Аймақтар • 15 Қаңтар, 2024

Станса іркіліссіз істеп тұр

86 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екібастұздағы жылу-электр орталығының қазіргі жағдайы қалыпты. Былтыр ала жаздай жүргізілген жөндеу жұмыстары нәтиже беріп, қазіргі күні қазандықтар мен өзге де агрегаттар іркіліссіз істеп тұр.

Станса іркіліссіз істеп тұр

«Екібастұз жылу-энерго» ЖШС-да 2022 жылдың қараша айы­­­ның соңында болған апаттан соң биыл қыста станса қаланы та­ғы тоңдырып алмай ма деген өт­кір мәселе туындағаны рас. Дей­тұрғанмен өткен жылу маусымы тоқ­таған сәттен бастап станса мен қала ішіндегі жылу жүйелерінде кең ауқымды жөндеу жұмыстары қол­ға алынды. Стансаның өзінде негізгі 10 жабдығы, атап айтқанда, 8 қазандық күрделі жөндеуден өт­се, тағы екеуіне ағымдағы жөндеу жүргізілді.

– Қазіргі уақытта қазандық агре­гат­тарынан шығатын жылу тасы­малдағыштардың температура­сы нормаға сай. Станса толық жүк­темемен жұмыс істеп, қажетті пара­метрлерге шықты. Орталықтың қой­маларында 48 мың тонна көмір мен 300 тонна мазут бар. Бұл көлем нор­мативті қордағыдан жоғары, – дейді өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қармасы басшысының міндетін ат­қарушы Күлбаршын Арынова.

Айтып өтейік, былтыр желтоқ­сан айында Арқаға келіп жеткен алғашқы аязда Екібастұздың жылу-энергия орталығы сыр бер­ді. Кәсіпорындағы су жылыту агре­гаттарындағы күлді шаюға арнал­ған су құбырына зақым келіп, екін­ші цехтағы багер сорғысы су ас­тында қалған. Салдарынан жылу параметрлері төмендеп, ша­һар хал­­қы үйлерінің салқындап кет­кеніне шағымданған еді. Ол кем­шіліктердің барлығы жойылған. Стан­са басшылығы алдағы аязды күн­дерге шыдас береміз деп отыр.

Былтыр Екібастұз бойынша жалпы ұзындығы 50 271 метр жылу құбырының оқшаулағыштары қал­пына келтірілген. Бұл іс-шараны кәсіп­орын қызметкерлері әлі де жал­ғастырып жатыр. Қаңтар айының басынан жалпы ұзындығы 413 метр құбыр арнайы материалдармен қапталған.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы