Өндіріс • 15 Қаңтар, 2024

Өндіріс өркендесін десек...

186 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздегі экономиканың жалпы өсіміне жататын машина жасау мен металл өңдеу салалары әлі де болса импортқа тәуелділіктен арылмай келеді. 120 мыңға тарта жұмысшысы бар 4 мыңға жуық кәсіпорынның қай-қайсысы болсын өндірістік қорларын жаңартуды қажет етіп отырған жайы бар. Бұл салаға жататын ауыл шаруашылығы, теміржол, энергетика, электртехника, тау-кен-металлургия және мұнай-газ, машина жасау, автомобиль мен авиақұрылыстағы туындаған мәселелерді шешіп, қолданыстағы өндіріс тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырса, әлемдік экономикаға қосылуға мүмкіндік бар деген сөз. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласындағы техниканың 80 пайызға жуығының тозығы жеткен.

Өндіріс өркендесін десек...

Сонымен былтыр жыл­ соңында Үкімет қаулы­сы­мен Машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жыл­дарға арналған кешенді жоспары­ бекі­тілді. Бұл жоспардың ел экономи­ка­сы үшін басты страте­гияға айналуы біздегі машина жасау­шылардың бәсе­ке­ге қабі­лет­­тілігін арттырады деу­ге­ болатындай.

Жоспарда, біріншіден, өндіру­ші­лерді бастапқы материалдармен қамтамасыз ету, кадрлық әлеуетті, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік құрастыру жұмыстарын дамыту арқылы базалық жағдайларды жақсартуды, екіншіден, машина жасау өнімдерін өткізуді ынталандыру және техникалық реттеу жүйесін жетілдіру арқылы отандық өнімді ілгерілетуді, үшіншіден, машина жасаудың басым секторларын әр секторға бағыттай отырып дамыту қарас­ты­рылған. Аталған кезең аралы­ғын­да өнім өндіру көлемін 2,2 және еңбек өнімділігін 1,9 есеге ұлғайтып,экспорттық тасымалды 5 млрд 700 млн долларға дейін, салаға инвестицияның өсуін 1,5 есеге арттыру секілді нысаналы индикаторларға қол жеткізу көзделген.

Жауапты министрлік өкілдері кешенді жоспар саланың әлеуе­тін толық көлемде іске асырып, оның ұзақмерзімді да­муын қамтамасыз етеді деген пікірде. Жоспарланғандай көр­ші­лес Ресей, Өзбекстан және Қытай ел­деріндегі серіктестермен жүр­гі­зілетін біріккен жобалардан бөлек, теміржол машиналарын жа­сауды дамыту нарықты локомотивтермен, жүк және жолау­шылар вагондарымен толықтыру мін­дет­терін шешуге негізделіп отыр.

 Былтыр ауыл шаруашылығы машинасын жасау секторында 5 мың трактор мен 900 комбайн өндірісі жоспарланған. Қазіргі уақытта жасап шыға­ры­латын техника ірі торапты құрас­тыруға негізделген және кәсі­п­орындардың шағын торап­ты­ құрастыру әдісіне жоспарлы түр­де ауысу қарастырылып жатыр. Бүгіндері Қостанай облысында трак­тор­ға арналған кабиналар өнді­рісі нақ­ты жолға қойылған жайы бар.

Жалпы, елдегі электр­тех­ника­лық машина жасау секторында Alageum Electric нарықтың қа­жеттілігін толығымен қамтамасыз ете­тін трансформаторларды шы­ғарады. Қазэнергокабель мен Еура­з­кабель сияқты кәсіпорындар нарықта сұранысқа ие кабельдік өнімдерді жеткізіп отыр.

Ал тұрмыстық техника­ өндірісі бойынша бүгіндері «Алматы тұр­мыс­тық техника» ком­паниясы Dauscher (Даушер) брен­дімен теледидар, электр плиталар мен пештер шығару үстінде. Аталған өндірістің Еура­зиялық экономикалық одақ нары­ғындағы әлеуеті шамамен 11 млрд долларды құраса, ал бізде тек 1 млрд 200 млн доллардың айналасында екен.

