Жә, бәрін басынан бастайық. Былтыр біздің басылымда «Аманаттың жүгі ауыр» («Egemen Qazaqstan» газеті, 21.06.2023) атты тақырыппен Екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерді іздеп, олардың аты-жөні мен жерленген жерін анықтаумен айналысып жүрген еліміздегі жалғыз ұйым – «Atamnyn аmanaty» қоғамдық бірлестігінің ресми өкілі, әскери журналист Әбубәкір Смайыловтан алған сұхбат жарияланды. Сонда аталған ұйымға осы уақытқа дейін із-түссіз кеткен майдангерлерді іздестіру жөнінде 7 000-нан астам өтініш түсіп және еріктілер тобының еңбегі арқасында 2 200-ге жуық қазақстандық солдаттың жерленген орындары анықталғаны айтылған. Сондай-ақ қанды қырғында қаза тапқан 14 жерлесіміздің сүйегі туған жеріне жеткізіліп, үлкен әскери құрметпен жерленген. Редакцияға қоңырау шалған кейуананы қуантқан мақала осы еді.
– Зейнеткерлікке шыққанға дейін ұстаз болып еңбек еттім. Сондықтан жасым ұлғайса да әлі де газет оқимын, – деп сөзін қайта жалғады әжеміз. – Менің әкем 1941 жылы шілде айында қазіргі Абай облысы, Жарма ауданы, Георгиевка ауылынан әскерге алынған. Біз үйде төрт бала едік. Үш ұл, бір қыз. Әкем соғысқа кеткенде үлкеніміз 10-да, кішіміз бесікте жатқан. Мен алты жаста едім. Әлі мектепке де барған жоқпын. Әкемнің бейнесі әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Ұзын бойлы еді. Туыстарым мені әкеме тартқан деп айтады. Әскерге кетіп бара жатқан сәтін де ұмытқан жоқпын. Арқасына асып алған дорбаны арқалап үйден шығып бара жатты. Біз шулап жылап жатырмыз. Сол кезде әкем бәріміздің басымыздан сипап, бесіктегі кішкентай бауырымның бетінен сүйді. Анам үй шаруасындағы адам еді. Әкем кетіп бара жатқанда: «Енді сен жұмысқа шық. Балалар ашығып қалмасын» дегені есімде. Содан анам жұмысқа шықты. Таңнан кешке дейін ұжымшарда еңбек етті. Қыз бала болғаннан кейін бе, жас күнімнен пысық болдым. Үйдегі жас бауырларыма қарадым. Балалық шағымыз қызыққа толы болды дей алмаймын. Талай қиыншылықты көрдік. Қазір соны көрген түс секілді сезінемін. Майданға барғаннан кейін әкемнен екі-үш рет хат келді. Одан кейін хат та сап тиылды. Содан бері қаншама жыл өтті. Биыл сұм соғыстың аяқталғанына 79 жыл болады. Бірқатар архивке де сұрау салып, хат жаздым. Олардан да еш дерек болмады, – деді дауысы дірілдеп.
Ол кісінің айтуынша, әкесінің есімі – Жұматай Наурызбаев. Негізі Павлодар облысының тумасы. 1909 жылы өмірге келген. Сол замандағы көзі ашық, оқыған зиялы азаматтардың бірі болған. Мектеп директоры болып істеген. Осы қызметінен әскерге шақырылған.
«1995 жылы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында бір деректің ұшы шығып қала ма деп әкемнің соғысқа аттанған жері – бұрынғы Семей (Қазіргі Абай) облысы Жарма ауданының әскери комиссариатына хат жаздым. Олардан көп ұзамай жауап келді. Онда: «Сіздің әкеңіз Наурызбаев Жұматай 1941 жылы 28 шілдеде Жарма аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Бұдан басқа дерек жоқ. Жарма аудандық әскери комиссары, подполковник Қынышбаев. 17.05.1995» деп жазылған. Әзірше қолымдағы жалғыз құжат осы. Ол кісінің туған жері Павлодар облыстық архивіне де хат жолдадым. Балаларым Ресейдегі «Мемориал» электронды мұрағатынан да іздестірді. Әкеммен соғыста бірге болғандар бар шығар деп газет-журналға да жаздым. Ешқандай дерек жоқ. Биыл жасым 90-ға келеді. Әлі күнге дейін әкемді іздеп, бір жағымды жаңалық бола ма деп елеңдеймін», деді.
Айтпақшы, әжеміздің әкесі Жұматай Наурызбаев пен қазақтан шыққан тұңғыш кадрлық офицер Әбілқайыр Баймолдин немере ағайын болып келеді. Екеуі де Павлодар облысының Аққулы ауданында туған. Ә.Баймолдин Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметова және атақты мерген, Халық қаһарманы Ыбырайым Сүлейменовпен бірге жауға қарсы соғысқан. Ол басқарған полк фашистерден 80 елді мекенді азат еткен. Майдандағы ерен ерлігі үшін даңқты офицер қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Бірақ түрлі себеппен бұл атақ берілмеген. Ардақты тұлғаның ерлігі, азаматтығы туралы онымен соғыста бірге болған майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов өз естеліктерінде жан-жақты қамтып жазған.
Қазиза әжеміз жақында тағы хабарласты. «Atamnyn аmanaty» қоғамдық ұйымы ол кісіден әкесі туралы қажетті мәліметті сұратып алып, іздестіріп жатқан көрінеді. Енді тоқсандағы әжеміздің әкесінің дерегін іздеген тілегі орындалса дейміз.