Аймақтар • 16 Қаңтар, 2024

Қаптың аузы әзірге буулы

283 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Павлодар облысының тұрақтандыру қоры қыстың соңғы айлары мен ұзынсары келіп жететін кезеңге азық-түліктің жеткілікті көлемін сақтап отыр. Әлеуметтік маңызға ие азықтың 8 түрі бойынша арзан өнімдер қазір жергілікті нарыққа шығарылды. Ал көкөніс салынған қаптардың аузы тек ақпан айында ғана ашылады деп жоспарланған.

Қаптың аузы әзірге буулы

Өңірлік тұрақтандыру қорында 12 түрлі азық-түліктің 15 мың тоннасы сақталып тұр. Бұл – түптеп келгенде жалпы сомасы 3 млрд теңгенің өнімі. Тұрақтандыру қоры ауыл шаруашылығы өндірушілерімен 6 635,9 тонна картоп, 1 081 тонна сәбіз, 671,3 тонна пияз, 1 300 тонна қырыққабат, 476 тонна күріш жеткізуге форвардтық шарттар жасасқан.

«Павлодар ӘКК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Бек Оразғұловтың айтуынша, облыстың се­рік­тес сауда нүктелерінде арзан азық-түлік жеткілікті. Биыл көкөніс пен картоптың бағасы облыста ерекше арзан болып тұрғаны мәлім. Супермаркеттерде «екінші нанның» келісі тіпті 90-100 теңгеден сатылып жатыр. Осыны ескере келіп, қорда тұрған көкөністерді нарыққа тек ақпан айында ғана шығару ұйғарылған.

– Енді бір айдан соң жергілікті сауда нүктелерінде арзан көкөніс азайып, қоймаларда сақталып тұрған өнімдер жеткізіле бастайды. Бұл уақытта бағаның көтерілуі – заңды құбылыс. Нарықтық жағдайды ескере отырып, ақпан айын­да қордағы көкөністерді әлеуметтік дүкендер мен серіктес сату нүктелеріне жеткізуді бастаймыз. Өңір бойынша мұндай серіктестеріміздің саны – 263, үш қаланы қойып, олар барлық ауданда орналасқан. Жалпы, тұрақтандыру қорынан босатылатын өнімге үстемеақы 10 пайыздан аспауы керек. Бұл бо­йынша арнайы шартта көрсетілген. Жұрт­шы­лыққа ыңғайлы болуы үшін азық-түлік дүкендері мен нүктелердің барлығында қолма-қол ақшасыз төлем қарас­тырылған. Кәсіпкерлерді ынталандыру жағы да ескеріліп, айналым қаражатын толықтыруға жылдығы 3 пайызбен арзан несие ұсынып келеміз. Есесіне олар біздің шарттарымызды орындап, қоймалардан жеткізген азық-түлік пен көкөністерге үстеме бағаны 10 пайыздан асырмай ұстап тұр. Облыс орталығындағы «Jailau» фермерлік нарығында кәсіпкерлермен 23 шарт жасалды. Мұнда «Егістіктен сөреге дейін» қағидаты барынша сақталып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері нарықтағы бағадан 15-20 пайыз арзанға сатылады. Оған қоса аталған базарда ет сататын орындарды көбейттік, – дейді әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өкілі.

Күзден бері аймақта құс жұмырт­қа­сының бағасы да көтеріліп келе жатқаны белгілі. Жұмыртқа бағасын тұрақты ұстап тұру үшін бұрнағы жылы тұрақтандыру қоры 6,5 млн дана жұ­мырт­қа сатып алған. Оның 1,5 млн данасы өткен жылы жергілікті сауда саласындағы кәсіпкерлерге арзан бағада босатылды. Қойма есебінде тұрған 5 млн дана құс жұмыртқасы алдағы жазға дейін жетеді деп болжанып отыр. Әдетте аймақта жұмыртқа бағасы нарықта өнім көбейген уақытта, сәуір-мамыр айларында төмендейтіні мәлім. Қазір өнімнің ондығы (І сұрып) қордан 426 теңгеден босатылса, ал әлеуметтік дүкендерде 468 теңгеден сатылып жатыр.

Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев жұртшылықты әлеуметтік нанмен қамтамасыз ету шаралары да ойдағыдай жүріп жатқанын жеткізді. «Азық-түлік корпорациясы» АҚ 3,8 мың тонна бидай бөліп (тоннасына 90 мың теңге бағамен), жергілікті наубайханалармен нанның бөлкесін 93 теңгеден асырмау туралы меморандумдар жасалған.

Айтып өтейік, өткен жылы Ұлттық статистика бюросы Ертіс-Баян өңіріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік та­уарлары бағасының индексі 2,7 па­йызды құрағанын тіркеді. Әлеуметтік мәнге ие 19 азық-түлік түрі бар болса, соның 15-і бойынша Керекудегі орташа баға республикалық мәннен төмен екені анықталған. Ал І сұрыпты ұн, қарақұмық жармасы, сары май, сүт (2,5%), айран (2,5%), картоп, сәбіз, қырыққабаттың арзандығы жөнінен еліміз бойынша ТОП-5-ке енді. Тек өткен жылдың соңында сиыр еті мен макарон өнімдерінің аздап қымбаттағаны белгілі болды.

 

Павлодар облысы