Технология • 16 Қаңтар, 2024

Интернетті ілгерілету амалы

149 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Былтыр ел ішіндегі 251 ауылға интернет қосылып, 1 463 ауылда интернет сапасын жақсарту жұмысы жүргізілді. Сөйтіп, интернет сапасы 14,4 пайызға жақсарды. Цифрлық даму министрлігінің жоспары бойынша 2027 жылға дейін тағы 250 ауыл интернетпен қамтылуы керек.

Интернетті ілгерілету амалы

Кейінгі кездері интернет сапасына жүйелі түрде көңіл бөлініп келеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мектептердегі Starlink интернет жылдамдығын арнайы тексеріп те жүр. Мәселен, ол жаңа жыл қарсаңында Ақмола облысындағы Май­шұқыр ауылына барды. Мұн­дағы жергілікті мектеп Starlink арқылы интернетке қосыл­ған. Жылдамдығы – 200 МБ/сек. Министр көрсетілетін қыз­меттердің сапасын тексеріп, мұға­лім­дермен, оқушылармен сөй­лесті. Ұстаздар Starlink интер­нетіне қосылу білім беру үдерісіне оң әсер етіп, зама­науи оқу материалдарына қол жет­кізу жеңілдегенін айтты. Со­нымен қатар жылдам желі күн тәртібінде тұрған оқу­шы­лар арасындағы цифрлық сауат­ты дамытуға көмекте­седі. «Интернет – ауылдық жерлерде білім беру ортасын жақсартудың маңызды құралы. Балалардың орналасқан жеріне қарамастан білім берудің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді», деді министр.

Starlink-SpaceX спут­ник­тік интер­неті өзіне ғалам назарын жылдам аударып алды. Илон Маск әлемнің ең шалғай түкпірлеріне жоғары жылдамдықтағы интернет жетуі үшін барын салды. Бізде де «ғарыштық» интернет кәбілдері шалғай ауылдарға орнатылып жатыр. Министрлік 2 мың отандық мектепке Starlink орнату мақсатында «SpaceX» компаниясымен түпкілікті келі­сім­шартқа отырды. Starlink-ті орнату оңай бол­ғанымен, қондыру қиынға түсіп жатыр.

ваяп

Министрліктің хабарлауынша, қазір SpaceX-тен интернет Ақмола, Қарағанды, Алматы облыстарының 10 ауылдық мектебінде іске қо­сылған. Айына әр мектеп шамамен 200 доллар төлейді. Қазақстанда Starlink сатылымын іске қосу үшін техникалық жұмыстар мен заң­намаға түзетулер енгізу қажет. Тех­нологияның ерек­шелігіне байланысты Starlink «Бай­ланыс туралы» заңның талаптарына сәйкес келмейді екен. Бағдат Мусин осы жағдайды реттеуді жос­парлап отырмыз деген болатын. Бірақ бірінші жартыжылдықта немесе екінші жартыжылдықта шешіледі деген нақты жоспар жоқ. Себебі бәрі Мәжіліске байланысты. Негізінен Қазақстанда 2021 жылы «Старлинк Қазақстан» ЖШС тіркелген еді. Құрылтайшысы Лорен Эшли Дрейер – «SpaceX-тің» іскери операциялар жөніндегі бас директоры. Аты жер жарғанымен мұны қолдану қара­пайым нұсқаулардан тұрады. Жазы­лымды төлеген кезде шексіз интер­нетті пайдалану мүмкіндігі беріледі.

«KazSat спутнигі арқылы 176 ауылдық елді мекен интернетке қо­сылды. Өздеріңіз білетіндей, Starlink арқылы қанатқақты режімде 10 мек­тепті интернетпен қамтыдық. 2024 жылда 2000 мектепті қамту жоспарланып отыр. Биыл 3000 базалық стан орнатылды. Ел бойынша 723 5G базалық станса іске қосылды», деді ведомство басшысы.

Интернет пен ұялы байланыс же­лісінің сапасы майшаммен қаралуы керек мәселелер қатарында екені мәлім. Сол себепті де Цифрлық да­му министрлігі мониторинг пен тү­­зету жұмыстарын бақылауда ұс­тауға тырысады. Операторларға салынатын айыппұл көлемі артқан. Айыппұлдардың артуы операторлар жұмысының сапасын 33 пайыздан 65 пайызға жақсартқан. 2023 жылы 3 млрд 18 млн теңге айыппұл салынып, 763 жоспардан тыс тексеру жүргізіліпті. Сондай-ақ қалалардағы байланыс сапасын арттыру, тұрғын үйлерді жоғары жылдамдықты ин­тернетке, оның ішінде FWA тех­нологиясына қосу жұмыстары жүр­гізіліп жатыр.

