Технология • 15 Қаңтар, 2024

Қара жұмысқа құлтемір жарап тұр

181 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бір ғасыр бұрын пайда болып, өмірімізге бірте-бірте енген роботтар біз өмір сүріп жатқан заманға әбден еті үйреніп қалғандай. Естіп, көріп жүргеннен кейін біз де оларға үйренісіп, таңырқамайтын болдық. Дегенмен құлтемір өнеркәсібі, құлтемір бизнесі қазақ қоғамына әлі де жат. Көру мен есту – бір бөлек, кәсіпке пайдалану тіптен бөлек. Ал Мұхаммеджан Дүзенов қоғам арасындағы қалып пен қорқынышты бұзып, роботтарды кәсіпке айналдырған. Оның роботтары 3 адам бір жыл істейтін жұмысты жалғыз өзі бір айда атқара алады.

Қара жұмысқа құлтемір жарап тұр

Роботтандырудың басты мақ­саты – қызметкерлердің уақытын үнемдеу. Оның ішіне бизнес-үде­рістердің құнын төмендету, опе­рациялық қателіктерді жою, аналитикалық жұмыс, кәсіби ше­шімдер қабылдау сынды цифр­лық қызметтер кіреді. Осы са­ланың саңлағына айналуды мақсат ететін «Python RPА» компаниясы – Орталық Азиядағы бизнес-міндеттерді автоматтандыруға арналған жалғыз өндіруші. Ком­панияның негізін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ма­лай­зия мультимедия уни­вер­ситетінде оқып келген Мұхам­меджан Дүзенов қалаған. Олар «BI Group», «Отбасы банк», «Air Astana» және «RG Brands» сынды компанияларға робот-ассистенттер әзірлеп береді. Роботтар қай­таланатын бухгалтерлік және HR тапсырмаларды орындауға кө­мектеседі. Осылайша, бизнес тә­уекелдерін азайта түседі. Ро­бот­тың шаршамайтынын, қате­лес­пейтінін ескерсек, компания тіркелмеген келісімшарт немесе салық төлемегені үшін айыппұл алмайтын болады.

2021 жылы Қазақстан және Орталық Азия бойынша IT-ди­ректорлар арасында зерттеу жүр­гізілген болатын. Технологиялық инвестициялар үздік 3 басымдыққа «Үдерісті автоматтандыру және роботтандыруды» кіргізген. Іс жү­зінде барлық компания белгілі бір дәрежеде бизнес-бөлімшелерге боттар, BPMS немесе RPA құрал­дарын енгізуді қалайтынын айт­қан. Солай кейінгі жылдары құл­темірлер бизнес әлеміне ақырын-ақы­рын ене бастады.

Айта кету керек, 2019 жылы біздің ел нарығында RPA технологиясын түсінетін жалғыз компания «Python RPА» еді. Мұхаммеджан Дүзенов АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде RPA технологиялары кеңінен қолданылатын білгеннен кейін, бұл идеяны елге әкелу туралы ойлана бастайды. RPA – Robotic Process Automation дегенді білдіреді. Яғни үдерістерді робот арқылы автоматтандыру. Ро­боттар немесе боттар адам орнына жұмыс істейді әрі бірнеше жүйені біріктіре алады.

«Жолымыз болып, алғаш рет «Gedeon Richter» фармацевтикалық компаниясының робот көмек­ші­леріне қызығып жүргенін кез­дейсоқ біліп қалдық. Оларға тех­нология туралы айтып, келісім­шартқа отырдық. Сөйтіп, «Gedeon Richter» америкалық компанияның серіктесі атанды. Содан бағ­дар­ламалық жасақтаманы сатып, ен­гізе бастады. Сөйтіп, икем­ді авто­маттандыру құралын дамыта бердік. Оның көмегімен ша­ғын бағдарламалар жасалды. Мысалы, оны қолдану үшін бағ­дарламалауды білудің қа­же­ті жоқ. Барлығы оп-оңай. Ро­боттар адам орнына әрекеттерді орындайды: беттерді ашады, файлдарды жүктейді, жібереді», дейді М.Дүзенов.

