Қоғам • 15 Қаңтар, 2024

Жас саперлер сынақтан өтті

154 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абай гарнизонының инженер-саперлері «Шығыс» әскери өңірлік қолбасшылығының далалық жаттығу полигонында жауынгерлік дайындық сабақтарын пысықтады, деп хабарлайды Egemen.kz тілшісі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жас саперлер сынақтан өтті

Фото автордан

«Шығыс» әскери өңірлік қолбасшылығына қарасты 54770 әскери бөлімі жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес жас сарбаздарға алғаш рет жарылу жұмыстарын орындатып сынақтан өткізді.  

Бұл жауапты әскери шара алдымен тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен, қауіпсіздік талаптарын жеткізумен басталып, инженерлер қалашығында үш оқу нүктесі бойынша дайындалды. Онда жарылыс жұмыстарын жүргізу барысындағы қауіпсіздік ережелері, арнайы құралдарды қолдану мен тәсілдері жете түсіндірілді. Сондай-ақ оттық және электр тәсілдерімен жарылыс жұмыстарының барысы мен ерекшеліктері баяндалды.

«Біз екі ай бойы көптеген сабақтарды теория түрінде оқыған едік. Бүгін практикалық тұрғыдан өз орындауымызда жүзеге асырып отырмыз. Басында, әрине, қобалжу болды. Ал қазір өзімді нағыз сапер ретінде сезінемін», дейді қатардағы жауынгер Ораз Нұрасыл.

Сарбаздар осы уақытқа дейін алған теориялық білімдерін осылайша тәжірибе жүзінде іске асырып, жару жұмыстарына қызығушылықпен және зор ынтамен қатысты. Жарылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелері қатаң сақталды.

Айта кетуіміз керек, жас сарбаздардың жауынгерлік даярлығы еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі арттыруға бағытталады.