«Жыл басында ұялы байланыста «ақ дақтары» бар 67 мекенжай анықталды. Тұрғындармен ақпа­раттық-түсіндіру кездесулері тұрғын үй кешендері бо­йын­ша өткізілді, оның ішінде базалық стансаны мон­таждау бойынша 24 тұрғын үй кешенімен келісімшарт жасалып, 13 тұрғын үй кешенінде монтаждау мерзімі аяқ­талды. 5G технологиясын Tele-2 операторы 137 жерде іске қосты. Жыл соңына дейін базалық стансалар үшін 26 антенна-мачталық құрылғы салу қайта жоспарланып, қамту сапасын бақылау үшін қайталама өлшемдер жүргізіліп отырады», деп түсіндірді Б.Мусин.

2027 жылға қарай елімізде интернет мәселесі шешіледі деген жоспар бар. Барлық ауылдық елді мекенге сапалы оптикалық желілер жеткізіледі. Мемлекет жергілікті шағын байланыс операторларын қолдап, оларға инфрақұрылымды дамытуға гранттар да бөлетін болады. Мұндай бағ­дарламалар әлемнің барлық елінде бар. Екі-үш компанияға тәуелді болмас үшін шағын операторлардың ықпалын арттыру өте тиімді. Елде 60-қа жуық шағын оператор жұ­мыс істейді. Ауылдарда 3G және ұялы те­ле­фоннан басқа интернетке қосы­лу­дың басқа мүмкіндігі жоқ екені және рас.

«Біз қазір «Starlink» компаниясымен қанатқақты жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Яғни интернеті өте әлсіз, білім беру жүйесін жаң­ғыр­туға жарамайтын секундына 4 мегабит жылдамдықпен жұмыс істейтін мектептерді таңдаймыз. Заң­намалық шектеулер бар және бұл шектеулер елімізде ғана емес. Қазір барлық мемлекет байланыс саласын реттейтін заңнаманы қайта қарап жатыр. Starlink жаңа байланыс технологиясы болғандықтан, үш жыл байланыс қызметтерін ұсыну үшін жергілікті жерде жабдық орнатып, байланыс желілерімен реттелуі керек еді. Қазір олар тиімділікті арттыру жолдарын іздеп, ғарышта ең жақсы жерсерік байланысын жасады және соған сәйкес қызмет көрсете алатын елдер аумағында жабдық орнату қажет­тігі болмай қалды», деді Бағдат Мусин.

Интернет мәселесі жүйелі жос­пармен шешімін табады деп сене­міз. Оған қоса Б.Мусин отандастар­ды интернет-гигиена сақтауға да шақырды. Ол ай сайын 25 Гб ин­­тернет қолдану шамадан тыс, ар­тық деп есептейді. Цифрлық даму министр­­лігінің Астанада өткен қо­­рытынды жиынында Бағдат Му­синге мобиль­ді операторлардың лимитсіз тариф­ті алып тастауы және максималды түрде 25 Гб беріп, тариф баға­сын қымбаттатқаны туралы сұрақ қойылды. «Тариф бағасын неліктен көтергені туралы жауап бере алмаймын. Бірақ егер 25 гб жетпейтін болса, ол адам шамадан тыс интернет қолданатын шығар. Себебі бұл – өте ауқымды мөлшер. Мен опе­ра­тор­лардың тарифті бұ­лай өзгерткенін қолдамаймын», деп жауап берді министр. Халық та­риф­тің басым бөлігін әлеуметтік желілер мен бейнехостинг­терге пай­даланатынын айтты. Желіні көп пайдаланудың зияны да көп еке­нін ескертті. «Азаматтар ин­тер­нет-гигиенаны сақтауы керек деп есеп­теймін. Оператор тариф­ке бе­рілген ақшаны өзі алып қоймайды. Оны халықаралық трафикке төлейді. Оған қоса трафиктің қауіпсіздігін қам­тамасыз ететін құрылғылардың да жұмысы бар», деді ол.