Басында бұл технология ел­дегі компаниялар арасында танымал бола қоймады. Себебі таң­сық өнімнің құндылығын түсіну – қиын іс. Солай өндірушілер осы жаңашылдықты насихаттай бас­таған. Технология туралы, оның компанияның тиімділігін қа­лай арттыра алатыны туралы көп үгіт жүргізген. Екінші бір мәселесі – бағасында. Орташа ком­паниялардың RPA-ны алуға жағ­дайы келмеген. Мысалы, RPA-ны енгізу қызметкер саны 1500-ден кем бизнесте өзін-өзі ақ­тамаған. Осылайш, олар ел­дегі компанияларға неғұрлым қол­жетімді бағдарламалық жасақтама әзірлеуді қолға алған.

«Бізде үш ұстаным бар. Бірін­шісі – жылдамдыққа назар аудару. Платформада роботтарды оңай әрі жылдам жасауға болады. Ол үшін керемет бағдарламашы болудың қажеті жоқ. Екіншісі – біздің шешіміміз әлдеқайда арзан. Үшіншісі – Python тіліндегі платформа. Бұл клиенттерге өздерінің роботтарын біздің сервермен басқаруға мүмкіндік береді. Ең бас­тысы, бізде тәжірибе бар. Бизнесте роботтарды қалай пайдалануға болатыны туралы 200-ден астам іс жинадық. Ештеңені іздеуге уақыт жұмсаудың қажеті жоқ. Олар­ды мәзірден таңдай аласыз», деп түсіндірді компания басшысы.

Сонымен бұл роботтар қандай тапсырмаларды орындай алады? Өндірушілердің айтуынша, бухгалтерлік есепте, сатып алуда, IT-салада виртуалды көмекшінің қолдауымен үздіксіз қайталанатын әрекеттерді жасайды. Мысалы, бухгалтерияда тоқсан сайын ішкі бухгалтерлік жүйедегі салықтар бойынша деректерді, электронды шот-фактураларды мемлекеттік порталдағы деректермен салыс­тыру қажет. Негізінен бұл жұ­мыс орындалу үшін Excel файлы жүктеліп, мәтін теріліп, салыс­тырылуы керек. Бұл көп уа­қытты қа­жет етеді. Адам қателесіп бір­деңені ұмытып кетуі де мүм­кін. Робот мұны берілген алго­ритм бойынша автоматты түр­де жасайды. Тағы бір мысал келтірейік, еліміздегі жұмыс берушілер сайтында еңбек шарттарын жасау және бұзу туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті. Ол қызмет enbek.kz сайтында 3-5 күн ішінде орын­­далуы шарт. Кадрлар мұны қолмен істейді. Қателесіп, мер­зімін өт­кізіп алуы да мүмкін. Ал ро­бот-көмекші шарттарды адамның қатысуынсыз-ақ тіркейді. Роботтар тауарлардың немесе қыз­­­меттердің түсу құжаттарына элек­тронды шот-фактураларды бай­­л­аныстыра алады, дебиторлық берешек туралы есептер жасай алады, контрагенттерді немесе дебиторлардың сенімділігін тексере алады.

«Роботтар аналитика үшін деректерді жарнамалық кабинеттерден түсіреді. Көбінесе RPA банк­терге енгізіледі. Салыстыруға байланысты көптеген шығын да бар. Біз теміржол компания­ларымен де жұмыс істейміз. Сон­дай-ақ қолданушылар арасында «BI Group» құрылыс компаниясы, «QazCloud» бұлтты инфра­құрылым операторы, «Қос­танай минералдары» бар. Сату циклдері ұзақ, 6-9 ай. Негізгі кедергі – психологиялық кедергі. Отандық бағдарламалық жасақтаманы сатып алу мәдениеті жоқ», дейді Мұхаммеджан.

Дүниежүзілік экономикалық форумның анықтамасына сү­йен­сек, қазір төртінші өнер­кәсіптік революцияны бастан өткізіп жатырмыз. Ол тауар өндірушілерді, дистрибьюторларды, тұтынушыларды бір желіге біріктіре түседі. Қыс­қаша айтқанда, өн­дірісті роботтандыру үдерісі бая­ғыда басталып кетті. Әр жыл сайын ро­­бот­техниканың пайыздық үлесі есе­леніп келеді. Бұл үрдіс біздің елге де табан тірейтіні анық. Тек жолы ашық болуы керек-ақ.