 құтқару­шы ­мен жер астына түсіп кеткен автобус­тың жағ­­дайы бүгінде тұтас елдің қабыр­ға­­­­сын қа­йыс­тырып отырғаны мәлім. Құт­­­қа­ру­­­­шы­лар қолдан келетін бар дәрме­­нін жасап бақ­қанымен, ойық түбін­дегі топы­рақ ара­сында әлі де екі адам табыл­май жатыр.

Дей тұрғанмен, қазір кентте тағы бір мәселенің шеті тұтанып келеді. Шахта маңайын жағалай орналасқан көне үйлердің, атап айтқанда «Шанхай» шағын ауданының жұрты кейінгі төрт-бес жылда жер астындағы дүмпулер мен бұрғылардың даусы айқын естіле бастағанына, үйлерінің іргетасы мен қабырғалары жарылып, үй төбесін ұстап тұрған ағаш тіреулердің қақырай түскеніне алаңдаулы. Айтуларынша, кеніш үйлердің астын кеулеп, кен байыту комбинатына қарай жылжып барады. Көпшілік бір күні әлгі автобус құлаған сияқты жер опырылып, астына түсіп кетеміз бе деп үрейленеді.

13 қаңтар күні Баянауыл ауданы әкі­мінің, жергілікті құқық қорғау ор­ган­дарының, «Майқайыңалтын» АҚ бас­шылығының қатысуымен кентте кездесу ұйымдастырылып, жұртшылық көкейде жүрген мәсе­лелерін ашық жеткізді.

– Алтын дала көшесі, №3 үйде тұ­рамын. Үйіміздің сылағы түсіп, қа­быр­ғалары жарылып жатыр. Жер астында жарылыс жасаған сайын жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Түн ортасында ұйықтап жатқанда үйіміздің астынан гүрілдеген техника мен шақ-шұқ еткен дыбыстардан кішкентай балаларымыз шошып оянып, жылайды. Кеніштің төңірегінде орналасқан үйлердің асты шахта екеніне күмәніміз жоқ. Өзімнің жасым 60-тан асты. Бұл үйде 8 жан бармыз. Немерелеріміз үнемі үйде, ұсақ. Екін­шіден, біздің үйлер орналасқан аумақта дені дұрыс жол жоқ. Көктем мен жазда такси шақырсақ, үйімізге келмейді. Ой­дым-ойдым, шалшық жерге кім жоласын? Оның үстіне көп үйлерге ауыз су тартылмаған, суды кәдімгі құдықтан алып ішіп жүр, – деп шағымданды майқайыңдық әжей Кәжен Сынғадолла.

Тәжік-ауған соғысының арда­гері Төлеген Ботаев – көп­ба­лалы отбасының отағасы. Айтуынша, үйінің іргетасы қа­қырап, сө­гіліп барады. «Кешкілік үйде жатқанда кеншілердің қимылын, экс­каватордың жер жыныстарын ойып жатқанын анық естиміз. Түнеугүні шахтада қатты жарылыс болды. Үйіміз теңселіп кеткендей күй кештік. Қорыққанымыздан далаға атып шықтық. Жыл сайын үйімізге жөндеу жүргізе-жүргізе, шығынға баттық. Мына түрімен бір күні құлайтыны анық. Бізге кенттің өзге қауіпсіз жерінен үй салып беріп, сонда көшірсін. Үй сатып алуға біздің жағдайымыз жоқ. Онсыз да құр жалақыға, зейнетақыға қараған адамдармыз. Шамамен 40-50-дей үй бар болуы керек. Жа­ңадан үйлер салуға миллиардтап табыс табатын кәсіпорынның қал­тасы көтереді. Өйтпесе, жақын жылдары адам шығыны болатыны анық», дейді ол. Тұрғынның бұл айтқандарын көршілері Үміт Ку­дикенова, Меруерт Қабыкенова, Ақния Қайрат, Айнаш Хәкім, Бекішев Жарылғасын, Мизамхан Алтыбайым, Әтейхан Еркебұлан, Динашқан Малқай, Күләтай Кәлпей және өзгелері қостап отыр.