«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнер­кә­сібі департаменті дирек­то­рының орынбасары Айбек Қажкенов: «Кешенді жоспар «Өнеркәсіптік сая­сат туралы» заңын тәжірибеде іске асыруды, елдің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының негізгі ережелерін, өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын, Мем­ле­кет басшысының ел эконо­микасын әртараптандыру және индустрияландыру жөнін­де­гі тапсырмаларын ескерген», дейді.

Ал «Қазақстан машина жасау­шылар одағы» ЗТБ атқарушы дирекциясының директоры Өмір­се­рік Ержанов машина жасау саласында белгілі бір деңгейдегі кәсіби білімі, дағдылары мен біліктілігі бар мамандардың жетіспеушілігін атап өтті. Оның айтуынша, машина жасау саласындағы негізгі мамандар 2024-2028 жылдар аралығында қажеттілік 7 мыңнан астам адамды құрайтын болады. Бекітілген кешенді жоспарда машина жасау саласындағы дуальды оқуды дамыту бойын­ша еуропалық тәжірибені зер­де­леп, техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі біліктілігін арт­тыруға әлемнің озық тәжі­ри­бесін енгізу жөніндегі іс-шаралар қарастырылғандығын жеткізді.

Кешенді жоспарды қаржы­лан­дыруға мемлекеттік бюджеттен 1,4 трлн теңге және елдегі заң­намаға тыйым салынбаған өзге де көздерден шамамен 1,3 трлн теңге есебінен жүргізілетін болды.

Қалай десек те еліміздегі машина жасау саласына айрықша көңіл бөлінуге тиіс. Қабылданған индус­трия­ландыру бағдарламасын жүзеге асырылған жылдары машина жасау саласында 276 млрд теңгеге жуық сомаға 114 жоба іске қосылып, 11 мыңға жуық жұмыс орны құрылған.

Ширек ғасырға таяу уақыттан бері елімізде машина жасау өндірісінің көлемі 24 есеге өскен. 10-15 жылда сала құрауыш және қосалқы бөлшектерді өндіруден түпкілікті өнім түрлерін шығаруға көшіп, кейінірек жаңа өнім түрлері пайда болды. Ауыл шаруашылығы, электр техникасы, тау-кен және мұнай-газ машина жасау салалары жаңартылған. Өткен жылы елімізде бірінші жартыжылдықтың өзінде 70 мыңнан аса жеңіл автомобиль мен жеңіл коммерциялық техника шығарылды. Бізде автокөлік құрал­дарының барлық санаттары өнді­ріледі. 167 автомобиль моделі құрас­ты­рылып, оның ішінде 39 жеңіл мо­дель және 22 әлемдік бренд бар.

Жалпы, машина жасау сала­сы­­­ бойынша экономиканы дамы­ту жағы қарастырылған. Олар­дың импорты 13 млрд дол­ларды құ­райды. Бұл ретте отандық өнімдер өнді­рісінің көлемі – 3 млрд доллар. Соңғы 5 жыл ішін­де саланың нақты өсімі 2,3 есені құраған. Ең жоғары өсім автомобиль жасау саласын­да. Салыстырмалы түрде атал­ған жылдар аралығында өң­деу­ші өнер­кә­сіптің орташа өсу қарқыны – 4,5%, ал машина жасау саласының өсімі 17,6%-ды құрай­ды­. Бүгіндері 2028 жыл­ға дейін 1 трлн 700 млрд теңгеге 151 жобаны жүзеге асыру қолға алынды.

Бұл ретте Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мұқанов: «Машина жасауды одан әрі дамыту үшін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңының 60-бабына сәйкес машина жасау саласын шикізатпен және материалдармен қамтамасыз етілуге тиіс. Осы орайдан келгенде бастапқы металдар өндірісіне дейін қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеуге ынталандырып, машина жасау, металл өңдеу саласының кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтып, елдегі өндірілмейтін металл өнімдерін импорттау кезінде қосылған құн салығын төлеуден босату (ҚҚС дайын машина жасау өнімін сату фактісі бойынша төленетін болады). «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңының 46-бабына сәйкес мемлекет регламенттеген сатып алу шеңберінде отандық машина жасау өнімдеріне сұранысты ынталандыру қажет. Бұл шаралар машина жасауды дамытудың кешенді жоспарының жобасында көзделген. Олар өндірісті ұлғайтуға, импортты қысқартуға және та­уар өндірушілеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», дейді.