Тағы бір майқайыңдық ана Махаббат Абсаттарова қауіп көзінде тұрған үйінің жағдайынан қорқып, қазіргі күні кент ортасында баспана жалдап тұрып жатыр. Кеніш жанындағы үйлерінің қабырғаларынан қыста үнемі ыз­ғар соғып, 15 жасар қызы сыз өтіп ауырып қалған. Дәрігерлер созылмалы цистит және бүйрек ауруы диагнозын қойып отыр. Анасының өзі де аурушаң, отбасымызбен денсаулығымызды жоғалттық деп мұңын шақты.

Енді бір адамдар жарылыс болған сайын үйлеріміздің төбесінен топырақ саулайды, кеніштен шыққан улы газ аузы-мұр­нымызға кіріп тұншықтырады дейді. «Экологиялық тексеріс мүлде жүргізілмейді. Жазда кеніштен фабрикаға кен тасыған жүк көліктері айналаның бәрін шаң­датып, далаға кір жая алмай қаламыз. Қыста қар бетіне кәдімгідей қызыл шаң тұрады. Зиян­ды ауа жұтып отырғанымызды білеміз. Алайда осыны тексеріп, зияндылығын дәлелдейтін экологтер жоқ. Жергілікті билік мәселемізді елемей отыр», деп шағымданды көпшілік.

Ал тұрғын Айнаш Хәкім 4 қаң­тар күні кешкілік кеніште алапат жарылыстар орын алғанын, салдарынан қабырғада ілініп тұрған шкаф құлап, ыдыс-аяғы күл-талқан болғанын ашына жеткізді. Бұл тұрғынның үйі кеніштен небәрі 300 метрдей жерде ғана тұр. Сол күні шахта үстінде қара шаң көтеріліп, айналаның бәрін тұмшалап тастағанын айтады куә­герлер.

– Бұл қолдан жасалып отырған апат деп ойлаймыз. Кезінде мен бұл шахтада ПДМ машинисі болып еңбек еткен едім. Шындықты айтқаным үшін жұмыстан шы­ғарып жіберді. Кенттен біраз жер­де «Алпыс» деген кеніш бар. Ол жердің алтынын әлдебір инвесторлар алып, екі-үш жылдың ішінде ту-талақайын шығарып қазып, ортасына түсіріп кетті. Мына жерде «Майқайыңалтын» АҚ-ның акционерлері де солай жасағысы келіп отыр. Заңсыздық көп, – деген пікірін ашына жеткізді тағы бір майқайыңдық тұрғын Мақсат Тоқтархан. Жергілікті бел­сенді жастың бірі Ертай Мақ­сұм оның сөзін қостай келіп, кәсіпорында еңбеккерлер бойынша «қара тізім» жасалатынын, басшылыққа жақпағандар жұмыстан шығарылып жататынын әңгімеледі.

Байқағанымыздай, қабырға­лары жарылып, сылақтары түсіп жатқан үйлер Ә.Молдағұлова, Кенші, Алтын дала көшелерінде орналасқан. Адамдар үйле­рінің тө­белері опырылып түспес үшін бөлме ішіндегі белдеу ағаш­тарға тіреу қойып жатыр. Кей­бір баспаналарда тө­бедегі бөре­нелер кәдімгідей жарылып, сына бастағаны көрінеді. Бұл зар­даптардың барлығы – кеніште тынбай жүргізілетін жарылыстардың салдары.

 

Билік пен кәсіпорынның шешімі қандай?

Баянауыл ауданының әкі­мі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, қазіргі күні Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен құрылған арнайы комиссия кенттегі оқыс оқиғаның себеп-салдарын бүге-шігесіне дейін тексеруде. Арнайы сараптамалар жүргізіп, мамандар барлық жағдайды есепке алып жатыр. Комиссияның қорытындысы шық­қан соң ғана апаттың мән-жайы толық хабардар етіледі.

– Егер үйлеріңіздің қауіп кө­зінде тұрғаны дәлелденсе, мәсе­лені шешуге әбден болады. Тек комиссияның нәтижесі шық­қанын күтіңіздер. Екіншіден, қазір шын мәнінде апаттық жағдайда, құлағалы тұрған баспаналар болса, оларға кезектен тыс үй алып беру мүмкіндігі бар. Ол үшін арнайы сараптама жасатып, құжатын біздің қолымызға тигізсеңіздер болғаны. Бұған дейін аудандағы бір отбасына осындай мүмкіндік жасағанбыз. «Шанхайдың» инфрақұрылымы жөніндегі мәсе­лелерді де жақсы білеміз. «Шан­хай» мен «Площадка» ық­ша­м аудандарына биыл жалпы ұзын­дығы 9,5 км асфальтты жол салынады. Оған аудан бюджетінен 334 млн теңге бөлінді, – деп жауап берді.

Мәселенің ізімен «Май­қайың­алтын» АҚ-ның бас директоры Қуаныш Ботинді сөзге тарттық. Кәсіпорын басшысы үй­лердің асты шахта деген құр қауесет, шындыққа жанаспайды деп отыр.

– Менің үйім де сол «Шан­хайда» ор­наласқан, қауіп жоқ екенін жақсы біле­мін. Сейс­мо­логтердің пікірінше, жер ас­тында болатын жарылыстардың дүмпуі өте алысқа тарайды. Соның толқыны сіздердің үйлеріңізге жетуі мүмкін, себебі баспаналар кеніштің дәл іргесінде тұр. Сон­дықтан бұл мәселені қазір тексеру жүргізіп жатқан комиссия анықтайды деген сенім зор, – дейді ол. Жоғарыда сөз болған «Алпыс» кеніші сонау 2014 жылы өз жұмысын тоқтатқан, себебі одан шығарылған кен сұйылып, шығынын ақтамаған.

«Біздің кәсіпорында жасырып қалатын ештеңе жоқ. 3 қаңтар күні кешкілік сағат 7 мен 8-дер арасында кеніште кен жару іс-шаралары болды. Мұндай жарылыстар күн сайын жүргізіледі. Ал акционерлік қоғам пайда бол­ғалы кентте жаңадан баспа­налар салмағаны рас. Оған қаржылық мүмкіндік жоқ. Есесіне, кенттің суы мен жылуына, кәріз жүйесіне біздің кәсіпорын жауапты. Жыл сайын жергілікті бюджетке 3,5 млн теңге төлейміз. Жылу ин­фрақұрылымын қалыпты ұстауға 400 млн теңге шығындасақ, тариф төлемдері арқылы тек 72 млн теңгесі қайтарылды. Қалған шығынды өзіміз көтеріп отырмыз. Бұл – кентке жасап отырған әлеуметтік жауапкершілігіміздің бірі ғана. Кезінде мұндағы орта­лық жылу жүйесі тоқтап қалған еді. 2016 жылдан бастап жылуды өз қарауымызға алып, барлық үйге жүйе­ні қайта тарттық. Қазан­дықтарымыз толықтай жаңарып, қазіргі күні жылудың сапасы да артты. Оған тұрғындар куә. Келешекте орталық жылуға қо­сыл­май тұрған өзге үйлерді де жүйеге кіріктіру жоспарымызда тұр», деп нақтылады сөзін Қуа­ныш Советұлы. Бұған қоса ол қазіргі күні кәсіпорында 1 мың­нан аса адам істейтінін, орташа еңбекақының мөлшері 500 мың теңге екенін атап өтті.

Қорытындылай айтқанда, би­лік өкіл­дері арнайы комиссия апаттың себеп-салдарын жария еткен соң ғана шешім қабылданады деп отыр. Себебі шахтаның шын мәнінде үйлердің астында бар-жоғын мамандар анықтап жатыр. Күмәндері шындыққа айналса, онсыз да үрейленіп отырған жұрттың берекесі қашатыны анық. Көпшілігінің барар жер, басар тауы жоқ. Сондықтан бұл мәселені Үкімет деңгейінде назарға алу керек деп есептейміз.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Майқайың кенті